Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Құжатқа сәйкес, жаңа Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесі ұғымы енгізілді. Бұл – азаматтардың дербес әскери есебін жүргізуге және өзге мемлекеттік цифрлық жүйелермен ықпалдасуға арналған жұмылдыру ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесі.
Енді әскерге шақырылушыларды зерделеу кезінде қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер қажетті мәліметтерді мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелері арқылы алады.
Ал цифрлық жүйелер арасында интеграция болмаған жағдайда қажетті ақпарат тиісті сұрау салу негізінде үш жұмыс күні ішінде ұсынылады.
Сондай-ақ әскерге шақырылушыларды іріктеу және зерделеу жұмыстарына Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың, сондай-ақ арнайы мемлекеттік органдардың өкілдері қатыса алады.
Қаулыға сәйкес, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін жасақтау үшін әскерге шақырылушыларды іріктеу басым тәртіппен жүргізіледі.
Ал Ұлттық ұлан бөлімдерін жасақтау Мемлекеттік күзет қызметі мен Шекара қызметін толықтыру аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады.
Іріктеуден өткен әскерге шақырылушылардың тізімдері әскери бөлімдер мен мекемелерді жасақтау басталғанға дейін кемінде 15 күн бұрын жергілікті әскери басқару органдарына жолдануы тиіс.
12 шілдеден бастап әскерге шақыру рәсімдері цифрлық форматта жүргізіледі
Жаңа өзгерістерге сәйкес, 2026 жылғы 12 шілдеден бастап аудандық (облыстық маңызы бар қалалардағы) және облыстық шақыру комиссиялары медициналық куәландыру нәтижелері бойынша қабылдаған шешімдер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесінде электронды түрде рәсімделеді.
Шақыру комиссияларының отырыс хаттамалары цифрлық жүйеде қалыптастырылып, оған бір күн ішінде қаралған барлық әскерге шақырылушылар туралы мәлімет енгізіледі. Хаттама комиссия төрағасының, мүшелерінің және хатшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады.
Ал Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесі істен шыққан немесе техникалық ақау туындаған жағдайда хаттамалар бұрынғы тәртіппен аудандық, қалалық және облыстық шақыру комиссияларының хаттама кітаптарына рәсімделеді.
Сонымен қатар мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтарды жинақтау пункттеріне жөнелту кезінде қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер олардың есептік карталарын цифрлық жүйеден басып шығарады.
Бұл құжаттарға қосымша:
- медициналық куәландыру және бақылау медициналық тексеру нәтижелері көрсетілген медициналық карталар;
- соттылығының бар-жоғы немесе жоқтығы туралы анықтамалар;
- есептік картада көрсетілмеген мәліметтерге қатысты құжаттардың көшірмелері қоса тіркеледі.
Осылайша, әскерге шақыру үдерісін цифрландыру азаматтарды есепке алу мен құжат айналымын жеңілдетуге, сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Қаулыға сәйкес, әскерге шақырылушыларды зерделеудің екінші кезеңінде жинақтау пунктіне келген азаматтардың құжаттары Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесіндегі (ЦС МО РК) өзекті мәліметтермен салыстырылады.
Психологиялық зерделеуге жіберер алдында есептік картадағы барлық ақпарат тексеріліп, салыстыру жүргізген қызметкер әр құжатқа қол қойып, тексеру жүргізілген күн мен уақытты көрсетеді.
Егер азаматқа қатысты анықталған мәліметтер мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіз болмаса, бұл ақпарат цифрлық жүйеден басып шығарылып, есептік картаға қоса тіркеледі.
Әскери команда жасақталғаннан кейін оның құрамына енгізілген әскерге шақырылушыларға қатысты Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының мерзімді әскери қызметке шақыру және әскери атақ беру туралы бұйрығы цифрлық жүйе арқылы шығарылады.
Техникалық ақаулар туындаған жағдайда бұйрықты қағаз түрінде рәсімдеуге рұқсат етіледі. Кейін ол бұрынғы деректемелері сақтала отырып, цифрлық жүйеде қайта ресімделеді.
Сондай-ақ мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар жинақтау пунктінде жеке деректерін жинауға, өңдеуге және беруге келісім береді. Бұл келісім цифрлық есептік картаға енгізіледі.
Медициналық куәландыру нәтижелері, оның ішінде азаматтың әскери қызметке жарамдылық дәрежесі де Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесіндегі есептік картаға тіркеледі.
Жарамдылық дәрежесі көрсетілген медициналық куәландыру картасының сканерленген көшірмесі цифрлық есептік картаның «Құжаттар» бөліміне жүктеледі. Сонымен қатар жүйедегі «Жарамдылық дәрежесі» бағанына тиісті өзгерістер енгізіледі.
Әскери жиындарды өткізу кезінде де құжат айналымы цифрлық форматқа көшіріледі. Облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана аумағында әскери команда жасақталғаннан кейін әскери жиынға шақыру туралы бұйрық қорғаныс істері жөніндегі басқарма немесе бөлім басшысының атынан цифрлық жүйе арқылы шығарылады.
Егер әскери жиындар өңірден тыс жерде өткізілсе, бұйрықты Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы рәсімдейді.
Әскери жиындар аяқталғаннан кейін қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер бес жұмыс күні ішінде әскери міндеттілердің есептік карталарына әскери-есептік мамандықтар мен лауазымдардың өзекті кодтарын енгізуге міндетті.
Қаулының негізгі ережелері 2026 жылғы 4 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал цифрлық жүйені пайдалануға қатысты жекелеген нормалар 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.