Елімізде азаматтардың жеке деректерін заңсыз сату әрекеттері әшкереленді, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Арнайы операция Астана мен Алматы қалаларында ҰҚК тарапынан жүргізілген. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қылмыстық іс фигуранттары азаматтардың жеке деректерін заңсыз жолмен алып, оны интернет арқылы сатып отырған.



Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, сатып алушылар қатарында микрофинанстық ұйымдар мен коллекторлық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ жеке тұлғалар болған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу басталды.
«Тінту барысында құқық қорғау органдары компьютерлік техника, электронды ақпарат тасымалдағыштар, ірі көлемдегі ақша қаражаты және өзге де заттай дәлелдемелерді тәркіледі», — деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 147, 208 және 210-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Бұған дейін 16 миллионнан астам адамның жеке деректері тарап кеткені туралы айтылған еді. Бұл туралы киберқауіпсіздік мәселелеріне маманданған SecuriXy.kz Telegram-арнасы мәлімдеген.