"Жарты ғасырға жуық бізге әке болды": Мұхаммеджан Тазабек отбасы туралы сырымен бөлісті - kaz.caravan.kz
  • $ 469.59
  • 536.22
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Жарты ғасырға жуық бізге әке болды": Мұхаммеджан Тазабек отбасы туралы сырымен бөлісті

"Жарты ғасырға жуық бізге әке болды": Мұхаммеджан Тазабек отбасы туралы сырымен бөлісті

Айтыскер ақын, психолог және қоғам белсендісі Мұхамеджан Тазабек әке орнын басқан ағасының 70 жасқа толуына орай жүрекжарды жазба жариялады.

  • 21 Шiлде
  • 19
Фото:www.instagram.com/mukhamedzhan_tazabek/ Коллаж: Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Оның айтуынша, әкесі өмірден өткеннен кейін анасы туған қайнысы Бақытжанмен қазақтың әмеңгерлік дәстүрі бойынша шаңырақ көтерген.

«Бүгін әке орынындағы әкем, анамның жары, немерелерінің атасы, шөберелерінің бабасы — Бақытжан тәтем (Таразда көкені “тәте” деп айтамыз) 70 ке толып жатыр.

Марқұм әкем өмірден өткесін, анам жесір қалады. Көп өтпей, үлкендердің ұйғарымы, екі жақтың батасы, жүректердің қалауымен туған бауыры әмеңгерлікпен ақ некесін қиып алады. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт әке орынына бізге әке боп, өз кіндігінен де ұрпақ өрбітіп, шаңырағымыздың отағасы боп келеді. Енді міне, әулетіміздің де ақсақалына айналды», — деп жазды ол.

Сондай-ақ қоғам белсендісі Бақытжан ақсақалдың өздерін ешқашан алаламағанын, барлық бастамасына қолдау көрсетіп, анасымен тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанын атап өтті.

«Аллаға шүкір! Бетімізден қаққан жоқ, үлкен жүрегімен аялап, әр бастамамызға қолдау білдіріп, осы күнге дейін сыйластықпен келе жатырмыз. Анамызбен жарасып, ұл-қыздарының жақсылығын көріп жатыр.
Батыспен де, шығыспен де құда болды, қажылығын өтеді, ағайынмен арасы жақсы, бір сөзбен айтқанда — бір жігіттің бақытын басынан өтеріп жатқан тұлға!

Үйдің үлкені мен. Менен кейінгі ұлдары да “әке” деп бәйек боп, қызметіне жарап тұр. Айдын — ұстаз! Құраннан сабақ беріп, ағартушылықпен айналысып, көпке шуақ шашуда.

Кенже ұлы — Айдос! Қара шаңырақтың иесі. Сүйкімді немерелер сыйлап, күндіз-түн ата-анасының бабын жасап, батасын алуда. Екі қыз орынын тапқан. Жиендермен қыдырып, келіп-кетіп тұрады.

Бүгін Қарағандыдан келе сала, ұрпақтары алдынан шығып, дастархан жайып, тосын сый жасапты…. Сол қуаныштан үзік видео…», — деп жазды Мұхамеджан Тазабек.

Ол сөз соңында ата-анасына ұзақ ғұмыр мен мықты денсаулық тілеп, ұрпақтарының қызығын бірге көре беруіне тілектестік білдірді.