“Америкада бар ринг пен бапкер бізде де бар”: Айдар Шәрібаев ұлттық құраманың АҚШ-тағы дайындығын сынға алды - kaz.caravan.kz
  • $ 476.07
  • 541.86
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Америкада бар ринг пен бапкер бізде де бар”: Айдар Шәрібаев ұлттық құраманың АҚШ-тағы дайындығын сынға алды

“Америкада бар ринг пен бапкер бізде де бар”: Айдар Шәрібаев ұлттық құраманың АҚШ-тағы дайындығын сынға алды

Танымал кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Қазақстан ұлттық құрамасының дайындығына қатысты пікір білдірді.

  • 27 Шiлде
  • 5
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Оның айтуынша, Лос-Анджелестегі бір айлық оқу-жаттығу жиыны қазақстандық боксшыларға айтарлықтай пайда әкелмейді. Спортшы мұндай қысқа мерзімде жаңа тәжірибе жинақтау мүмкін емес екенін айтып, бұл сапарға қомақты қаржы жұмсалғанын алға тартты.

“Әңгіме тағы да бокс федерациясы жайлы болмақ. Әлеуметтік желіден өздеріңіз көргендей, ерлер құрамасы Лос-Анджелесте қаласында кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Дәл осы оқу-жаттығу жиындары біздің боксшыларға керек пе? Америкада бар ринг пен бапкер бізде де бар. Бізде бір-ақ нәрсе жоқ. Олар — спарринг жасайтын боксшылар. Ол жақтағы Куба, Мексика, Америка стиліндегі боксшылар олимпиадада бізге қарсылас болады. Бір айлық оқу жаттығу жиыны бізге бір нәрсе бере ме? Әрине, жоқ. Қандай мықты талантты боксшы болсаң да бір айда ешқандай тәжірибе алып үлгермейсің. Ал қаншама қаржы кеткенін бокс федерациясы мен спорт министрлігі мәлімдей жатар. Менің есебімде шамамен кемінде 500 мың доллар кетті”, — дейді ол.

Сондай-ақ, кәсіпқой боксшы Қазақстанда теңіз деңгейінен шамамен 1800 метр биіктікте орналасқан заманауи бокс базасын салу қажет екенін айтты.

“Мен бұл жерде сын айту үшін емес, боксқа жаны ашыған адам ретінде өзімнің ойымды, есебімді айтқым келеді. Еліміздегі ең мықты, тәжірибелі кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің өзі Колифорния штатындағы теңіз деңгейінен 2000 метр биіктіктегі базада жаттығу өткізген. Одан бөлек, Азиядағы бірінші қарсыласымыз Өзбекстан құрамасының базалары теңіз денгейінен 1800 метр биіктікте орналасқан. Біз Олимпиадаға дейін тез арада теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте орналасқан бокс базасы керек. Одан кейін боксшыларымызды мұхит асырып, тентіретпей, сол жақтағы америкалық, кубалық, мексикалық стильдегі екінші, үшінші нөмірлі боксшыларды 1 жылға елге алып келіп, тәжірибелерін алу керек”, — дейді Айдар Шәрібаев.