Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінгі күні Шардара су қоймасындағы су көлемі — 3 млрд 392 млн текше метр. Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына тасталып жатқан су көлемі — 550 текше метр.
— Көксарай су реттегішінде 23,01 млн текше метр су бар, төменге су тасталып жатқан жоқ. Қызылорда облысының шекарасына Көктөбе су бекеті арқылы секунд сайын 525 текше метр су келіп жатыр. Каналдар арқылы су толық беріліп келеді — секундына 381,66 текше метр, — деді инспекция басшысы Зейнулла Қазтоғанов.

Арал теңізіне жыл басынан бері 1 млрд 025 млн текше метр су түскен.
— Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жұмыс кестесі бақылауымызда. Жергілікті атқарушы органдар және су шаруашылығы ұйымдары Сырдария өзеніндегі су шаруашылығы жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіп отыр, — деді инспекция басшысы.
Жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізіне қосымша 1,2 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр.