Қазақстандағы ең дәулетті 25 әйелдің тізімі шықты - kaz.caravan.kz
  • $ 473.13
  • 554.08
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
10 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы ең дәулетті 25 әйелдің тізімі шықты

Қазақстандағы ең дәулетті 25 әйелдің тізімі шықты

Тізімдегілердің жалпы байлығы 8,1 млрд долларға бағаланды.

  • 10 Сәуiр
  • 6
Фото: Caravan.kz

Forbes Woman Kazakhstan журналы еліміздің экономикасындағы әйел кәсіпкерлердің үлесін зерттеп, ең бай 25 бизнесвуменнің тізімін жариялады. Рейтингке енген қатысушылардың жалпы байлығы 8,1 млрд долларға бағаланды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Зерттеуге сүйенсек, әйелдер капиталының 85–90 пайызы отбасылық немесе серіктестік құрылымдармен тығыз байланысты. Атап айтқанда, бұл активтер мұрагерлік, неке немесе ірі бизнес-топтардағы үлес арқылы қалыптасқан.

Рейтингтің негізгі көрсеткіштері:

  • Байлықтың орташа көлемі 324 млн доллар.
  • Тізімге енгендердің орташа жасы — 54 жас.
  • Капиталдың негізгі бөлігі, яғни 87 пайызы алғашқы бестіктің қолында шоғырланған.

Ең бай бизнесвумендер тізімі:

Динара Құлыбаева – 5,4 млрд доллар. Диверсификацияланған бизнес, Halyk Bank пен Mercury Properties иесі.

Мұқадасхан Ибрагимова – 650 млн доллар. Eurasian Resources Group тобының үлескері.

Дариға Назарбаева – 550 млн доллар. Медиа активтер мен жарнама бизнесінің иесі.

Анжела Сәрсенова – 249 млн доллар. Helios ЖЖС желісі мен коммерциялық жылжымайтын мүлік активтерін басқарады.

Айжан Есім – 207 млн доллар. Капитал негізі Казфосфат компаниясының сатылымынан және тамақ өнеркәсібінен құралған.

Айдан Сүлейменова – 175 млн доллар. Астана мен Атыраудағы ірі сауда орталықтары мен Viled тобының иесі.

Қаншайым және Жанна Сейтжановалар – 84 млн доллар. Мұнай, цемент және құрылыс саласындағы активтерге иелік етеді.

Алена Сүлейменова – 73 млн доллар. Viled тобы мен люкс ретейл саласындағы бизнес серіктес.

Гаухар Қаппарова – 65 млн доллар. Lancaster Group құрамындағы мұнай сервисі мен сән индустриясындағы үлестері бар.

Гүлнар Досаева – 61 млн доллар. Lancaster Group тобының акционері, тау-кен және білім беру салаларында активтері бар.

Орта және шағын сегменттегі бағыттар

Рейтингтің келесі бөлігінде қаржы және қызмет көрсету саласының өкілдері тұр. Мәселен, Ирина Козлова мен Александра Соколова 52 млн доллар байлығымен «Бірінші Ломбард» желісін басқарса, Наталья Акентьева 36 млн доллармен Bank RBK акционерлері қатарына енген. Ретейл мен люкс сегментінде Гаухар Абықаева 30 млн доллар және Жанна Кан 28 млн доллар көрсеткішімен тізімді қорытындылады.

Өндіріс саласында Любовь Дружининаның «Деп» сүт өнімдері компаниясы 50 млн долларға, ал Амина Ажмағанбетованың «Қайнар-АКБ» зауытындағы үлесі 31 млн долларға бағаланды. Білім саласында Элеонора Баталова «Алматыкітап» баспасымен 44 млн долларлық активке иелік етіп отыр.