СҚО-ға Қытайдан дәнді дақылдардың 30-дан астам сұрыпы жеткізілді - kaz.caravan.kz
  • $ 469.49
  • 552.59
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
СҚО-ға Қытайдан дәнді дақылдардың 30-дан астам сұрыпы жеткізілді

СҚО-ға Қытайдан дәнді дақылдардың 30-дан астам сұрыпы жеткізілді

Солтүстік Қазақстан облысында аграрлық саладағы ірі халықаралық жобалардың бірі жүзеге асып жатыр, нәтижесінде заманауи аграрлық-ғылыми кешен пайда болмақ

  • 21 Сәуiр
  • 4
Фото: Kozybayev University

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Былтыр Kozybayev University Қытай Халық Республикасының Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобымен бірлесіп, Қызылжар ауданында Қазақстан-Қытай агротехнологиялар және экспортты дамыту технопаркін құру жобасын бастады.

Kozybayev University баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жоба аясында қытайлық серіктес корпорацияның делегациясы келді. Компания өкілдері облыс басшылығымен кездесіп, университетке барып, атқарылған жұмысты қорытындылады және алдағы жоспарларды айқындады. Сонымен қатар, сорттарды зерттеу және селекциялау бойынша ғылыми жұмыстардың жоспары нақтыланып, болашақ демонстрациялық парктің құрылымдық жобасы әзірленіп, тіркеу рәсімдері жүргізіліп жатыр. Шетелдік мамандар өздерімен Қытайдан бидай, жүгері және сояның 32 сортын, жалпы салмағы 177 кг дәнді дақылдарды әкелді. 

-СҚО әкімдігінің қолдауының арқасында университетпен бірлескен жұмыс жүйелі түрде жолға қойылған. Қытай тарапынан Хэнань провинциясындағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарымен келісімдер жасалып, Қазақстанға бидайдың 12, жүгерінің 18 және сояның 2 сорты жеткізілген. Алдағы кезеңде демонстрациялық паркке арналған жер телімін зерделеп, жергілікті мамандармен бірлескен жұмыс жоспарын нақтылау көзделіп отыр, — дейді Henan Nongtou International Investment Co., Ltd бас директоры Тянь Цзяньвэй.

Болашақ демонстрациялық парк жалпы құрылыс аумағы шамамен 35 мың шаршы метрді алатын заманауи аграрлық-ғылыми кешен ретінде жоспарланған. Оның құрамына зертханалар, жылыжай кешендері, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу нысандары, қойма және логистикалық инфрақұрылым, әкімшілік ғимараттар мен жатақханалар кіреді.

Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобы «егістіктен дастарханға дейін» қағидаты бойынша жұмыс істейтін толық циклді мемлекеттік компания. Ол астық сатып алу, сүт және ет өнімдерін өңдеу, логистикалық тізбектерді дамыту, сапаны бақылау, заманауи агротехнологияларды енгізу, сондай-ақ экспорт-импорт операцияларын атқарады.

Қазақстандағы технопарк жобасына 10 млн АҚШ доллары шамасында инвестиция құймақ. 
Жобаның өңір үшін стратегиялық маңызы зор. Ол тікелей шетелдік инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндірістік кластерлер қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Әсіресе тұқым шаруашылығын дамытуға, заманауи агротехнологияларды енгізуге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және жылыжай шаруашылығын кеңейтуге жағдай жасамақ. Сонымен қатар, Қытай нарығына тұрақты экспорттық арнаның қалыптасуы солтүстікқазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Университет өкілдерінің айтуынша, экономикалық тиімділіктен бөлек, бұл жоба университеттің ғылыми-білім беру әлеуетін күшейтіп, фермерлер, студенттер мен агроөнеркәсіп саласының мамандары үшін заманауи тәжірибелік алаң қалыптаспақ. Болашақта технопарк өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына серпін беретін жетекші күштің біріне айналып, халықаралық агротехнологиялық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады.