Шілдеден бастап күшіне енген негізгі жаңалықтар: Халықты не күтіп тұр? - kaz.caravan.kz
  • $ 480.72
  • 548.07
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шілдеден бастап күшіне енген негізгі жаңалықтар: Халықты не күтіп тұр?

Шілдеден бастап күшіне енген негізгі жаңалықтар: Халықты не күтіп тұр?

1 шілдеден бастап халықтың күнделікті өміріне әсер ететін бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енді.

  • 1 Шiлде
  • 82
Фото: шілде айындағы өзгерістерді бейнелейтін ЖИ суреті

Caravan.kz медиа порталының тілшісі толық тарқатады.

Жаңа Конституция күшіне енді

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енді. Ол 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданды. Осылайша 1995 жылдан бері қолданыста болған Конституцияның күші жойылды.

Жаңа Конституция елдегі мемлекеттік басқару жүйесін өзгертеді. Президенттің өкілеттігі кеңейіп, Парламенттің бақылау функциялары қайта қаралады.

Ең маңызды өзгерістердің бірі – екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтайдың құрылуы. Осыған байланысты Сенат пен Мәжіліс өз жұмысын тоқтатты. 29 маусымда VIII сайланған Сенаттың соңғы пленарлық отырысы өтіп, осымен жоғарғы палатаның 30 жылға жуық тарихы аяқталды. Ал 30 маусымда Сенат пен Мәжілістің соңғы бірлескен отырысы өтті. Енді олардың орнына 145 депутаттан тұратын Құрылтай жұмыс істейді.

Жаңа Конституция бойынша Қазақстанда алғаш рет вице-президент лауазымы енгізіледі. Егер мемлекет басшысы өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатса немесе қызметін атқара алмаса, оның міндетін ең алдымен вице-президент атқарады.

Сонымен қатар Президентке бірқатар маңызды мемлекеттік органдардың басшыларын Парламенттің келісімінсіз тағайындау құқығы беріледі. Атап айтқанда, Жоғарғы соттың, Конституциялық соттың, Орталық сайлау комиссиясының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және басқа да стратегиялық мемлекеттік органдардың жетекшілерін Президент өзі тағайындай алады.

Конституциядағы тағы бір жаңашылдық – «Халық кеңесі» қоғамдық платформасының заң жүзінде бекітілуі. Бұл алаң арқылы азаматтар заң жобаларын талқылауға, ұсыныстар енгізуге және мемлекеттік шешімдерді әзірлеу процесіне қатыса алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат пен Мәжіліс депутаттарына атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, олардың бір бөлігі алдағы уақытта Құрылтай мен «Халық кеңесінің» құрамында қызметін жалғастыра алатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ Конституция күні енді жыл сайын 15 наурызда ресми түрде аталып өтеді.

Ипотека рәсімдеу тәртібі өзгереді

1 шілдеден бастап ипотека беру тәртібі өзгереді. 

Енді ипотеканың шекті мөлшерлемесі бастапқы жарна көлеміне байланысты есептеледі. Бұған дейін ипотеканың бірыңғай шекті мөлшерлемесі 25% болып келсе, енді екі түрлі шек бекітілмек.

Егер бастапқы жарна 30% немесе одан жоғары болса, ипотеканың ең жоғары мөлшерлемесі 20%-дан аспайды. Ал бастапқы жарна 30%-дан төмен болған жағдайда банк 25%-ға дейінгі мөлшерлемені қолдана алады.

Яғни енді ипотеканың қаншалықты қымбат немесе арзан болатыны қарыз алушының қанша қаржы жинағанына тікелей байланысты болады. Бастапқы жарна неғұрлым көп болса, несие соғұрлым тиімді рәсімделеді.

Сонымен қатар банктер қарыз алушының табысын бұрынғыдан да қатаң тексеріп, жалпы қарыз жүктемесіне көбірек мән береді. Бұл өзгерістерді Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп енгізіп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, тұрақты әрі ресми табысы жоқ азаматтарға ипотека алу бұрынғыдан қиынырақ болуы мүмкін.

Яғни, банктер тек ресми әрі расталған табысты есепке алады. Атап айтқанда:

  • ресми жалақы;
  • зейнетақы қорына түсетін аударымдар;
  • құжатпен дәлелденген өзге табыс көздері.

Табысты растамай ипотека алу қиындай түседі. Бұл талап банктердің тәуекелін азайтып, азаматтардың шамадан тыс қарызға батпауына бағытталған.

Қазір банктер несие мақұлдағанда ай сайынғы төлем қарыз алушы табысының 50%-ынан аспауын қарайды. Енді бұған қосымша тағы бір көрсеткіш енгізіледі. Жаңа жүйеде адамның тек ай сайынғы төлемі ғана емес, жалпы қарызы мен жылдық табысының арақатынасы да есептеледі. Банктер ипотека, автонесие және кепілсіз қарыз бойынша бөлек лимит белгілейді. Соның нәтижесінде алдымен адамның жалпы қарыз алу мүмкіндігі анықталып, содан кейін әр несие түрі бойынша қанша сома рәсімдей алатыны есептеледі.

Адал емес құрылыс компанияларының тізілімі құрылады

1 шілдеден бастап Қазақстанда адал емес құрылыс салушылардың бірыңғай ресми тізілімі жұмыс істей бастайды. Бұл база тұрғын үй құрылысы саласында елеулі заң бұзушылықтарға жол берген компанияларды есепке алуға арналған.

Жаңа жүйе электронды форматта жүргізіледі және елдегі құрылыс нарығының ашықтығын арттыруға бағытталған. Тізілімді құрылыс нысаны орналасқан аумақтағы жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер жүргізетін болады.

Тізілімге енгізілген құрылыс компаниялары үшін ең басты шектеу – тұрғын үй құрылысы үшін жеке және заңды тұлғалардың қаражатын тартуға 3 жылға тыйым салынады. Яғни, мұндай компаниялар үлескерлермен жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады.

Бұл шектеу іс жүзінде компанияның тұрғын үй нарығындағы қызметін айтарлықтай шектейді.

Заңнамаға сәйкес, тізілімге енгізудің екі негізгі негізі бар:

  • көпқабатты немесе жеке тұрғын үйдің өз бетінше (рұқсатсыз) салынғаны туралы соттың заңды күшіне енген шешімі және оны бұзу (сүру) туралы үкім;
  • алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс бойынша соттың заңды күшіне енген үкімі немесе шешімі.

Яғни, тек ауыр құқық бұзушылықтар мен сот шешімдері негізінде ғана компания тізілімге енгізіледі.

Жаңа реестр ашық және жалпыға қолжетімді болады. Азаматтар құрылыс компаниялары туралы ақпаратты онлайн форматта тексере алады. Ақпарат Қазақстандағы бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының интернет-ресурсында жарияланады.

Базада келесі мәліметтер көрсетіледі:

  • компанияның атауы;
  • БСН (бизнес сәйкестендіру нөмірі);
  • заңды мекенжайы;
  • басшылар мен құрылтайшылар туралы мәліметтер;
  • тұрғын үй кешені туралы ақпарат;
  • тізілімге енгізілу себебі;
  • енгізілген күні.

Сонымен бірге заңнама жеке деректерді және коммерциялық құпияға жататын ақпаратты жариялауға тыйым салады.

Жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді

1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі ресми түрде қолданысқа енгізіледі. Жаңа заң аясында елдегі құрылыс нысандарына қойылатын талаптар айтарлықтай күшейтіледі. 

Жаңа талаптарға сәйкес, құрылыс және қайта жаңарту кезінде нысандардың қолжетімділігіне ерекше мән беріледі. Бұл әсіресе пандустарға, кіреберіс топтарына, санитарлық тораптарға, лифтілерге және ақпараттық навигация жүйелеріне қатысты.

Енді нысандарды пайдалануға беру кезінде «қолжетімді орта» талаптары тек құжат жүзінде емес, іс жүзінде толық орындалуы тиіс. Яғни, формалды сәйкестік емес, нақты пайдалануға ыңғайлы әрі қауіпсіз инфрақұрылым басты өлшемге айналады.

Қолжетімді орта — тек инфрақұрылым элементтері емес, ол әр азаматтың тең құқығын қамтамасыз ететін жүйе. Бұл — қозғалысы шектеулі адамдарға, балалы ата-аналарға, қарт азаматтарға және басқа да топтарға арналған қауіпсіз әрі ыңғайлы орта.

Мамандардың айтуынша, жаңа тәсіл құрылыс сапасын арттырып қана қоймай, қала кеңістігінің жалпы мәдениетін де өзгертуі тиіс.

Жаңа Құрылыс кодексіне сәйкес, нысандардың сәйкестігі туралы декларацияға қол қою функциясы өзгертіледі. Бұрын бұл процесс жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылса, енді ол әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне беріледі.

Бұған дейін біздің редакция қолжетімді орта мәселесі туралы материал жазған. Пандустардың сапасы, олардың стандартқа сай келмеуі немесе тек формалды түрде орнатылуы сияқты проблемалар қазір күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Оқи отырыңыз: Пандус кім үшін салынады? Көп жерде олар мүлде жоқ немесе талапқа сай емес

Жаңа Құрылыс кодексі осы олқылықтарды жоюға және шынайы инклюзивті қалалық орта қалыптастыруға бағытталған. Мамандардың пікірінше, бұл өзгерістер құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттырып, жалпы қалалық инфрақұрылым сапасына оң әсер етуі тиіс.

Осы тұста Алматы қаласында жүргізілген әлеуметтік эксперимент туралы айта кетейік. Нәтижелері көңіл көншітпейді. Журналистер арбаға таңылған адаммен бірге 43 қоғамдық нысанды аралап шыққан. Нәтижесінде тек 11 нысан ғана толық қолжетімді болып шығыпты, ал 25 нысан мүлдем қолжетімсіз деп танылған. Толық қолжетімді деп танылған нысандар қатарына негізінен қонақүйлер, банктер, медициналық орталықтар және мемлекеттік мекемелер кірген. Бұл жерлерде пандустар, шақыру батырмалары және арбаға ыңғайлы кіреберіс жолдар қарастырылған.

Ал қалған нысандарда: 

  • пандустар мүлде болмаған;
  • бар пандустардың өзі өте тік әрі стандартқа сай келмеген;
  • көмексіз көтерілу немесе түсу мүмкін емес;
  • шақыру батырмалары мен навигация жүйелері жоқ.

Статистикаға сүйенсек, Алматыда 60 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тұрады, олардың 2 мыңнан астамы арбамен жүреді. 

Кодекстегі тағы бір негізгі бағыттардың бірі – саланы толық цифрландыру. Енді қала құрылысы жобалары міндетті сараптамадан өтеді, әрбір құрылыс нысанына жеке бірегей нөмір беріледі, ал бақылау eQurylys және Градкадастр ақпараттық жүйелері арқылы жүргізіледі.

Құжатта сейсмикалық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген. Енді ғимараттарды жобалау кезінде сейсмикалық тәуекел міндетті түрде бағаланады, жаңа құрылыс конструкциялары сынақтан өткізіледі, ал тұрғын үй қоры кезең-кезеңімен паспорттан өтеді. 

Сонымен қатар Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының өкілеттігі кеңейтілді. Оның мамандары құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде жоспарлы және қашықтан тексеру жүргізе алады.

Мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелері ұзартылып, лицензия алу талаптары күшейтіледі. 

Сейсмикалық қауіпті аймақтардағы барлық ғимараттар мен құрылыстарға меншік нысанына қарамастан паспорттау жүргізіледі. Оның басты мақсаты – нысандардың нақты сейсмотұрақтылығын анықтап, күшейтуді немесе пайдалану тәртібін өзгертуді қажет ететін қауіпті ғимараттарды белгілеу. 

Самокаттарға қойылатын талаптар күшейтілді

1 шілдеден бастап электр самокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Жаңа заңға сәйкес электрлі самокат веложолда, веложолақтарда, 25 км/сағат жылдамдықпен жолдың оң жақ шетінде, оның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақ бойымен бір қатарда жүре алады. Ал тротуар мен жол жиегінде, жаяу жүргіншілер жолында 6 км/сағаттан аспайтын жылдамдықпен жүруі керек.

Сонымен қатар электрлі самокат көлікке арналған жолмен жүруге тек 18 жастан бастап рұқсат етіледі және жүргізуші куәлігінің кез келген санаты болуы керек.

Одан бөлек барлық электр самокаттары мемлекеттік тіркеуден өтіп, тіркеу нөмірі мен міндетті сақтандыру полисіне ие болуы тиіс.

Жалға берілетін самокаттарды пайдалану үшін мобильді қосымшада пайдаланушы өзінің ЖСН-ын көрсетуге міндетті. Бұл жүйе жүргізуші куәлігінің бар-жоғын автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді.

Жаңа ережеге сәйкес, бір самокатпен екі адамның бірге жүруіне тыйым салынады. Ал жаяу жүргіншілер өткелінен өткен кезде жүргізуші міндетті түрде самокаттан түсіп, жолды жаяу кесіп өтуі қажет.

Мопед, электрлі самокат және велосипед жүргізушілері жолдың жүріс бөлігінде шлем киюі керек.

Оқи отырыңыз: Тротуардағы самокаттар дәуірі аяқталды: Президент қол қойған заңды халық қалай қабылдады?

Жол қозғалысы ережесіне өзгерістер енгізілді

12 шілдеден бастап Қазақстанда Жол қозғалысы ережесіне бірқатар өзгеріс енгізіледі.

Енді көлік құралын тоқтатқан полиция қызметкері бірден жүргізушіге келіп, тоқтату себебін түсіндіруге және жүргізушінің талабы бойынша қызметтік куәлігін қолына ұстатпай көрсетуге міндетті.

Егер жол қозғалысы ережесін бұзу автоматты бейнетіркеу құралдары арқылы анықталса, полиция қызметкері жүргізушіге бейнежазбаны көрсетуге міндетті.

Сонымен қатар жылдамдықты асыру фактісі тек нақты жылдамдық бойынша ғана емес, сертификатталған автоматты құрылғылар арқылы есептелетін орташа жылдамдық негізінде де анықталатын болады.

Жаңа талаптар жаяу жүргіншілерге де қатысты. Егер қосулы жарқылдауық маягы бар жедел қызмет көлігі жақындаса, жаяу жүргіншілер оған жол беруге міндетті. Ал жолды кесіп өтіп бара жатқан азаматтар мүмкіндігінше тезірек жүру бөлігін босатуы тиіс.

Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы автотұрақтарға қатысты нақты шектеулер енгізіледі. Енді көлік құралдарын тротуарларға, балалар және спорт алаңдарына, көгалдарға, жасыл аймақтарға, қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдарға және автотұрақ ретінде арнайы белгіленбеген басқа орындарға қоюға болмайды.

«Теңге» сөзінің ресми жазылуы өзгереді

1 шілдеден бастап Салық кодексіне енгізілген терминологиялық түзетулер күшіне енді.

Енді кодекстің бүкіл мәтінінде ұлттық валютаның атауы бұрынғы «тенге» емес, «теңге» түрінде жазылады.

Бұл өзгеріс жаңа құжаттарға ғана қолданылады. Бұған дейін берілген құжаттарды қайта рәсімдеу талап етілмейді. 

Сондай-ақ құжаттарда «шетелдік» термині «шетелдік азамат» деп өзгертіледі. Ал «ақпараттық жүйелер» тіркесі «цифрлық жүйелер» атауымен ауыстырылады.

Ұлттық банктің мәліметінше, түзетулер Қазақстан Конституциясы мен Цифрлық кодекс талаптарына сәйкестендіру мақсатында әзірленген. Сонымен қатар құқықтық және тілдік бірізділікті қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Бірыңғай QR-код және банкаралық төлемдер

19 шілдеден бастап Қазақстанда банкаралық мобильді төлем жүйесінің жаңа ережелері күшіне енеді.

Жаңа жүйе түрлі банктердің клиенттеріне ұялы телефон нөмірі немесе QR-код арқылы бір-біріне ақша аударып, төлем жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кәсіпкерлер POS-терминал арқылы да, QR-код арқылы да қолма-қол ақшасыз төлем қабылдауға міндеттеледі.

Ең басты жаңалық – бірыңғай ұлттық QR-кодтың іске қосылуы. Оның арқасында сатып алушылар кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы бір QR-кодпен төлем жасай алады.

Егер кәсіпкер банк карталарын немесе QR арқылы төлем қабылдаудан негізсіз бас тартса, алғаш рет ескерту беріледі. Бір жыл ішінде қайталанса, оған 40-тан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік айыппұл салынады.

Несие алу талаптары қатаңдайды

1 шілдеден бастап Қазақстанда несие беру тәртібі өзгереді.

Енді банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушының төлем қабілетін тек мемлекеттік дерекқорлардағы ресми табысы негізінде бағалайды.

Бұрын несие рәсімдеу кезінде азаматтар анкетаға табысын өздері көрсететін. Енді мұндай тәжірибе жойылады. 

Жүйе тек ресми жалақыны, зейнетақы аударымдарын, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын, жеке кәсіпкердің ресми кірістерін және басқа да заңды расталған табыстарды есепке алады. 

Егер азаматтың ресми табысы мемлекеттік жүйелерде тіркелмесе, банк оның төлем қабілетін растай алмайды және несие беруден бас тартуы мүмкін.

Бұл талаптар дүкендердегі пайызсыз бөліп төлеу қызметіне де қатысты болады.

Сонымен бірге азаматтың барлық қолданыстағы несиелері бойынша ай сайынғы төлемі ресми табысының жартысынан асатын болса, оған жаңа несие, автонесие немесе бөліп төлеу автоматты түрде мақұлданбайды.

Банк қосымшаларында жеке тұлғаны тексеру күшейтіледі

12 шілдеден бастап Қазақстанда банктік мобильді қосымшаларда тіркелу тәртібі өзгереді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жаңа қаулысына сәйкес, енді банктің мобильді қосымшасында тек аты-жөнін және телефон нөмірін көрсету арқылы тіркелу мүмкін болмайды.

Қашықтан тіркелу кезінде банк клиенттің жеке басын бірнеше кезең бойынша тексеруге міндетті. Атап айтқанда, биометриялық сәйкестендіру жүргізіліп, азаматтың бет-бейнесі мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтермен салыстырылады. Сонымен қатар телефон нөмірінің нақты сол азаматтың ЖСН-на тіркелгені тексеріледі немесе электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) талап етіледі.

Әскерге шақыру толық цифрлық форматқа көшеді

4 шілдеден бастап әскери қызметке шақыру жүйесінде де жаңа цифрлық тәсіл енгізіледі.

Енді өңірлік қорғаныс істері жөніндегі департаменттер шақырылушылар туралы мәліметтерді мемлекеттік ақпараттық жүйелерден тікелей алады.

Шақыру комиссияларының барлық шешімі электрондық хаттамалар түрінде рәсімделеді.

Медициналық тексерудің қорытындылары, оның ішінде әскери қызметке жарамдылық дәрежесі азаматтың цифрлық есепке алу картасына енгізіледі. Сондай-ақ медициналық қорытындының сканерленген көшірмесі де осы жүйеге жүктеледі.

Шетелдік маркетплейстерден тауар әкелудің жаңа тәртібі

Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі шетелдік маркетплейстерден жеткізілетін тауарларға қатысты жаңа ережелерді бекітті.

Енді мұндай интернет-сатып алулар жеке пайдалануға арналған тауарлар санатынан шығарылып, электрондық сауда тауарлары ретінде рәсімделеді.

Олар үшін жеке кедендік декларация, баж салығы және салық қолданылады.

200 еуроға дейінгі тауарларға бұрынғыдай кедендік баж салынбайды.

Ал егер сатып алынған тауардың құны 200 еуродан асса, бүкіл сомаға 5 пайыздық баж салығы есептеледі. Бұл ретте төлем мөлшері әр килограмм үшін кемінде 1 еуродан төмен болмауы тиіс.

Бұдан бөлек, сатып алу құнының толық сомасынан 16 пайыз көлемінде қосылған құн салығы алынады.

Тауарлық газдың көтерме бағасы өседі

1 шілдеден бастап Қазақстанда тауарлық газдың көтерме бағасы шамамен 33 пайызға өседі.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл шешім жаңа газ кен орындарын игеруге инвестиция тарту және саланы дамыту мақсатында қабылданған.

Министрлік алдағы үш жыл ішінде көтерме бағаны кезең-кезеңімен, жыл сайын шамамен 33 пайызға арттыруды жоспарлап отыр.

Бұл өзгерістер тек тауарлық газға қатысты. Ал сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасы әзірге бұрынғы деңгейде сақталады.

Теміржол билеттерінің бағасы жаңа әдіспен есептеледі

1 шілдеден бастап жолаушылар пойыздарына билет құнын есептеудің жаңа әдістемесі енгізілді.

Енді жоғарғы және төменгі орындардың бағасы бірдей болмайды. Билет құны арнайы әзірленген параметрлер негізінде есептеледі.

Бұл тәсіл жолаушыларға өзіне ыңғайлы орын мен бағаны таңдауға мүмкіндік береді әрі тарифтік жүйені икемдірек етеді.

Сонымен қатар Қазақстанда магистральдық теміржол желісі мен жүк және жолаушылар тасымалы тарифтерін кезең-кезеңімен көтеру мәселесі қарастырылып жатыр. Алғашқы кезеңде олардың орташа өсімі шамамен 12 пайыз болуы мүмкін.

Елді мекендерді абаттандырудың жаңа қағидалары енгізілді

1 шілдеден бастап Қазақстанда елді мекендерді абаттандырудың жаңа үлгілік қағидалары күшіне енді.

Енді іргелес аумақ ұғымы нақты белгіленді. Ол ғимараттың, құрылыстың, қоршаудың, құрылыс алаңының немесе сауда нысанының айналасындағы бес метрлік аумақ.

Бұл аумақты күтіп-ұстау міндеті ғимарат иесіне немесе жер учаскесін жалға алушыға жүктеледі. Олар бұл жұмысты өздері атқаруға немесе арнайы ұйымдарды өз қаражаты есебінен тартуға тиіс.

Сонымен қатар үй жануарларын серуендететін азаматтарға да жаңа талап қойылады. Енді елді мекендерде үй жануарларының қалдықтарын тазалау міндетті болады. Ал серуендетуге арналған арнайы орындар тиісті белгілермен көрсетілуі тиіс.