Алматы облысында 65 мыңнан астам тұрғынға қызмет ететін жаңа өрт сөндіру депосы ашылды. - kaz.caravan.kz
  • $ 464.71
  • 531.26
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
13 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысында 65 мыңнан астам тұрғынға қызмет ететін жаңа өрт сөндіру депосы ашылды.

Алматы облысында 65 мыңнан астам тұрғынға қызмет ететін жаңа өрт сөндіру депосы ашылды.

Алматы облысының Талғар қаласында №17 өрт сөндіру депосы ел игілігіне берілді.

  • 13 Шiлде
  • 13
Фото - Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Заманауи нысан 65 мыңнан астам тұрғынды өрттен қорғауға мүмкіндік береді. Ғимарат халықаралық талаптарға толығымен сай келеді. Мұнда арнайы техникаларға арналған кең көлікжай, жөндеу шеберханалары, оқу сыныптары, спортпен шұғылдануға арналған бөлмелер, демалыс орындары және соңғы үлгідегі радиобайланыс пункті қарастырылған. Сонымен қатар қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлініп, депо аумағында өрт сөндірушілерге арналған төрт қызметтік пәтер бой көтерген, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фото — Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Салтанатты рәсімге ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Дәурен Оразбеков, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты.

Алғашқы құттықтау сөз Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновке берілді. Министр жаңа депоның өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды.

Фото — Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Бүгін біз жай ғана жаңа өрт сөндіру нысанын ашып отырған жоқпыз. Бұл – дер кезінде жүзеге асқан маңызды жоба. Бұрынғы ғимарат әбден тозып, қазіргі заман талабына сай келмейтін еді. Ал Талғар қаласы бүгінде қарқынды дамып, халық саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар елді мекендер арасындағы қашықтық пен жол ұзындығы өрт сөндіру қызметінің жедел әрекет етуіне қосымша қиындық туғызатын. Сондықтан бұл депоның пайдалануға берілуі өрт сөндіру жасақтарының оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартады. Ал төтенше жағдайда әрбір секундтың маңызы зор», – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Министрдің айтуынша, нысанның орналасқан орны мамандардың жан-жақты сараптамасы негізінде таңдалған. Жоба небәрі 100 күнде жүзеге асырылып, оның жалпы құны шамамен 350 миллион теңгені құрады. Құрылыс республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды. Нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен және Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен салынды. Дәл осындай өрт сөндіру бекеті Кеген ауданында және Шыңгелді ауылында пайдалануға берілген. Алдағы уақытта мұндай нысан Шелек ауылында да салынады. Сонымен қатар Қарасай, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарында да жаңа өрт сөндіру бөлімдерін кезең-кезеңімен ашу жоспарланып отыр.

Салтанатты рәсім барысында Шыңғыс Әрінов жаңа депоның құрылысына үлес қосқан азаматтарға ведомстволық марапаттарды табыстады. Сондай-ақ «Toyota Hilux» және АЦ-5-40 КамАЗ арнайы техникаларының кілтін тарту етті. Бірқатар өрт сөндірушіге қызметтік пәтердің кілттері берілді. Ал жаңа өрт сөндіру депосының кілті аға лейтенант Ришат Рахимовқа табысталды.

Шара барысында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев заманауи үлгіде бой көтерген бұл депо өрт сөндірушілердің еңбек жағдайын жақсартып, олардың кәсіби шеберлігін шыңдауға жол ашатынын айтты.

«Төтенше жағдайлар қызметі – мемлекетіміздің берік қалқаны, ал құтқарушылар – еліміздің нағыз бейбіт күндегі батырлары. Өрт сөндіруші мамандығы тек кәсіби дағдыны ғана емес, ержүректілікті және Отанға деген шексіз адалдықты талап етеді. Сондықтан да Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен құтқарушыларымызға қолайлы жағдай жасау, оларды заманауи техникамен және сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар елімізде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы орайда, материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары тек бір ауданмен шектелмейтінін атап өткен жөн. Биылдың өзінде Нарынқол және Кеген ауылдарында, Талғар ауданының Жаңалық, Нұра ауылдарында заманауи модульдік өрт сөндіру депосының құрылысы сәтті аяқталып, ел игілігіне берілді. Мұның бәрі – халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан нақты қадамдар», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ бірқатар қызметкерге Алғыс хат пен жаңа техникалардың кілтін табыс етті.

Фото — Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жалпы ауданы 1154 шаршы метр болатын жаңа депо модульдік технология бойынша салынған. Ғимарат кеңейтуге қолайлы әрі тез құрастырылатын конструкциялармен жабдықталған. Мұнда заманауи байланыс және диспетчерлік жүйелер орнатылған, демалыс, киім ауыстыру, оқу-жаттығу және жеке құрамның даярлығына арналған бөлмелер қарастырылған.

Депода 18 қызметкер тәулік бойы кезекшілік атқарады. Олардың қарамағында төрт өрт сөндіру автокөлігі және жедел әрекет етуге арналған Toyota Hilux автокөлігі бар.

Салтанатты шара барысында жаңа ғимараттың қызыл лентасы қиылып, ақсақал ақ батасын беріп, дәстүрлі түрде шашу шашылды. Одан кейін қонақтар өрт сөндіру депосын аралап, оның материалдық-техникалық базасымен танысты.

Фото — Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото — Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото — Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі