Бұрын көпшілік капиталды сақтаудың басты жолы ретінде жылжымайтын мүлікті қарастыратын. Қазір жағдай өзгерді: депозиттер қайтадан елеулі табыс әкеліп отыр, доллар да бұрынғыдай сөзсіз тиімді құрал болып көрінбейді, ал тұрғын үй нарығына кіру шегі айтарлықтай өскен.
Қаржыгер Саида Тілеуленова қазіргі таңда қай нұсқа тиімдірек екенін түсіндірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Qazaq Expert Club сарапшысының айтуынша, қазіргі экономикалық жағдайда капиталды сақтаудың ең тартымды құралы – теңгедегі депозиттер.
«Егер Қазақстандағы қазіргі макроэкономикалық жағдайды бағаласақ, капиталды сақтаудың ең тартымды құралы бүгінде теңгелік депозиттер болып отыр, – дейді Тлеуленова. – Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 17 пайызға дейін төмендеткеннен кейін де депозиттік мөлшерлемелер тарихи тұрғыдан алғанда әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Ал 2026 жылдың мамырында инфляция 10,4 пайызға дейін баяулады. Бұл салымшылардың нақты оң табыс алып отырғанын білдіреді, ал мұндай жағдай алдыңғы көптеген кезеңдерде болмаған».
Сарапшының пікірінше, 1 млн теңге көлеміндегі қаражат үшін депозит көпшілік қазақстандыққа ең түсінікті құрал болып қала береді. Ол болжауға болатын табыс береді және терең қаржылық білімді қажет етпейді.
Ал долларға келсек, қаржыгер оны табыс табу құралы емес, валюталық құбылмалылықтан қорғану амалы ретінде қарастыруды ұсынады. Девальвация кезінде америкалық валюта жинақты сақтап қалуға көмектеседі, алайда теңге бағамы тұрақты болған жағдайда табыстылық жағынан депозит жиі ұтады.
«Доллар сатып алудың мәні ең алдымен әртараптандыру құралы ретінде бар. Көптеген қазақстандық үшін жинақты теңгелік құралдар мен валюта арасында бөліп ұстау – орынды шешім болуы мүмкін», – дейді қаржыгер.
Жылжымайтын мүлікке қатысты жағдай күрделірек. Бүгінде 1 млн теңге инвестициялық нысан сатып алуға жетпейді. Бұл сома тек бастапқы жинақ ретінде немесе тұрғын үй нарығымен байланысты жекелеген қаржы құралдарына қатысу үшін ғана жарауы мүмкін.
«Сонымен бірге тұрғын үй нарығы әлі де қымбат күйінде қалып отыр, – дейді Саида Тлеуленова. – Нарық деректеріне сүйенсек, жылжымайтын мүлік бағасы инфляциядан да жылдам өсіп жатыр, ал жаңа үйлердегі бір шаршы метрдің бағасы 600 мың теңгеден асады. Сондықтан 1 млн теңге көлеміндегі қаражатпен жылжымайтын мүлікті толыққанды инвестициялық құрал ретінде қарастыру әзірге қиын».
Егер тек үш классикалық нұсқаны – депозит, доллар және жылжымайтын мүлікті салыстырсақ, онда алдағы 1–2 жыл көкжиегінде депозит ең ұтымды шешім болып көрінеді. Доллар валюталық тәуекелдерді азайтады, ал тұрғын үй әлдеқайда үлкен капиталды талап етеді.
Сонымен қатар сарапшы тек үйреншікті нұсқалармен шектелмей, кеңірек ойлануға кеңес береді.
«Егер қолда 1 млн теңге болса, мен тек депозит, доллар және жылжымайтын мүлік арасынан таңдау жасаумен шектелмес едім. Балама ретінде жаңа табыс көзін құруды да қарастырған жөн. Бұл тұрғыда өз бизнесіне немесе кәсіпкерлік қызметті дамытуға инвестиция салу қызықты нұсқа болуы мүмкін», – дейді Тілеуленова.
Қаржыгердің айтуынша, депозит пен валюта ең алдымен ақшаны сақтауға көмектеседі, ал бизнес капиталды көбейтуге мүмкіндік береді. Мысалы, қазіргі мөлшерлемелермен депозит жылына шамамен 150–180 мың теңге табыс әкелуі мүмкін, ал сәтті шағын бизнес бұдан әлдеқайда жоғары кіріс беруі ықтимал.
«Бүгінде 1 млн теңге – қызмет көрсету, онлайн-сауда, білім беру, цифрлық сервистер, маркетинг, логистика немесе өзін-өзі жұмыспен қамту салаларында шағын жоба бастауға жететін капитал. Оның үстіне цифрлық экономиканың дамуы кәсіпкерліктің көптеген түріне кіру шегін айтарлықтай төмендетті», – деп түсіндірді сарапшы.
Алайда кәсіпкерлік тек қаржы салуды ғана емес, уақытты, дағдыны және белсенді араласуды талап етеді. Өз бетінше жоба бастауға дайын емес адамдарға сарапшы консервативті тәсілді ұстануға кеңес береді.
«Менің ойымша, 2026 жылға арналған басты қорытынды мынадай: егер мақсат – капиталды сақтау болса, ең ұтымды таңдау депозит болып қала береді. Егер валюталық тәуекелдерді азайту керек болса – қаражаттың бір бөлігін долларда ұстауға болады. Егер мақсат – баспанаға ақша жинау болса, 1 млн теңге болашақ сатып алуға жасалған алғашқы қадам болуы мүмкін. Ал егер сөз капиталды ұзақ мерзімді өсіру туралы болса, онда ең қызықты инвестиция – кәсіпкерлік, технология, білім беру және адами капиталды дамыту арқылы өз табыс көзіңді құру», – деп түйіндеді Саида Тілеуленова.