Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков мәлімдеді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Мән-жайы
2024 жылдың күзінде Қорғаныс министрлігі Қазақстандағы барлық әскери бөлімде жасанды интеллекті бар бейнеталдау жүйесі енгізілетінін хабарлаған болатын. Жаңашылдық жергілікті жерлерде болатын барлық оқиғаны тіркеуге бағытталған.
2025 жылдың қарашасында қаза тапқан әскери қызметшілердің аналары Астанадағы Министрліктер үйінің алдына жиналып, армияда реформа жүргізуді талап етті. Ол кезде Қорғаныс министрлігі бөлімдерде жеке құрам күнделікті дене тексеруінен өткізіліп, бейнебақылау камералары орнатылып жатқанын және суицидтің алдын алу мен қару-жараққа қолжетімділікті бақылау үшін жасанды интеллект элементтері бар жүйе енгізіліп жатқанын мәлімдеген болатын.
Биылғы мамырда Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев тексерілген әскери бөлімдерде сарбаздарға қатысты ұрып-соғу деректері тіркелмегенін, алайда күн сайын түрлі оқиға анықталатынын мәлімдеді.
Камералар көмектесе ме?
Бүгін Мәжіліс кулуарында министрдің орынбасары Асқар Мұстабековке бөлімдерде орнатылған бейнебақылау камералары армиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесе ме деген сұрақ қойылды.
«Иә, біз қазір оларды барлық жерге орнатып жатырмыз, бізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыс жоспары бар. Биылғы жылдың аяғына дейін, келесі жылы барлық казарманы талдау жасайтын жасанды интеллекті бар бейнебақылаумен толық қамтимыз деп ойлаймын», — деді Мұстабеков.