Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Заңға енгізілген өзгерістердің бірі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске қатысты.
Жаңа нормаға сәйкес, суррогат ана қызметіне тапсырыс беруші тек Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған жұптар ғана бола алады.
Сондай-ақ заңда суррогат анамен шарт жасасатын ерлі-зайыптылардың міндеттері нақтыланған. Олар:
- суррогат ананың медициналық тексеруден өтуіне байланысты шығындарды өтеуге;
- қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану шығындарын төлеуге;
- репродуктивтік технологияларды қолданатын медициналық ұйымдарға өзінің дене және психикалық денсаулығы туралы медициналық қорытындыны, сондай-ақ медициналық-генетикалық тексеру нәтижелерін ұсынуға;
- суррогат ананың жүктілік, босану кезеңіндегі және босанғаннан кейінгі 56 күн ішіндегі медициналық қызмет көрсету шығындарын төлеуге міндетті.
Егер жүктілік немесе босану кезінде асқынулар туындаса, медициналық қызмет көрсету шығындары босанғаннан кейінгі 70 күнге дейінгі кезеңге өтеледі.
Сонымен қатар қабылданған заң аясында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер деңгейіне жекелеген кіріс көздерін беру мәселесіне қатысты да өзгерістер енгізілді.
Заңға сәйкес, енді аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің бюджетіне мынадай кіріс көздері беріледі:
- заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығы (кірістерді бөлу нормативтерін аудандық немесе облыстық маңызы бар қала мәслихаты белгілейді);
- қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығына лицензиялық алым (алым төлеушінің орналасқан жері бойынша, уәкілетті мемлекеттік органға немесе жергілікті атқарушы органға құжаттар тапсырылғанға дейін не рұқсат құжаттары алынғанға дейін);
- мұнай секторындағы ұйымдардан түсетін түсімдерді қоспағанда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган салатын айыппұлдар мен өзге де өндіріп алулардан түсетін қаражат.
Сонымен қатар заңда Қазақстан Республикасының азаматы мәслихат төрағасы лауазымына қатарынан екі мерзімнен артық сайлана алмайтыны белгіленді.
Сондай-ақ «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жаңа «Мәслихат аппараты басшысының құзыреті» атты баппен толықтырылды.
Заңға сәйкес, мәслихат аппаратының басшысы мынадай өкілеттіктерге ие болады:
- мәслихат аппаратының қызметіне басшылық жасайды;
- өз құзыреті шегінде аппараттың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
- мәслихат аппаратының «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін мемлекеттік лауазымдарға тағайындайды және қызметтен босатады;
- аппараттың тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
- қызметтік тәртіптің сақталуын бақылайды;
- іссапарға жіберу, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақы белгілеу мәселелерін шешеді;
- аппарат қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелерін қарайды;
- өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;
- мәслихат сессияларын, тұрақты және уақытша комиссиялардың отырыстарын ұйымдастырады;
- мәслихат шешімдерінің жобаларын, депутаттарды іссапарға жіберу туралы бұйрықтарды, сондай-ақ мәслихат төрағасы немесе тұрақты комиссия төрағасы болмаған кезде олардың міндеттерін жүктеу туралы құжаттарды әзірлейді;
- депутаттардың біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастырады;
- заңнамада көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Заң аясында бұдан өзге де бірқатар түзетулер қабылданды. Атап айтқанда:
- инвестициялық келісімшарт жасасқан инвесторлар мен стратегиялық кәсіпкерлік субъектілеріне жер учаскелерін бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу немесе түзету аяқталғанын күтпей-ақ икемді тетік арқылы беру мүмкіндігі енгізілді;
- сот сараптамасы қызметіне мемлекеттік емес субъектілердің қатысуын жүйелеу және реттеу мақсатында «жекеше сот сарапшысы» ұғымы енгізілді. Бұл жаңа сот-сараптама субъектілерін құруды көздемейді, керісінше бұрыннан қалыптасқан тәжірибені институционалдық тұрғыдан бекітіп, құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге бағытталған;
- EPC+F тетігін қолдану аясы кеңейтілді. Енді мемлекеттік міндеттемелерді орындау шеңберінде мемлекеттік органдармен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілері де тапсырыс беруші бола алады;
- «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қатысушылардың тізімі кеңейтілді. Бағдарламаға цифрлық технологиялар және архив ісі саласының мамандары енгізілді.
Заң 2026 жылғы 26 шілдеден бастап күшіне енеді. Жекелеген нормалардың қолданысқа енгізілу мерзімі өзгеше болып белгіленген.