Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Садыр Жапаров жеделхатында Мұхтар Шахановты қазақ пен қырғызға ортақ тұлға ретінде атап өтіп, оның қырғыз халқына да қадірлі азамат болғанын жеткізді.
«Мұхтар аға тек бауырлас қазақ елінің ғана емес, қырғыз халқының да ардақты ағасы, рухани тірегі еді. Оның өмірден озуы – тұтас түркі әлемі үшін ауыр қайғы», – деді Қырғызстан басшысы.
Сондай-ақ ол Мұхтар Шахановтың әділдік жолындағы күресін, ел тағдырына бейжай қарамаған қайраткерлік болмысын ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, ақынның азаматтық үні мен шығармашылығы екі халықтың бауырластығын нығайтуға зор үлес қосты.
Садыр Жапаров қазақ халқына, марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтып, сабыр мен күш-қайрат тіледі.