«Қауіп аймағында 500 мың жұмысшы»: Өндірістегі қайғылы жағдайлар қашан азаяды? - kaz.caravan.kz
  • $ 493.15
  • 574.17
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
3 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Қауіп аймағында 500 мың жұмысшы»: Өндірістегі қайғылы жағдайлар қашан азаяды?

«Қауіп аймағында 500 мың жұмысшы»: Өндірістегі қайғылы жағдайлар қашан азаяды?

Қазақстанда күн сайын жүздеген мың адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайда еңбек етеді.

  • 3 Маусым
  • 64
Фото: ТЖМ

Ресми мәліметтерге сәйкес, елде шамамен 500 мыңға жуық адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Олардың қатарында жер астында кен өндіретін шахтерлер, металлургтер, құрылысшылар, мұнайшылар және түрлі өндіріс орындарының қызметкерлері бар. Еңбек қауіпсіздігі саласындағы көрсеткіштер жақсарған, десе де өндірістегі ірі апаттар мен адам шығыны бұл мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр. Caravan.kz медиа порталының тілшісі статистиканы саралап, үкіметте қабылданып жатқан шараларға шолу жасайды.

Қауіпті өндірістер әлі де көп

Өндірістегі қауіпсіздік мәселесі Үкіметтің кезекті отырысында қаралды. Жиынға еліміздегі ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары шақырылды. Бұған соңғы уақытта өндіріс орындарында болған қайғылы оқиғалар себеп болды. 

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы бес айында бақылаудағы өндірістік нысандарда 43 төтенше жағдай мен 13 ірі апат тіркелген.

Министрдің мәліметінше, Өскемендегі «Қазмырыш» кәсіпорнындағы жарылыс технологиялық процестің бұзылуынан болуы мүмкін. Ал «Востокцветмет» шахтасындағы аварияға тау-кен жұмыстарын жүргізу талаптарының бұзылуы және өндірісті ұйымдастырудағы кемшіліктер себеп болуы ықтимал.

Статистика жақсарғанымен, мәселе толық шешілген жоқ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, 2025 жылы өндірісте 1345 жазатайым оқиға тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға аз.

Қаза тапқан жұмысшылар саны да төмендеген. Егер 2024 жылы өндірісте 202 адам көз жұмса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 188 адамды құрады. Яғни өлім жағдайлары 7,9 пайызға азайған.

Соған қарамастан, қайғылы оқиғалар әлі де жиі кездеседі. Ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінде тіркелген – 16 пайыз. Құрылыс саласының үлесі 10 пайыз болса, мұнай-газ секторында бұл көрсеткіш 5 пайызды құрайды.

Бүгінде мемлекеттік мониторингпен 98 400 кәсіпорын қамтылған. Бағалау нәтижесінде 2300 кәсіпорын жоғары тәуекел тобына енгізіліп, ерекше бақылауға алынған. Тағы 3200 кәсіпорын орташа тәуекел санатына жатқызылған.

Қайғылы сабақтар

Соңғы уақытта болған ірі өндірістік апаттар еңбек қауіпсіздігі мәселесінің жүйелі сипат алғанын көрсетті.

2023 жылғы 28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауыр өндірістік апаттардың бірі болды. Үкіметтік комиссия жүргізген тексеру барысында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды. Кейін мемлекет бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының активтерін жаңа басқаруға беру туралы шешім қабылдады.

2024 жылдың қаңтарында Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» кенішінде құтқарушылар отырған автобус жер астына опырылып түсті. Апат салдарынан төрт адам қаза тапты. Тергеу барысында кәсіпорындағы қауіпсіздік жүйесіне қатысты көптеген сұрақ туындады, ал кейін сот кәсіпорынның жауапкершілігін қарады.

«Қазақмыс» компаниясында кейінгі 15 жылда өлімге әкеп соққан апаттар саны көбейген. Статистикаға сенсек, 2010 жылдан бері күні бүгінге дейін объектілерде 64 адам қаза тапқан. 

Ал биыл мамыр айында Өскемендегі «Қазмырыш» кәсіпорнында болған жарылыс үш адамның өмірін қиды. Үкімет отырысында дәл осы оқиғаға ерекше назар аударылып, жауапты органдарға тергеуді толық аяқтап, кінәлі тұлғаларды анықтау тапсырылды.

Жарақаттарды жасыру фактілері азаймай тұр

Мемлекеттік органдарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – өндірістік жарақаттарды жасыру.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, мұндай фактілер ең көп Атырау облысында анықталған. Мұнда 10 жағдай тіркелген. Астана қаласында – 7, Ақмола облысында – 6 жағдай анықталған.

Сарапшылардың пікірінше, жазатайым оқиғаларды жасыру өндірістегі нақты ахуалды бағалауға кедергі келтіреді және қауіпсіздік саласындағы түйткілдердің уақытында шешілуіне мүмкіндік бермейді.

Енді басшылар да жауап береді

Үкімет өндірістегі қауіпсіздікке қатысты талаптарды күшейтпек.

Премьер-министр Олжас Бектенов кәсіпорын басшылары жұмысшылардың өмірі мен денсаулығы үшін жеке жауап беруі тиіс екенін мәлімдеді. Оның тапсырмасы бойынша Еңбек министрлігі өндірістік жарақаттану көрсеткіштері бойынша барлық ірі кәсіпорын басшыларына арналған KPI жүйесін енгізуі керек.

Егер қауіпсіздік көрсеткіштері орындалмаса, бұл басшылардың сыйақысына ғана емес, олардың қызметте қалуына да тікелей әсер етуі мүмкін.

Премьер-министрдің айтуынша, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету жұмыс берушінің басты міндеттерінің бірі болуы тиіс. Себебі адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ.