Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Астанада «Болашақ ойындары 2026» (The Games of the Future 2026) powered by Samruk-Kazyna халықаралық турнирінің ашылуына арналған баспасөз мәслихатында Phygital International ұйымының бас директоры Меркли Қазақстанның фиджитал-спортты дамытудағы рөліне жоғары баға берді.
Ол алдымен Қазақстан Үкіметіне, Туризм және спорт министрлігіне, серіктестерге, жергілікті ұйымдастыру комитетіне және турнирді өткізуге атсалысқан барлық азаматқа алғыс айтты.
Мерклидің айтуынша, «Болашақ ойындары» жай ғана халықаралық жарыс емес, физикалық дайындық пен бәсекелі геймингті бір арнаға тоғыстырған жаңа спорт моделін танытатын бірегей жоба.
Бүгінде фиджитал-спорт әлемнің 115-тен астам елінде дамып келеді. Ол спортшыларды, клубтарды, мемлекеттік құрылымдарды, технологиялық серіктестерді және спорт ұйымдарын біріктіретін жаһандық қозғалысқа айналды, – деді ол.
Phygital International бас директоры Қазақстанның инновацияларды, технологияларды, жастарды дамыту мен халықаралық ынтымақтастықты қолдауға бағытталған саясаты Астананы мұндай ауқымды халықаралық турнирді өткізуге лайықты алаңға айналдырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, алдағы 12 күн ішінде әлемнің үздік спортшылары сегіз дисциплина бойынша бақ сынап, физикалық шеберлік, бәсекелі гейминг және стратегиялық ойлау қабілеттерін ұштастыратын фиджитал-спорттың мүмкіндіктерін көрсетеді.

Бұл ойындар тек жарыс қана емес. Олар спорт, технология және инновация бірігіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын дәлелдейді. Біз Астанада әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылардың басын қосып, Қазақстанды халықаралық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік алғанымызды мақтан тұтамыз, – деді Меркли.
Ол қабылдаушы тарапқа, серіктестерге, спортшыларға, ресми тұлғаларға, еріктілерге және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне алғыс білдіріп, «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің жарқын әрі табысты өтетініне сенім білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Dota 2 турниріне жалпы 16 команда қатысып, 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қорын сарапқа салатыны хабарланды.
Сондай-ақ, «Болашақ ойындары-2026» — турнирдің жүлде қоры 4,65 млн доллар екені хабарланды.
«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтеді. Дүбірлі додаға 50-ден астам ұлттың 800-ден астам спортшысы қатысады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанада 29 шілде күні «Болашақ ойындары-2026» халықаралық фиджитал-турнирі басталады. Премьер-министр Олжас Бектенов Астананың спорттық және қалалық инфрақұрылымын үшінші халықаралық мультиспорттық турнирді өткізуге дайындау барысымен танысты.