Алтын үшін өзен арнасын өзгерткен: Қазақстанда заңсыз кен орны табылды - kaz.caravan.kz
  • $ 473.4
  • 539.39
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
28 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алтын үшін өзен арнасын өзгерткен: Қазақстанда заңсыз кен орны табылды

Алтын үшін өзен арнасын өзгерткен: Қазақстанда заңсыз кен орны табылды

Шығыс Қазақстан облысында алтынды заңсыз өндірумен айналысқан топтың жолы кесілді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қаскөйлер бағалы металды өндіру үшін өзен арнасын өзгертіп, қоршаған ортаға айтарлықтай залал келтірген

  • 28 Шiлде
  • 4
Бейнеден кадр

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

ҚМА ақпараты бойынша, заңсыз кен орны Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылының маңында орналасқан. Операцияны Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚМА департаментінің қызметкерлері ҰҚКД және мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп жүргізді.

«Құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндіру және өңдеу жұмыстарының салдарынан қоршаған ортаға елеулі зиян келтірілді: топырақтың құнарлы қабаты жойылып, деградацияға ұшыраған, жердің табиғи бедері бұзылған, сондай-ақ өзен арнасы өзгертілген», — деп хабарлады ҚМА.

Тергеу мәліметтері бойынша, жұмыстар ауыр техника мен өндірістік кешендерді қолдана отырып, шамамен 30 гектар алқапта жүргізілген. Заңсыз әрекетке 30-дан астам жұмысшы, соның ішінде ҚХР азаматтары тартылған.

Тінту барысында алты 40 тонналық ауыр жүк көлігі, төрт шынжыр табанды экскаватор, алдыңғы тиегіш, сондай-ақ алтын кенін өндіруге және жууға арналған екі өндірістік кешен тәркіленді.

Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚМА Ақмола облысында алтын өңдейтін жасырын цехтың анықталғаны туралы хабарлаған болатын. Ведомство мәліметінше, бір топ адам Шортанды ауданында бағалы металдарды заңсыз өндіруді ұйымдастырып, онда алтын кенін өңдеу және бағалы металдарды алу үшін цех жабдықтаған.