Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесті - kaz.caravan.kz
  • $ 476.07
  • 541.86
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесті

Екі ел басшысы сауда, инвестиция және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.

  • 26 Шiлде
  • 3
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелерді талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Омбы төрінде қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар ХХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясындағы бүгінгі жүздесу Қазақстан-Ресей ықпалдастығының негізгі бағыттарындағы жан-жақты диалогты жалғастырып, алдағы қадамдарды нақтылауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Біз – аса ірі сауда серіктестеріміз. Былтыр сауда көлемі шамамен 28 миллиард долларды құрады. Биылғы беталысымыз да өте жақсы. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, биыл бес айда өзара сауда көлемінің қарқыны айтарлықтай арта түсті. Ресей экономикамызға инвестиция салатын елдердің арасында көш бастап тұр. Инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында жалпы құны 53 миллиард доллар болатын 177 перспективті өнеркәсіп жобасының тізімі жасақталды. Оның 122-сі іске асырылды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл – көңіл қуантатын жетістік», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы гуманитарлық саладағы ықпалдастық деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалын ашуға қолдау білдіргені үшін Ресей мемлекетінің басшысына ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын бірлесе салу жобасының ағымдағы жағдайы туралы пікір білдірді.

«Маған Балқаш көлі маңында нысан орнын дайындау жұмыстары аяқталуға жақындағанын баяндады. Бұл жоба Қазақстан аумағында энергияның жаңа түрін өндіруге ғана қатысты емес. Ол сонымен қатар мемлекеттеріміздің, ең бастысы, халықтарымыздың және өскелең ұрпақтың арасында алтын көпір болады. Өйткені біз Ресей көмегімен техникалық кадрларды, кейін атом индустриясы сияқты аса күрделі салада жұмыс істейтін жергілікті қазақ мамандарын даярлағымыз келеді», – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу мәселесіне қатысты өз ұстанымын да жеткізді.

«Өзіңізге мәлім, мен әуел бастан мұның мемлекетаралық қақтығыс екенін айтқанмын. Бұл қандай да бір азаматтық соғыс емес. Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қараймыз. Аталған қақтығыстың көпшілік үшін, соның ішінде біз үшін түсініксіз тұстары көп. Білуімше, сіз Аляскадағы Анкориджде өткен кездесуде дипломатиялық тұрғыдан барынша икемділік таныттыңыз. Осы орайда өз пікірімді білдіргім келеді. Өйткені маған да өтініштер айтылады. Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстанбұл формуласына оралған дұрыс. Себебі аталған келіссөз барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген еді. Содан кейін алпауыт елдердің, соның ішінде Ресейдің кепілдігі арқылы көптен күткен бейбітшілікке қадам басуға болады.  Қазақстан – бұл мәселеде сырт қалатын ел емес. Алайда қаншама мәрте ұсыныстар мен үндеулер айтылғанына қарамастан, мен бұл қақтығыста арағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені Ресей – ұлы ел, ал орыс халқы – ұлы халық. Күн тәртібіндегі барлық мәселені делдалсыз-ақ шеше алады. Алайда бүгін өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Себебі адамдар менің Омбыға жоспарлы сапарымнан, Сізбен кездесуімнен хабардар. Тығырықтан қалай шығу керек екенін ешкім білмейді. Қос тараптың өз ұстанымы бар. Әйтсе де, осы алауыздықты уақытша доғаруға болады. Бұл – сынақтан өткен халықаралық тәжірибе, амал. Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені, менің ойымша, қазіргі болып жатқан жағдай Ресей және Украина мемлекеттерінің дұшпандарына ғана тиімді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ғарыш, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.