Назарбаев орталығында шығармашылық қауымдастық өкілдерін, кәсіби фотографтар мен фотоөнерге қызығушыларды біріктірген «Фото Әлем» атты астаналық фотографтардың шығармашылық кездесуі өтті.

Іс-шараны Tan Art Residency, Photobar.kz, Ospan Ali Qury, сондай-ақ фотограф Шүкір Шахай ұйымдастырды. Кездесу кәсіби пікір алмасуға арналған алаңға айналып, қатысушылар саладағы өзекті үрдістерді талқылап, тәжірибе бөлісіп, болашақтағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады.

Кездесуде белгілі фотограф, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің жеке фотографы Шүкір Шахай, фотосуретші Әнел Базылова және Photobar.kz клубының мүшесі, фотограф Дамир Құжақов спикер ретінде сөз сөйледі. Олар шығармашылық жолы, жүзеге асырған жобалары және заманауи фотосурет өнерінің даму үрдістері жөнінде әңгімеледі.

Ашық пікірталас барысында қатысушылар әртүрлі жанрда жұмыс істеудің ерекшеліктерін, авторлық стильді қалыптастыру мәселесін, сондай-ақ кәсіби қауымдастықты дамыту мен шығармашылық ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейту жолдарын талқылады.

Кездесуде мұндай басқосулардың кәсіби ортаны қалыптастырудағы, тәжірибе алмасудағы және жас фотографтарды қолдаудағы маңызына ерекше назар аударылды. Қатысушылар ашық диалог пен бірлескен бастамалардың креативті индустрияның дамуына және шығармашылық байланыстың нығаюына ықпал ететінін атап өтті.


«Фото Әлем» кездесуі Қазақстандағы заманауи фотоөнерге деген жоғары қызығушылықты тағы бір мәрте дәлелдеп, шығармашылық қауымдастық үшін шабыт, кәсіби даму және жаңа идеялар алаңына айналды.
