“50% бедеулік еркектен”: Андролог-уролог бедеулікке шалдыққан ерлердің көбейгенін айтып, дабыл қақты - kaz.caravan.kz
  • $ 489.31
  • 568.33
+25 °C
Алматы
2026 Жыл
4 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“50% бедеулік еркектен”: Андролог-уролог бедеулікке шалдыққан ерлердің көбейгенін айтып, дабыл қақты

“50% бедеулік еркектен”: Андролог-уролог бедеулікке шалдыққан ерлердің көбейгенін айтып, дабыл қақты

Андролог-уролог Нұрлан Мұқанов ерлер арасында бедеулік диагнозының көбейгенін айтты.

  • 4 Маусым
  • 319
Фото: Видеодан скриншот

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол “Narikbi live” подкастына берген сұхбатында қазіргі статистика бойынша 50% жағдайда бедеулік диагнозы ерлерге қойылып жатқанын мәлімдеді.

”Бізде еркектер “жыныстық қатынасқа түсіп тұрсам, менде барлығы жақсы” деп ойлайды. Бірақ, сенің ұрығың ұрық емес, су болса, одан әйел көтере алмайды. Ондайлар да бар. Тәжірибемде 4 әйел жіберген еркек болған. Оның өзі және туыстары келінді кінәлап, әйелді жібере берген. Бірақ еркекті тексерсем, ешқандай ұрығы жоқ. Қарапайым су ғана, тек өзі мойындағысы келмейді. Мұндай жағдайлар көп. Ол өзіне жауапкершілік алып тексерілген еркек. Ал ауылдық жерлерде дәрігерге қаралмай жүрген қаншама отбасы бар. Өкінішке орай, қазір статистика бойынша 50% бедеулік еркектен. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылар үйленгеннен кейін 1 жыл балалы бола алмаса, оларға бедеулік диагноз қойылады. Ол жағдайда әйелді репродуктолог-гинеколог, ал еркекті уролог-андролог тексеру керек. Жігіттерге айтарым, мүмкін дәрігерге баруға ұялсаң, қорықсаң немесе ақшаң болмаса, ең болмағанда ұрығыңды тексерт. Осыдан 15 жыл бұрын жас маман болып бастағынымда 5-6 айда бедеулікке шалдыққан бір еркекті кездестіретінмін. Қазір күніне бедеулікке шалдыққан 3-4 еркек келеді”, — дейді дәрігер.

Сондай-ақ, ол ата-аналарға да үндеу жасады.

“Ата-аналардың құлағына алтын сырға, балалық шақтан жасөспірімдік кезеңге өткен кезде тестостерон гармоны бөліне бастайды. Ол 13-14 жас. Сол кезде ата-анасы баланы міндетті түрде андролог-урологқа апару керек. Баласы ұялса, ең болмағанда эндокринологқа тексерткен дұрыс. Ер адамдарда болатын 5 жыныс гармонын тексертіп, жұмыртқаға ультрадыбыстық зерттеу жасау керек. Бұл кезеңде жасөспірім баланың жұмыртқасы өсе бастайды және жыныстық жетілу пайда болады. Көп жағдайда ата-аналар осы кезеңді өткізіп алады”, — дейді ол.