Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің мектептегі кабинет жөндеуіне өз қалтасынан ақша шығаруға міндетті еместігін мәлімдеді.
Үкіметтегі брифингте редакцимыз министрден мұғалімдердің жазғы демалыстан кейін мектептегі жөндеу жұмыстарына қаржы жинауға мәжбүр болатыны туралы шағымдарға қатысты сұрақ қойды.
Министр бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіретінін түсіндірді.
Кез келген әкімдік жыл сайын ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет ететін мектептердің тізімін жасайды. Ол тізім үш жылдық бюджетке енгізіледі. Соның негізінде республикалық бюджеттен трансферттер арқылы қаржы бөлінеді, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр әлеуметтік желілерде осындай шағымдар кездескенін, алайда жүргізілген тексерулер барысында олардың расталмағанын айтты.
Сонымен қатар ол мұғалімдердің мектеп жөндеуіне ақша жинауы заңға қайшы екенін нақты атап өтті.
Осы эфирді пайдалана отырып айтқым келеді: ешқандай ұстаз өзінің жеке қалтасынан мектептегі ағымдағы немесе күрделі жөндеуге қаржы бөлуге міндетті емес. Бұл – заңға қайшы, – деді министр.
Оның сөзінше, бұл талап тек мұғалімдерге ғана емес, техникалық қызметкерлерге де қатысты.
Министр мектептерді жөндеуге арналған арнайы бюджет қаражаты аудандық, облыстық және қалалық деңгейде қарастырылатынын айтты.
Бұл жұмыстарға арналған бюджет бар. Ең бастысы – сол қаражаттың ашық әрі тиімді жұмсалуын бақылау, – деді ведомство басшысы.
Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдер мұндай жағдайларға тап болса, министрлікке әлеуметтік желілер немесе ресми өтініштер арқылы хабарласа алатынын жеткізді.
Көптеген мұғалім аты-жөнін көрсетпеуді сұрап жатады. Бірақ біз бәрібір мектептің, ауданның немесе ауылдың атауы арқылы зерделеу жұмыстарын жүргіземіз, – деді министр.