Қазақ тілі мансап және экономикалық мүмкіндіктер құралына қалай айналды?  - kaz.caravan.kz
  • $ 487.73
  • 558.99
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
19 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақ тілі мансап және экономикалық мүмкіндіктер құралына қалай айналды? 

Қазақ тілі мансап және экономикалық мүмкіндіктер құралына қалай айналды? 

Ресей империясы мен Кеңес Одағы кезеңінде қазақ қоғамы еріксіз орыс тілді ортаға икемделуге мәжбүр болды. Кеңес Одағы ыдыраған соң қазақ тілінің болашағына сеніммен қараған адам аз еді. 

  • 19 Маусым
  • 45
Фото: ЖИ/Айбар Олжаев

1989 жылы Қазақстанда мектеп оқушыларының 30,2 пайызы ғана қазақ тілінде білім алды. Алматының өзінде ұзақ уақыт бойы қазақ тілінде оқытатын жалғыз ғана мектеп жұмыс істеді. Қалаларда орыс тілі үстемдік етті, мемлекеттік мекемелердің жұмысы негізінен орыс тілінде жүргізілді, ал көптеген ата-аналар балаларын болашақта табысқа жеткізетін тіл ретінде қазақ тілін емес, орыс тілін көрді.

Алдыңғы материалды оқи отырыңыз: Қазақстан Беларусь елінің қателігін қайталамады: Көршіден сабақ алған қазақ тілі қалай күшейіп келеді? 

Сол кезде қазақ тілі екінші қатарға ысырылып, «тұрмыстық тіл» дәрежесінде қалды. Ал мансап, ғылым, мемлекеттік басқару және іскерлік орта көбіне басқа тілдердің ықпалында болды. Қалалық жерлерде орыс тілі негізгі қарым-қатынас тілі болды, ал қазақ тілі ауылдық өңірлермен шектелді.

Арада отыз жылдан астам уақыт өтті. Қазір ҚР азаматтығын алғысы келетін адам қазақ тілінен емтихан тапсыруы керек. Мемлекеттік қызмет жүйесі қазақ тілін негізгі жұмыс тіліне айналдыруды көздеп отыр. Еңбек нарығында қазақ тілін білу барған сайын маңызды талапқа айналуда. Ал қоғамның өзі мемлекеттік тілге деген сұранысты күшейтіп келеді.

Қазақ тілі қалай мансап пен мүмкіндіктер тіліне айналды? Caravan.kz медиа порталының тілшісі ана тіліміздің тағдырына арналған екінші материалды ұсынады. 

Азаматтық алу үшін қазақ тілін білу қажет

Қазақстан азаматтығын алу талаптарына енгізілген өзгерістер қоғамдағы үлкен өзгерістің бірі. Енді Қазақстан азаматы болғысы келетін шетелдік мемлекеттік тілді белгілі бір деңгейде меңгергенін дәлелдеуі тиіс. Сонымен қатар ол Қазақстан тарихын және Конституция негіздерін білуі керек.

Бекітілген ережелерге сәйкес тестілеу 100 сұрақтан тұрады. Оның 30 сұрағы қазақ тіліне, 40 сұрағы Конституция негіздеріне және 30 сұрағы Қазақстан тарихына арналған.

Азаматтық алу үшін үміткер кемінде 50 балл жинауы қажет. Оның ішінде қазақ тілінен кемінде 15 балл, Конституция бойынша 20 балл және тарихтан 15 балл жинауы тиіс.

Мұндай талаптардың енгізілуі кездейсоқ емес. Әлемнің көптеген мемлекеттері сияқты Қазақстан да азаматтықты тек құжаттық рәсім ретінде емес, елдің тілі мен құндылықтарын құрметтеумен байланыстыра бастады.

Қазір қазақ тілін арнайы курстарда оқып жүрген шетел азаматтарын жиі кездестіруге болады. Әлеуметтік желілерде қазақша сөйлейтін корей, үнді, америка және түрік азаматтарын көру үйреншікті жағдайға айналды. Өзге ұлт өкілдері қазақ тіліне деген сүйіспеншіліктен бастап, біздің салт-дәстүріміз, тарихымыз мен мәдени құндылықтарымызға дейін аса қызығушылық танытуы қуантады.

Қазақ тілі еңбек нарығының талабына айналып келеді

Қазақ тілінің жаңа рөлін қоғамдық пікір де растайды.

DEMOSCOPE жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 80 пайызы мансап құру үшін ең маңызды тіл ретінде қазақ тілін атаған.

Салыстыру үшін, орыс тілін маңызды деп санағандар – 35 пайыз, ал ағылшын тілін көрсеткендер – 23,8 пайыз ғана.

Бұрын қазақ тілін білу артықшылық саналса, қазір көптеген салада ол қажеттілікке айналып келеді. Мемлекеттік қызметте, білім беру жүйесінде, банктерде, қызмет көрсету саласында, бұқаралық ақпарат құралдарында және ұлттық компанияларда қазақ тілін меңгерген мамандарға сұраныс жыл сайын артып келеді.

Жұмыс іздеу платформаларын қарасаңыз, көптеген вакансияларда қазақ тілін білу негізгі талаптардың бірі ретінде көрсетіледі.

Мемлекеттік қызметтің тілі қандай болуы керек?

Үкімет қабылдаған 2023–2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы қазақ тілінің алдағы жылдардағы бағытын нақты көрсетіп берді.

Құжатқа сәйкес, мемлекеттік қызмет жүйесінде қазақ тілі негізгі жұмыс тіліне айналуы тиіс.

2029 жылға қарай ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша В2 деңгейінде қазақ тілін меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесін 50 пайызға жеткізу жоспарланған. Қазір бұл көрсеткіш 35 пайыз шамасында.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы қазақ тіліндегі құжат айналымының үлесі 94 пайызға дейін жетуі тиіс.

Болашақты кім таңдап жатыр?

Қазақ тілінің болашағына ата-аналар да үлкен сеніммен қарайды. 2025 жылы бірінші сыныпқа барған балалардың 70 пайызы қазақ тілінде білім беретін мектептерді таңдады.

Бұл көрсеткіш қоғамдағы көңіл-күйдің қалай өзгергенін анық көрсетеді. Өйткені ата-аналар баласының болашағына жұмыс істейтін шешім қабылдайды. Егер олар қазақ мектебін таңдап жатса, демек қазақ тілінің болашағына сенеді.

Цифрлық дәуірдегі қазақ тілі

Тіл тағдыры мектепте ғана шешілмейді. Тілдің болашағы TikTok, YouTube, Instagram сынды танымал платформаларда және жасанды интеллект жүйелерінде қалыптасады. Соңғы жылдары қазақ тіліндегі контент көлемі бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсіп келеді.

Миллиондаған қаралым жинайтын қазақ тілді блогерлер, сарапшылар, журналистер мен өнер адамдары жаңа аудитория қалыптастырып үлгерді.

Ең бастысы — қазақ тілі жасанды интеллект дәуіріне кірді. Яғни, қазақ тіліне бейімделген тілдік модельдер, автоматты аударма жүйелері, цифрлық сервистер және нейрожелілік жобалар қарқынды дамып келеді.

Тілдің тағдырын заң емес, қоғам шешеді

Тілдің тағдыры заңдармен ғана анықталмайды. Оны қоғамның өзі анықтайды. Қазақ тіліне деген сұранысты мемлекет жасанды көтеріп отырған жоқ, халық тарапынан да жоғары екенін байқап келеміз. Мысалы мемлекеттік тілді құрметтемеу және қорлау сынды оқиғалар ешқашан қоғамнан тыс қалмайды. Қазақ тіліне қатысты мәселелер әлеуметтік желілерде кең талқыланып, қоғамдық резонанс тудыратын жағдайға дейін жетіп отыр.

Оқи отырыңыз: Тұтас ұлтқа тіл тигізу зардабы: Қоғам биік мәдениеттің көшіне қашан ілеседі?

Бұл қазақ тілінің мәртебесі бұрынғыдан әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Себебі Қазақстан Конституциясының 7-бабында қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп көрсетілген. Ал орыс тілі мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен «тең дәрежеде» емес, «қатар қолданылатын» тіл ретінде бекітілді. Осылайша, Беларусь елінің қателігін қайталамаған қазақ тілінің мәртебесі жылдан жылға тек артып келеді.