Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысының еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан халықаралық көлік дәліздерінің қуатын белсенді түрде арттыруда.
Бүгінде біздің еліміз құрлықтағы жүктердің 80%-ының Қытайдан Еуропаға өтуін қамтамасыз етеді. Үкімет отырысында көлік дәліздерін дамыту, кен орындарына жаңа жолдар мен терминалдар салу жоспарлары туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев хабарлады.
Транзит отандық теміржол саласының басты драйверіне айналды. Соңғы 5 жылда транзиттік тасымал көлемі 20 млн-нан 33 млн тоннаға дейін өсті. Біздің міндетіміз — таяу оншақты жылда осы динамиканы жеделдету. Бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 67 млн тоннаға жеткізіп, екі есе арттыруды, ал 2040 жылға қарай транзит көлемін 100 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.
Сондай-ақ, оның айтуынша, терминалдық инфрақұрылым ел ішінде де, шетелде де жоғары қарқынмен дамып келеді. Қазір маршруттар бойында жеті терминал жұмыс істеп тұр, оған қосымша 7 нысан салынуда. Бұл «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттарында бірыңғай логистикалық желіні қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ірі кәсіпорындар мен кен орындарына апаратын жолдарды жаңғыртуға назар аударылды. Министрліктің перспективалы жобаларының тізіміне Қарағанды облысының Қарағайлы ауданындағы кен орындарының жолдарын жаңғырту және өңірді тікелей қатынаспен байланыстырып, батыс Қазақстанның дамуына қуатты серпін беретін «Индербор – Орал» жаңа желісінің құрылысы енгізілген.
Қазіргі уақытта теміржол саласын цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сектордың барлық негізгі объектілері бойынша бірыңғай «деректер көлі» (Data Lake) қалыптасады. Алдағы уақытта Smart Rail жүйесін енгізу көзделген. Бұл жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдауды қолдану арқылы басқарудың тиімділігін арттырады. Нәтижесінде шығындар азаяды және қауіпсіздік деңгейі артады, – деп атап өтті министр.