"Бұл дертке "Қазақстан дауысы" жобасын жеңгеннен кейін жолықтым": Танымал әнші 9 жыл бойы құмар ойын ойнағанын айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 464.86
  • 544.03
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Бұл дертке "Қазақстан дауысы" жобасын жеңгеннен кейін жолықтым": Танымал әнші 9 жыл бойы құмар ойын ойнағанын айтты

"Бұл дертке "Қазақстан дауысы" жобасын жеңгеннен кейін жолықтым": Танымал әнші 9 жыл бойы құмар ойын ойнағанын айтты

Танымал әнші, "Қазақстан дауысы" жобасының жеңімпазы Шахаризат Сейдахмет 9 жыл құмар ойын ойнағанын айтты.

  • 27 Сәуiр
  • 15
Фото: Видеодан скриншот

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол Аман Тасығанға берген сұхбатында құмар ойынға қалай келгенін айтып берді

«Бұл — дерт. Қазіргі таңда ойынға келгенге дейінгі өмірлік көзқарасым қандай болды, оған не алып барды дегенді зерттеп жатырмын. Біріншіден, тәкәппарлықтан, менсінбеушіліктен, өркөкіректіктен пайда болған дерт. Өйткені, бұл дертке «Қазақстан дауысы» жобасын жеңгеннен кейін жолықтым. Оған дейінгі өміріме көз салып қарасам, менде тәуелділіктің белгілері болған. Оның түрлері көп. Дертке дейін жақсы энергиямның бәрін жобаны жеңу жолына, отбасы құру, пәтер алу жолына жұмсағам. Жобаны жеңген соң тәкәппарлық қосылып, айналаны тыңдамай, жеке изоляцияға өтіп кеттім. Қошеметке тоймағаннан кейін дофаминдер басқа бірдеңелер іздеген сияқты. Дұрыс емес ортаның кесірінен де жолыққам. Бірақ, қанша жерден ортаны кінәләсам да бейсанамда тоқтаулар болу керек қой. Жалпы тоқтауы жоқ адам болмағанмын. Бала кезімнен асық ойнасам да тоқтауым болмаған. Игроманиялық қабілеттің бірі, мен жеңілгенді ұнатпаймын. «Мен жеңемін» деген түсінігімді құмар ойынға салып соны жеңемін деп ойлағам. Басында қызық болды, ол әдетке, кейін қажеттілікке, тәуелділікке айналды. Ең бірінші рет ойнап жүрген танысымды көруге, оны құтқаруға барып, өзім қалып қойдым. Ол қойып кетті, мен қалып қойдым», — дейді ол.

Сондай-ақ, ол арнайы орталықта ем алғанын да жасырмады.

«Қазіргі таңда маған тойға, сахнаға шығуға, үлкен шешімдер қабылдауға болмайды. Өйткені, оған эмоционалдық жағдайым дайын емес. Тағы да кетіп қаламын. Аз нәрсеге қызығып, көп нәрседен айырылғым келмейді. Несін жасырайын, 90 мың теңге жалақым бар. Оңалту орталығында 4 ай жаттым. Одан кейін «емнен кейін» деген бағдарлама бар. Жабық мекемеден сыртқа шығасың. Тағы да арнайы тапсырмалар тапсырдым. 2 айдан кейін сол жерге маман ретінде аттестациядан өттім. Қазіргі таңда екі күн тәуелді адамдармен жұмыс істеймін. Қазір таза болып жүргеніме 8 ай болды», — дейді ол.

Айта кетейік, Шахаризат Сейдахмет — «Қазақстан дауысы» жобасының 2014 жылғы алғашқы жеңімпазы. Ол Нұрлан Албанның тобында өнер көрсетіп, 5 000 000 теңге иегері атанған әнші.