Қоғамда еңбекті емес, қызметтің мәртебесін бағалайтын көзқарас қалыптасып бара жатыр. Бұл түсініктің артында не жатыр? Caravan.kz медиа порталының тілшісі елді шулатқан оқиғаның мән-жайын анықтап, оның түбінде жатқан мәселеге назар аударады.
Оқиға қалай басталды?
Алматы көшесінде сәбиін құшағына қысып, арқасына курьерлік сөмкесін асынып жүрген жас ананың суреті бірнеше күннің ішінде әлеуметтік желілерде кеңінен тараған еді. Кейін аталмыш жағдайға мыңдаған қазақстандықтар пікір білдіріп, қоғамда қызу пікірталас туғызды. Көпшілік әйелді іздеп, оған қаржылай көмектескісі келді. Әлеуметтік желілерде оның тағдырына бейжай қарамаған адамдардың саны күн сайын артып, түрлі бастамалар көтерілді.

Көп ұзамай бұл оқиғаның айналасында жалған ақпараттар да көбейді. Әлеуметтік желілерде әйелдің байланыс нөмірін ұсынып, ақша жинамақ болған алаяқтар пайда болды. Кейін кейбір азаматтар жас ананы тауып, жеке өздері көмек көрсеткенін айтқан, алайда оның жеке өміріне қатысты мәліметтердің көпшілігі ресми түрде расталмады.
Қоғамдағы резонанстан кейін мәселеге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де пікір білдірді. Алғашында вице-министр Виктория Шегай нақты отбасының жағдайын білмейтінін айтып, бұл мәселені «отбасының бюджеті мен ішкі қарым-қатынасына қатысты мәселе» деп бағалаған еді. Бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамның сынына ұшырады.
Бір аптадан кейін ведомство отбасының жағдайын толық зерттеп, министр Асқарбек Ертаев ресми түсініктеме берді. Оның айтуынша, әйелдің жұбайы IT саласы бойынша жоғары білім алған, ал әйелдің өзі техникалық және мектепке дейінгі білім беру мамандығы бойынша орта арнаулы білім иесі. Министр отбасының әлеуметтік жағдайы қоғам ойлағандай ауыр емес екенін айтып, ерлі-зайыптылардың Алматыға өз күштерімен жұмыс іздеп келгенін мәлімдеді. Сонымен қатар министр жас отбасыға мансап орталықтарына жүгінуге кеңес берілгенін, ал жұбайына IT саласы бойынша бірнеше бос жұмыс орны ұсынылғанын жеткізді.
Дегенмен министр мәселенің екінші жағына мән берді. Оның айтуынша, платформалық жұмыспен қамту қызметтері сәбиін құшағына алған ананы курьер ретінде қалай тіркегені және қауіпсіздік талаптарының қалай сақталғаны тексерілуі тиіс.
«Ол қандай нұсқамадан өтті? Баламен бірге жұмыс істеуге қалай рұқсат берілді? Осындай платформаларға тіркелудің бірыңғай тәртібін әзірлеу қажет», – деді Асқарбек Ертаев.
Осы оқиғадан кейін министрлік жеткізу сервистерімен бірлесіп курьерлер үшін қауіпсіздік талаптарын қайта қарауға кіріскенін хабарлады. Министрдің айтуынша, платформалық жұмыспен қамту азаматтардың еңбек ету құқығын шектемеуі тиіс, бірақ мұндай жұмыстың да нақты қауіпсіздік ережелері болуы қажет.
Бірнеше күннен кейін оқиғаның немен аяқталғаны да белгілі болды. Бірінші вице-министр Ербол Туяқбаевтың айтуынша, жұмыспен қамту басқармасы отбасыға жұмыс ұсынғанымен, олар ұсыныстан бас тартып, өз еріктерімен Алматыдан Шымкентке қайтып кеткен. Вице-министрдің сөзінше, отбасыға ешқандай қысым жасалмаған.
Аталмыш оқиға бір отбасының тағдырын ғана көрсетіп отырған жоқ. Ол қоғамдағы еңбекке деген көзқарас туралы үлкен пікірталасқа ұласты. Бірі жас анаға жанашырлық танытса, енді бірі мәселенің түп-төркіні мүлде басқа екенін айтты.
Қандай сабақ алдық?
Сарапшылардың бағалауынша, бүгінде Қазақстанда 500 мыңнан астам адам цифрлық платформалар арқылы табыс табады. Олардың басым бөлігі курьерлер мен такси жүргізушілері. Соңғы жылдары мұндай жұмыс көптеген азамат үшін уақытша табыс көзі емес, негізгі күнкөріс құралына айналды. Демек, бұл жекелеген адамдардың емес, еңбек нарығының өзгеріп жатқанын көрсететін құбылыс.
Осы тұста қоғамға басқа сұрақ қою маңызды сияқты. Біз неліктен адал еңбек етіп жүрген адамды аяймыз? Неге маңдай терімен нанын тауып жүрген адамға құрметпен емес, мүсіркей қараймыз?
Осы мәселе жөнінде журналист Азамат Битан өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, қазақ қоғамында қауіпті психология қалыптасып келеді.
«Еңбек етіп жүрген адам – қайыршы емес»
Журналист Азамат Битанның пікірінше, курьер ананың оқиғасы қоғамдағы әлдеқайда терең мәселені ашып көрсетті. Оның айтуынша, біз адал еңбек етіп жүрген адамды құрметтеуден бұрын, аяуға бейім болып барамыз.
«Таксиде жүрген әйелді көрсек аяймыз. Еден жуып жүрген апайды көрсек жанымыз ашиды. Кейде тіпті қолына ақша ұстатып, өзімізді қайырымды адам сезінеміз. Бірақ ол адам бізден аяушылық сұрады ма? Жоқ. Ол адал еңбегімен нан тауып жүр», – дейді журналист.
Автордың айтуынша, мәселе адамның қандай жұмыс істейтінінде емес, қоғамның сол еңбекке қалай қарайтынында жатыр. Біз көбіне еңбектің өзін емес, қызметтің мәртебесін бағалаймыз. Сондықтан адал еңбек етіп жүрген адамды төмен көруге бейімбіз.
«Еңбек етіп жүрген адам – қайыршы емес. Ол өз отбасын асырап, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азамат. Сондықтан оған ең алдымен аяушылық емес, құрмет керек», – дейді Азамат Битан.
Оның пікірінше, дәл осы бұрмаланған түсінік қоғамдағы көптеген стереотиптің қалыптасуына себеп болады. Неге курьерді аяймыз? Неге құрылысшыны немесе еден жуушыны мүсіркейміз? Ал кеңседе отырып, нақты өнім өндірмейтін адамды автоматты түрде «табысты» деп қабылдаймыз? Журналист мұны қоғамдағы құндылықтар жүйесінің өзгеруімен байланыстырады.
Еңбектің қадірі қызметпен өлшенбеуі керек
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 9 320 639 адам жұмыспен қамтылған, соның ішінде 2 151 532 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкер ретінде тіркелген.
Экономиканың тұрақты жұмыс істеуі дәл осы түрлі саладағы еңбек адамдарының күнделікті еңбегіне сүйенеді.
Соған қарамастан, қоғамда маңдай терімен еңбек етіп жүрген мамандықтарға деген көзқарас әлі де дұрыс емес. Азамат Битанның айтуынша, бұл тұрғыда дамыған мемлекеттерден үйренетін тұс көп.
«Оларда жұмыстың үлкені немесе кішісі болмайды. Курьер де, сантехник те, қоқыс жинаушы да, инженер де қоғамның толыққанды мүшесі. Олар ешкімнен аяушылық күтпейді. Өйткені қоғам олардың еңбегін құрметтейді», – дейді ол.
Тоқсаныншы жылдардың сабағы
Журналист өз буынының тоқсаныншы жылдардың қиын кезеңін көріп өскенін еске алады.
«Әкелеріміз таңнан кешке дейін еңбек етті. Біз аналарымызбен бірге базарда тұрдық. Жаңбырда да, шаңда да сауда жасадық. Ешкім бізге дайын өмір сыйлаған жоқ. Сол кезең бізге бір нәрсені үйретті. Еңбек етуден ешқашан ұялмау керек», – дейді ол.
Автордың пікірінше, осы түсінік бүгінгі ұрпаққа да берілуі қажет. Балаларға ең алдымен беделді қызмет емес, адал еңбектің қадірін үйрету маңызды.
«Курьер болсын, жүргізуші болсын, құрылысшы болсын немесе мал бақсын, ең бастысы, адал еңбек етсін. Өйткені адамның қадірін қызметі емес, маңдай тері анықтайды», – дейді журналист.
Қоғамға аяушылық емес, еңбек культі қажет
Азамат Битанның пікірінше, Қазақстанда еңбекке деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет. Оның айтуынша, қоғам адамдарды атқаратын қызметіне қарай емес, адал еңбегіне қарай бағалауды үйренуі тиіс.
Бұл тақырып жаңа Конституцияда да көрініс тауып, еңбек пен адал табыстың қадірін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде бекітілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та кездесулерде жастардың жалған жетістікке емес, жасампаз еңбекке, адал табысқа ұмтылуы қажет екенін айтып жүр.
«Бүгін қазақ қоғамына ең керегі – еңбек культі. Өйткені еңбек бар жерде – жауапкершілік бар. Жауапкершілік бар жерде – тәртіп бар. Тәртіп бар жерде – даму бар. Ал даму бар жерде – мықты мемлекет бар», – дейді Азамат Битан.