Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Спортшы Instagram желісіндегі парақшасында рингке қайта оралуға дайындалып жатқанын айтты.
«Дайындық қызу өтіп жатыр! Бұйыртса рингке басқаша болып оралып, бұрынғыша әлемді әлі талай дүр сілкіндіреміз! Көк туды желбіретіп, абыройды асқақтатамыз!», — деп жазды ол.
Сондай-ақ, Әлімханұлы Instagram желісіндегі парақшасында отандасымыз, танымал кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбетпен өткен жаттығу жекпе-жегінен кадрлар жариялаған.
Өз кезегінде Бек Нұрмағанбет те бұл спаррингтің өзі үшін ерекше маңызға ие болғанын атап өтті. Былғары қолғап шебері бала кезден үлгі тұтқан ағасымен бірге жаттығу өткізу үлкен мәртебе екенін айтып, Жәнібек Әлімханұлына сәттілік тіледі.
«WBO IBF әлем чемпионы өзімнің бала кезден үлгі тұтар ағаммен спаринг. Жәнібек ағамыздың айтқан ақылының өзі мен үшін үлкен құрмет және рахмет… Ағама 4 тұжырым белбеуін иеленіп өз салмағының патшасы, абсалютті әлем чемпионы атығын алуына тілектеспін. Арманы бірлер ағайын… Ағамызға сәттілік», — деп жазды ол.
Айта кетейік, Бек Нұрмағанбет қазір әлемдік бокстың басты жұлдыздарының бірі саналатын Сауль «Канело» Альварестің командасында жаттығып жүр.
Еске салайық, 2025 жылдың 7 желтоқсанында Жәнібек Әлімханұлы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен орта салмақта үш чемпиондық белдік үшін жекпе-жек өткізуі тиіс болатын. Алайда кездесуге бірнеше күн қалғанда қазақстандық боксшының допинг сынамасынан мельдоний анықталып, жекпе-жек кейінге шегерілді. Нәтижесінде Лара рингке венесуэлалық Йохан Гонсалеспен (36–5, 34 KO) жолығып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Ал Әлімханұлы World Boxing Organization (WBO) шешімімен 2025 жылғы 2 желтоқсанынан 2026 жылдың соңына дейін кәсіпқой бокстан уақытша шеттетілді.