Жаһандық өзгерістер әлем елдеріне, оның ішінде Қазақстанға қалай әсер етеді? Сарапшылар не дейді? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Қазір жаз ыстық, құрғақшылық жиілеп кетті. Нөсер жауын мен түрлі табиғи құбылыстардың көбеюі біз үшін қалыпты құбылысқа айналып бара жатқандай. Мамандар мұндай жаһандық өзгерістерді климат жүйесінің терең өзгерістері деп бағалайды.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы жылдары орташа жаһандық температура индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1–2 градусқа жоғары болуы мүмкін.
Ғалымдар температураның осылайша көтерілуі ауа райының тұрақтылығын бұзатынын айтады. Соның салдарынан аптап ыстық жиілеп, құрғақшылық ұзарады, ал кейбір өңірлерде керісінше нөсер жауын мен су тасқындары күшеюі мүмкін.
Қазақстанда ауа райы бұрынғыдай емес
Қазақстанда климаттың өзгеруі соңғы онжылдықтарда айқын сезіле бастады. Әсіресе соңғы 10–15 жылда температураның өсу қарқыны үдей түскені байқалады.
«1950-жылдардан бері біздің өңірде климат тұрақты түрде өлшеніп келеді. Сол уақыттан бастап температураның біртіндеп өсіп отырғанын байқаймыз. Алайда соңғы 10–15 жылда бұл үдеріс айтарлықтай жеделдеді, орташа температура шамамен бір градусқа көтерілді. Бұл еліміз үшін өте маңызды әрі алаңдатарлық көрсеткіш. Қазақстан әлемдегі су ресурстары ең тапшы бес елдің қатарына кіреді. Сондықтан бұл мәселе біз үшін аса өзекті. Егер ауыл шаруашылығы қазіргі қалыппен қала берсе, яғни климатқа бейімделмесе, онда оның болашағы бұлыңғыр. Дақылдарды жауын-шашынға, күн радиациясына және құрғақшылық деңгейіне бейімдеу қажет. Әйтпесе, бұрыннан қалыптасқан аграрлық жүйе жаңа климаттық жағдайда тиімді жұмыс істей алмай қалуы мүмкін. Сонымен қатар суармалы егіншілік те қайта қарауды талап етеді, әсіресе күріш пен мақта өсірілетін өңірлерде су тапшылығы күшейіп отыр», — дейі эколог Шыңғыс Лепсібаев.
Астана сияқты қалаларда тұрғындар қыстың жұмсарып, жаздың бұрынғыдан әлдеқайда ыстық бола түскенін жиі айтады. Кейбірі мұны урбанизациямен байланыстырса, басқалары жаһандық климаттық өзгерістердің тікелей әсері деп санайды. Қалай болғанда да, табиғи маусымдық тепе-теңдік өзгеріп жатқаны анық.
Қоғам пікірі: климаттың өзгеруі күнделікті өмірде қалай сезіледі?
Тұрғындар арасында климаттың өзгеруіне қатысты пікір әртүрлі, десе де соңғы жылдары жаз айтарлықтай ысып, қалаларда өмір сүру қиындай түскен.
Әсіресе Астана тұрғындары аптап ыстықтың күшеюін қатты сезінетінін айтады. Олардың пікірінше, қалада көлеңке азайып, ағаштар сиреген сайын жазғы ыстық бұрынғыдан да ауыр сезіледі.
Кейбір тұрғындар мұны қаладағы жасыл желектің азаюымен байланыстырады. Олардың айтуынша, бұрын көше бойында ағаштар көп болып, көлеңке қалыптасатын, ал қазір бетон мен асфальт басым болғандықтан, ауа температурасы тіпті жоғары сезіледі. Ашық күн астындағы тротуарлар қатты қызып, кейде 70–80 градусқа дейін жететіні айтылады.
Халықтың бір бөлігі климаттың жылынуы адам денсаулығына да әсер етіп жатқанын айтады. Әсіресе жүрек-қан тамыр жүйесі бар адамдар үшін аптап ыстық ауыр тиетіні, ауа райының күрт өзгеруі ағзаға салмақ түсіретіні жиі сөз болады.
Сонымен қатар, тұрғындар ауыл шаруашылығына да алаңдаушылық білдіреді. Олардың пікірінше, аномальды ыстық егінге тікелей әсер етеді, кей жағдайда өнімнің күйіп кету қаупін арттырады.
Кейбір азаматтар соңғы жылдары қалаларда ағаштардың азайғанына назар аударады. Олардың айтуынша, бұрынғы жылдары жасыл аймақтар көбірек болған, ал кейінгі онжылдықтарда кейбір аумақтарда ағаштардың кесіліп, орнына жаңа құрылыс нысандары салынған.
Тұрғындар климаттық жағдайды жақсартудың бір жолы ретінде жаппай көгалдандыруды атайды. Олардың пікірінше, қала ішінде ғана емес, ел көлемінде де ағаш отырғызу, орман белдеулерін көбейту және өзен-көл маңындағы жасыл аймақтарды қорғау маңызды.
Кей азаматтар су арналары мен өзен аңғарларын қорғау, заңсыз құрылыс пен табиғи аумақтарды тарылтуды шектеу қажеттігін де айтады. Сонымен қатар желден қорғайтын орман белдеулерін қалпына келтіру ауыл шаруашылығы үшін де пайдалы болатынын атап өтеді.
Ал кейбір тұрғындар жасылдандыру шаралары экономикаға ауыр салмақ түсірмеуі тиіс екенін де ескертеді. Олардың пікірінше, экологиялық саясат пен экономикалық даму арасында тепе-теңдік сақталуы қажет.
Су мәселесі: болашақтың ең күрделі тақырыбы
Су ресурстарының азаюы тек экологиялық мәселе емес, ол болашақта әлеуметтік және тіпті геосаяси салдарға да әкелуі мүмкін.
Сарапшылар трансшекаралық өзендерге тәуелді елдер арасында суға қатысты келіспеушіліктер күшеюі ықтимал екенін ескертеді. Қазақстан үшін аталмыш мәселе өте өзекті, себебі су қорының бір бөлігі сыртқы көздерге тәуелді.
Аймақтық айырмашылықтар күшейеді
Климаттық өзгерістер ел аумағында әр түрлі байқалуда. Оңтүстік және орталық өңірлерде құрғақшылық пен су тапшылығы күшейсе, солтүстік аймақтарда жауын-шашынның күрт өзгеруі мен су тасқындарының жиілеуі мүмкін.
Соңғы жылдардағы бақылаулар климаттық жүйенің тұрақтылығы әлсіреп жатқанын көрсетеді. Маусымдардың табиғи ауысуы да өзгеріп барады.
Мамандар алдағы уақытта ұзаққа созылатын аптап ыстық, кенеттен болатын нөсер жауын, су тасқыны және ұзақ құрғақшылық сияқты құбылыстар жиі қайталануы мүмкін екенін айтады.
Эль-Ниньо факторы
Климаттық өзгерістерге әсер ететін маңызды табиғи құбылыстардың бірі — Эль-Ниньо. Бұл Тынық мұхитының экваторлық бөлігіндегі су температурасының аномальды көтерілуімен байланысты.
Эль-Ниньо атмосфералық айналымды өзгертіп, әлемнің әр аймағында ауа райының күрт ауытқуына себеп болады. Бір жерде құрғақшылық күшейсе, басқа жерде керісінше нөсер жауын көбейеді.
Не істеу керек?
Мамандар климаттық өзгерістерді тоқтату мүмкін емес екенін, бірақ оның салдарын азайтуға болатынын айтады. Бұл үшін жүйелі бейімделу қажет.
Ең маңызды бағыттардың қатарында су мен энергияны үнемдеу, «жасыл экономика» қағидаттарын енгізу, экологиялық стандарттарды күшейту және ауыл шаруашылығын жаңғырту бар. Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу мен айналым экономикасын дамыту да маңызды рөл атқарады.
Оқи отырыңыз: 1973 жылғы жойқын селдің сабағы: Мәншүк Мәметова мұздығы қандай қауіп төндіруі мүмкін
Оқи отырыңыз: Танымал Богданович мұздығы жоғалып кетуі мүмкін: Орталық Азиядағы мұздықтар еріп, тұщы су қоры азайып барады