Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанға 3 миллион турист келген. Ал осы кезеңде шетелге шыққан қазақстандықтардың саны 2,47 миллион адамды құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстанды туристік бағыт ретінде 3 миллион адам таңдаған.
Сонымен қатар елдегі туристік инфрақұрылым да кеңейіп келеді. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 4 505 орналастыру орны жұмыс істеген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 192 нысанға артық.
Есепті кезеңде қонақүйлер, демалыс үйлері мен басқа да орналастыру орындары 2 миллион келушіге қызмет көрсеткен. Оның ішінде 802 мыңнан астам адам еліміздің курорттық аймақтарына барған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы үш айында орналастыру орындары көрсеткен қызметтердің көлемі 69,4 млрд теңгені құрады.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,9%-ға жоғары. Мәселен, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында көрсетілген қызмет көлемі 61 млрд теңге болған.
Қазақстанда қанша жұлдызды қонақүй бар?
Бүгінде Қазақстанда 23 бес жұлдызды қонақүй жұмыс істейді. Биыл алғашқы тоқсанда олар 158 мың қонақты қабылдаған.
Ал төрт жұлдызды санаттағы 45 қонақүйде үш ай ішінде 113,5 мың адам орналасты.
Сонымен қатар елімізде 26 үш жұлдызды қонақүй бар. Олардың қызметін қаңтар-наурыз айларында 58,9 мың қонақ пайдаланған.