Жасанды жаңбырдың салдары ма? Оңтүстікте өнім неге шіріп жатыр? - kaz.caravan.kz
  • $ 493.15
  • 574.17
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
3 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жасанды жаңбырдың салдары ма? Оңтүстікте өнім неге шіріп жатыр?

Жасанды жаңбырдың салдары ма? Оңтүстікте өнім неге шіріп жатыр?

Түркістан облысында диқандар ауыр жағдайға тап болды. Қауын егіп, табыс табамыз деген шаруалар биыл керісінше үлкен шығынға ұшырап отыр. Егістіктегі өнім шіріп, сатуға жарамсыз күйге түскен.

  • 3 Маусым
  • 26
видеодан алынған скрин

Диқандардың айтуынша, жасанды жаңбырдан кейін егін алқабындағы қауындар шіріп кеткен. Бұл қаншалықты рас? Жаңа бастама қандай мақсатта қолға алынған? Толығырақ Сaravan.kz медиа порталы тілшісі анықтап көрді.

Жетісай мен Мақтаарал аудандарындағы шаруалар бірнеше айлық еңбектің зая кеткенін айтып, дабыл қағуда. Олардың сөзінше, биылғы маусымда қауын дер кезінде жиналмай, толассыз жауған жауын салдарынан алқапта бұзылып кеткен.

Бұған дейін шаруалар өнімді 10-15 күн ішінде жинап үлгеретін. Алайда соңғы күндердегі нөсер жаңбыр егістікке айтарлықтай зиян келтірген. Кей алқаптарда қауын мүлде шіріп кеткен.

Алайда шаруалар бұл жағдайды тек табиғи құбылыс ретінде ғана қабылдап отырған жоқ. Соңғы айларда өңірде «жасанды жаңбыр» технологиясына қатысты бастамалар туралы ақпарат кең тарады. Бұл жоба Қазақстанда су тапшылығын азайту мақсатында жауын-шашынды қолдан көбейтуге бағытталған.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл мәселе Қазақстан Президенті мен Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым басшылығы арасындағы кездесуде де көтерілген. Аталған бастама туралы Ақорда хабарлаған еді.

Жоба Түркістан облысында Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорология орталығымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты су қоймаларын толтыру деңгейін арттыру және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету.

Алғашқы деректерге сәйкес, технологияның толыққанды іске қосылуы 2026 жылдың 17 мамырынан басталған. Жоба Түркістан облысындағы 911 мың гектар егістік жерді қамтиды. Жұмыстар барысында тұзды реагенттер қолданылып, жауын шақыру технологиясы жүзеге асырылады. Мамандар бұл жобаның жылдық экономикалық тиімділігін 35 миллиард теңгеге дейін бағалап отыр.

Дегенмен дәл осы кезеңде өңірде жауынның жиілеп кетуі шаруалар арасында түрлі сұрақ туындатты. Олар егістіктегі шығынды осы құбылыспен байланыстырып, нақты себепке алаңдаушылық білдіруде.

Диқан Бақтияр Түлбасовтың айтуынша, жағдай бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.

«Тамыры шіріп жатыр. Бұл енді қайта қалпына келмейді. Жылда мұндай жаңбыр болмайтын еді. Биыл жаңбыр тым көп. Уақытында жаумады. Көктемде жаууы керек еді, енді тоқтамай жауып жатыр», — дейді ол.

Шаруалар егінді ерте бастан-ақ үлкен тәуекелмен өсіретінін айтады. Қыста дән себіліп, жылыжайда бапталып, көктемде далаға шығарылған өнім жаз бойы күтіммен өсіріледі. Бұл жұмысқа несие алып, барлық шығынды соған артып отырған диқандар енді қарызын қалай өтейтінін білмей отыр.

Тағы бір шаруа Серік Тұяқбай биылғы жағдайды «шығын жылы» деп сипаттайды.

«Қаншама еңбек, қаншама тер кетті. Қазір тек шығынды ақтаудың өзі жеңіс болып тұр. Биыл мол өнім болады деген үміт аз», — дейді ол.

Диқандар тек қауын емес, жоңышқа да зардап шеккенін айтады. Шөп орылғаннан кейін бірнеше күнде кебуі керек еді, алайда жауынның салдарынан ылғал тартып, шіріп кеткен. Соның кесірінен өнімді престеу мүмкін болмай қалған.

Шаруалар мұндай жағдайды бұрын-соңды көрмегенін айтып, мемлекет тарапынан қолдау қажет екенін жеткізуде. Әйтпесе Жетісай мен Мақтааралдағы шаруалардың бір бөлігі үлкен шығынға ұшырап, қарызға батып қалу қаупі бар.

Диқан Нұрахмет Мұса бұл жағдайдың себебі туралы нақты жауап жоқ екенін айтады.

«Ғылыми институт мамандары келді. Олар да нақты себеп айта алмады. “Болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін” дейді. Біз өзіміз жасанды жаңбырдан болуы мүмкін деп күдіктеніп отырмыз», — дейді ол.

Ал ресми мамандар болса, өңірдегі жауын-шашынды табиғи құбылыспен, яғни циклонмен байланыстырып отыр. Олардың айтуынша, жасанды жаңбыр туралы болжам расталмаған.