Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Орталықты Кабул университетінің базасында құру жоспарланған. Бұл – су ресурстары, ирригация, орнықты ауыл шаруашылығы саласындағы алғашқы оқу-зерттеу мекемесі. Жаңа орталық маман даярлау, білім алмасу, бірлескен зерттеу жүргізу мен су-аграрлық секторда заманауи шешімдер енгізудің тәжірибе алаңына айналады. Қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар білім беру бағдарламалары мен ғылыми сүйемелдеу жүргізеді.
Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумында сөз сөйлеген Серік Жұманғарин су дипломатиясы, су ресурсын ұтымды пайдалану мен осы саладағы аймақтық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне Қазақстан ерекше назар аударатынын атап өтті.
Орталық су қауіпсіздігі, орнықты ауыл шаруашылығы, климаттық бейімделу, экологиялық мониторинг пен азық-түлік қауіпсіздігі бағытын біріктіретін университетаралық зерттеу платформасы ретінде дамиды деген болжам бар. Кешенді тәсіл аймақтың орнықты дамуы үшін тәжірибелік шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.
Кабул университеті – Ауғанстандағы 1932 жылы құрылған ең көне, ең ірі мемлекеттік жоғары оқу орны. Университетте 22 факультет, пәнаралық ынтымақтастыққа арналған ауқымды академиялық база бар.