1 шілдеден бастап несие алу қиындайды  - kaz.caravan.kz
  • $ 464.86
  • 544.03
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
1 шілдеден бастап несие алу қиындайды 

1 шілдеден бастап несие алу қиындайды 

Жаңа талаптар нені өзгертеді?

  • 26 Сәуiр
  • 10
Фото: Caravan.kz

1 шілдеден бастап несие алу немесе бөліп төлеу қиындай түсуі мүмкін. Ұлттық банк қарыз беру ережелеріне өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Енді банктер өтінімді мақұлдамас бұрын тек қарыз жүктемесі коэффициентін ғана емес, сонымен қатар қарыздың табысқа қатынасын да есепке алады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Информбюро-ға сілетеме жасап.

Ұлттық банкте бұл шара халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алуға көмектеседі деп үміттенеді. 

Жаңа көрсеткіш: қарыздың табысқа қатынасы

Ұлттық банк жаңа макроэкономикалық құрал «қарыздың табысқа қатынасы» коэффициентін енгізуді көздеп отыр. Қазіргі уақытта бұл тетік екінші деңгейлі банктермен және қаржы нарығының кәсіби қатысушыларымен талқылануда.

Аталған коэффициент клиенттің жалпы қаржылық профиліне де, сондай-ақ қарыз түрлеріне қарай да қолданылуы мүмкін. Атап айтқанда:

  • кепілсіз несиелер
  • тұрғын үй ипотекалары
  • автонесиелер

Ұлттық банктің ұстанымы

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл өзгерістердің басты мақсаты тұтынушылық несиелерді тоқтату емес.

«Несиелер саны азайды, бұл жақсы, өйткені бизнесті дамытуға берілетін несиелер саны артты. Азаматтар табысына қарай өмір сүре бастады. Біздің мақсат тұтынушылық несиелерді шектеу емес, сондықтан енгізу мерзімі әлі қаралуда. Соңғы шешім қабылданған жоқ», — деді ол.

Нарықты «салқындату» шаралары

Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, несие нарығын тұрақтандыруға бағытталған шараларды жүзеге асырып жатыр.

Агенттік келесі шектеулерді енгізді:

  • кепілсіз тұтынушылық несиелердің ең жоғары сомасы — 9,5 млн теңге
  • кепілсіз микронесиелер — шамамен 4,8 млн теңге
  • 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кепілсіз несие беруге тыйым салынды

Сарапшылар пікірі: кімдер қиындыққа тап болады

Экономистер бұл өзгерістердің кері әсері де болуы мүмкін екенін айтады. Әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және шағын және орта бизнес өкілдері үшін қиындықтар туындауы ықтимал.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысы әрдайым ресми түрде растала бермейді. Шағын және орта бизнесте де дәл солай. Егер осы мәселе ескерілсе, онда мұндай өзгерістер орынды болар еді», — дейді қаржы кеңесшісі Арман Байғанов. 

Ал экономист Ануар Нұртазин бұл бастаманың астарында басқа да факторлар барын айтады. 

«Мұны халыққа қаржылық қамқорлық ретінде ұсынады, яғни қарыз тұзағынан қорғайды дейді. Бірақ қарапайым тілмен айтқанда, енді несиені бәріне емес, банк үшін “ыңғайлы”, яғни табысы жоғары адамдарға ғана береді».

Кім ұтады, кім ұтылады

Ұлттық банк енгізілетін шаралар орынды деп санайды. Жаңа коэффициенттер арқылы банктер қарыз алушының төлем қабілетін нақтырақ бағалай алады. Бұл өз кезегінде азаматтарды шамадан тыс қарыздан қорғауға көмектеседі.

Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістердің екінші жағы да бар, уақытша қаржылық қиындыққа тап болған азаматтар үшін несие алу бұрынғыдан да қиындай түсуі мүмкін.