Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол Instagram желісіндегі парақшасында жарыс қорытындысы өзін қатты ойландырғанын айтып, қазақ боксының әлемдік деңгейдегі беделіне сай нәтижеге қайта оралу үшін қателіктерден қорытынды шығару қажет екенін жазды.
«Джакартада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының қорытындысы мені қатты ойландырды. Қазақ боксы – әлемге танылған, бай тарихы мен жеңіс дәстүрі бар мектеп. Сондықтан бұл нәтиже бәрімізге үлкен сабақ болуы керек.
Мақсатым – ешкімді кінәлау емес. Қазақ боксының жанашыры ретінде өз пікірімді білдіру. Әр жеңілістен дұрыс қорытынды шығарып, қателіктерді ашық талдап, заман талабына сай өзгеруіміз қажет.
Бүгінде Азия елдері қарқынды дамып, ғылыми дайындық пен заманауи әдістерге басымдық беруде. Біз де бұрынғы жетістіктерге ғана сүйенбей, жаңа көзқараспен жұмыс істеуіміз керек.
Қазақстанда талант та, тәжірибелі бапкерлер де жеткілікті. Енді сол әлеуетті нақты нәтижеге айналдыратын уақыт келді. Мен қазақ боксының қайтадан Азияда ғана емес, әлемде де көшбасшы болғанын қалаймын.
Бұл – сын емес, қазақ боксын шын жүректен жақсы көретін адамның жанайқайы. Сенемін, дұрыс қорытынды жасап, бұдан да мықты болып ораламыз», — деп жазды ол.
Сондай-ақ, ол жарыстың қорытындысына қатысты бейнеүндеу жасап, Өзбекстан құрамасының жетістігін мойындауға шақырды.
«Индонезия астанасы Джакартада өткен Азия чемпионатының қорытындысы жайлы айтқым келеді. Айтпасаң сөздің атасы өледі. Жер болдық. Екінші орын құтты болсын. Бокс жанкүйерлері «Өзбекстан сатып алды» деген секілді әңгімелер айтып жатыр. Ол — қате. Өйткені, жеңілгенді мойындағанның өзі ерлік. Біз бұл жолы жеңілгенімізді мойындауымыз керек. Иә, 1-2 жекпе-жекте төрешілердің күмәнді шешімдері болды. Бірақ, қалай десекте 9 алтынмен бізден алға шығып кетуі ешқандай ақталуға келмейтін нәтиже. Өзбекстан құрама командасын көп мақтаудың қажеті жоқ. Олардың нәтижелері істеген істерінің нақты көрсеткіші. 20 алтын — өте керемет көрсеткіш, жүйелі жұмыстың жемісі. Өзбекстан құрамасының бапкерлерін мақтап өткім келеді. Барды бар деп мойындау керек», — дейді ол.
Еске сала кетейік, 3–16 шілде аралығында Индонезияның Джакарта қаласында бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға 26 елден 400-ден астам боксшы қатысты. 40 салмақта бақ сынаған Қазақстан құрамасы жарысты 11 алтын, 11 күміс және 8 қола медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Ал Өзбекстан құрамасы 20 алтын, 6 күміс және 6 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте бірінші орыннан көрінді.