Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойды. Енді электр самокаттарына тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге ресми түрде тыйым салынады. Caravan.kz медиа порталының тілшісі бұған дейін де самокаттардың мәселесі мен қолданылушылардың жауапкершілігі төңірегінде тақырыптар қозғаған.
Оқи отырыңыз: «Қаланы қаптаған самокат маусымы басталды»: Қазіргі жастардың жауапкершілігі неге төмен?
Айта кетейік, заң жобасы талқыланған кезде Мәжіліс депутаттарының бір бөлігі самокаттарға тротуармен жүруге рұқсат беру керек деп есептеген еді. Олар арнайы дайындықтан өтпеген пайдаланушылардың жаппай автомобиль жолына шығуы жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әкелуі мүмкін екенін алға тартқан. Алайда заңның соңғы редакциясында бұл ұсыныс қолдау таппады. Президент қол қойған заң бәрін өзгертті.
Неліктен мұндай шешім қабылданды?
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы электр самокаттары жүргізушілерінің кінәсінен елімізде 139 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 149 адам түрлі жарақат алған.
Ведомствоның айтуынша, әсіресе балалар мен жаяу жүргіншілер үшін қауіптің артуы заңнаманы қайта қарауға негіз болған.
Заңда не өзгерді?
Қабылданған түзетулерге сәйкес, «Жол жүрісі туралы» заңның 57-бабынан электр самокаттарына тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге мүмкіндік берген норма алынып тасталды.
Бұл заң күшіне енгеннен кейін электр самокаттарының тротуарда жүруіне толықтай тыйым салынатынын білдіреді.
Жаңа талаптар қашан күшіне енеді?
Жаңа заң 2026 жылғы 24 тамыздан бастап, яғни ресми жарияланған күннен кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы күннен бастап электр самокаттарының, мотор орнатылған велосипедтердің және жеке мобильділік құралдарының иелері жаңартылған талаптарды сақтауға міндетті болады.
Заңдағы тағы қандай өзгерістер бар?
Электр самокаттарына қатысты жаңа талаптардан бөлек, заңда жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған тағы бірнеше маңызды өзгеріс қарастырылған.
Соның бірі – жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарына мемлекеттік бақылаудың күшеюі. Енді жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган – Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді даярлайтын оқу орталықтарына қызмет жүргізуге рұқсат береді және олардың қызметіне тұрақты бақылау жүргізеді. Бұл жүргізушілерді даярлау сапасын арттырып, оқу процесіне қойылатын талаптарды күшейтуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, заң аясында:
- жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркейтін камераларды қолдану аясы кеңейтіледі;
- электромобильдер үшін арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлері енгізіледі;
- елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлікті тұраққа қоюға қатысты нормалар қайта қаралады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қабылданған түзетулердің барлығы жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге, жүргізушілерді даярлау жүйесін жетілдіруге және жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстандықтар не дейді?
Жаңа заң әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Пікірлер екіге жарылған.
Заңды қолдайтындардың айтуынша, мұндай шешім бұрыннан қажет болған. Олар тротуарда балалармен жүру қауіпті екенін, самокаттардың жоғары жылдамдықпен жүруі жаяу жүргіншілерге қауіп төндіретінін айтады. Кейбір қолданушылар енді заңның нақты орындалуын қатаң бақылап, талапты бұзғандарға айыппұл салу қажет деп есептейді.
Сонымен бірге заңға қарсы пікір білдіргендер де бар. Олардың сөзінше, мәселе самокаттың өзінде емес, қоғамдық кеңістікті пайдалану мәдениетінде.
«Адамдар қоғамдық кеңістікті дұрыс пайдалануды әлі толық меңгермеген. Кейбірі тротуарды жауып қояды, пандустарды көлікпен бөгейді. Бірақ осы үшін автокөліктерге ешкім тыйым салып жатқан жоқ», – деп жазады желі қолданушыларының бірі.
Тағы бірқатар пікірде электр самокаттары көптеген адам үшін жай ғана көлік емес, күнделікті жұмыстың бір бөлігі екені айтылады. Әсіресе курьерлер азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу үшін самокатты жиі пайдаланады. Сондықтан кейбір азаматтар тыйым салмас бұрын қауіпсіз инфрақұрылым жасалып, балама бағыттар қарастырылуы тиіс деген пікірде.
Сонымен қатар әлеуметтік желі қолданушыларының көбі енді электр самокаттарымен қай жерде жүруге болатынын сұрап жатыр. Басқалары болса, заң қабылданғанымен, оның нақты қалай орындалатыны мен бақылаудың қаншалықты тиімді болатынына алаңдаушылық білдіруде.