Қазақстан мен Қытай биопестицидтерді бірлесіп әзірлейді  - kaz.caravan.kz
  • $ 467.65
  • 533.26
+27 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан мен Қытай биопестицидтерді бірлесіп әзірлейді 

Қазақстан мен Қытай биопестицидтерді бірлесіп әзірлейді 

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты және Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Өсімдік қорғау институты өзара түсіністік туралы үшжақты меморандумға қол қойды.

  • 23 Шiлде
  • 4
Фото: Ауыл шаруашылық министрлігі

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан мен Қытай өсімдіктерді биологиялық қорғау саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты және Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Өсімдік қорғау институты өзара түсіністік туралы үшжақты меморандумға қол қойды.

Құжат заманауи биопестицидтерді бірлесіп әзірлеуді, озық технологиялар трансфертін, Қазақстан аумағында өсімдіктерді биологиялық қорғау құралдарының өндірісін жергіліктендіруді, сондай-ақ жоғары білікті мамандар даярлауды көздейді, – деп жазылған хабарламада.

Меморандумға Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Өсімдік қорғау институты, Қытай ауыл шаруашылығы университеті (CAU) және Zhongbao компаниясы делегациясының Қазақстанға сапары барысында қол қойылды.

Тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, өсімдіктерді қорғауға арналған жаңа биологиялық құралдарды әзірлеу және сынақтан өткізуді, ғылыми әзірлемелер мен технологиялармен алмасуды, академиялық алмасу және кадрлар даярлау бағдарламаларын жүзеге асыруды, сондай-ақ болашағы зор ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға жәрдемдесуді жоспарлап отыр.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыты – Қазақстан аумағында заманауи биопестицидтер өндірісіне жағдай жасау. Жобаны іске асыру экологиялық қауіпсіз өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану аясын кеңейтуге, импорттық өнімге тәуелділікті төмендетуге, отандық агроөнеркәсіп кешеніне инновациялық шешімдерді жедел енгізуге және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Қазақстан мен Қытайдың жетекші ғалымдары мен сарапшыларын біріктірген «Зиянды организмдерді басқару жүйесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинарда өсімдіктерді кешенді қорғаудың заманауи тәсілдері, зиянкестермен күрестің биологиялық әдістерін дамыту перспективалары, фитосанитариялық жағдайды мониторингтеудің инновациялық технологияларын енгізу, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру тетіктері талқыланды.

Қазақстандағы сапары барысында Қытай делегациясы отандық ғылыми ұйымдардың қызметімен, аса қауіпті зиянды организмдерді мониторингтеудің заманауи технологияларымен танысып, агроөнеркәсіп кәсіпорындарын аралайды.