Жасанды интеллект ақпаратты іздеу, мәтін дайындау, талдау және білім алу салаларына жылдам еніп келеді. Бірнеше минут ішінде мәтін құрастырып, күрделі тақырыпты түсіндіріп, идея ұсынып немесе үлкен көлемдегі ақпаратты жүйелеуге мүмкіндік беретін технология журналистика мен білім беру саласының жұмыс тәсілін де өзгертіп жатыр. Алайда технология дамыған сайын ақпараттың шынайылығына, адамның сыни ойлауына және кәсіби жауапкершілікке қатысты сұрақтар күн тәртібіне шыға бастады. Осы ретте Сaravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты сарапшылардың пікіріне сүйене отырып тарқатады.
Елімізде аталмыш үдеріс жаңа кезеңге өтті. 2025–2026 оқу жылынан бастап мектептердегі «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізіле бастады. Ал 2026 жылы орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуге арналған 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп, технологияны қауіпсіз қолдану, академиялық адалдық, дербес деректерді қорғау және педагогтердің біліктілігін арттыру мәселелеріне басымдық беріліп отыр.
Жоғары оқу орындарында да жасанды интеллект пен журналистиканы ұштастыратын білім беру бағдарламалары пайда болды. Кейбір бағдарламаларда студенттер дата-журналистика, медиаталдау, фактчекинг және жасанды интеллект құралдарын қолдануды қатар меңгереді.
Технологияның мүмкіндігі артқан сайын, жасанды интеллект адамның ойлау, іздену және жауапкершілік функцияларын қаншалықты алмастыра алады деген сұрақ ортаға шығып отыр.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің қауымдастырылған профессоры, журналист әрі ғалым Әлібек Бегалинов бұл мәселеде жасанды интеллектіні адамның орнын басатын құрал емес, жұмысты жеңілдететін технология ретінде қарастыру керек деп есептейді.
Журналист үшін жылдамдық емес, шынайылық маңызды
Журналистикада жасанды интеллектіні қолданудың мүмкіндігі көп. Ол ақпаратты жүйелеуге, тақырып пен идея ұсынуға, мәтіннің құрылымын реттеуге, дайын материалды өңдеуге көмектесе алады. Бегалиновтың айтуынша, журналист үшін мұның ең үлкен артықшылығы – уақытты үнемдеу.
«Жасанды интеллект, ең алдымен, уақытты үнемдейді. Журналист тақырып немесе идея іздеген кезде, ол бірнеше нұсқаны әлдеқайда жылдам ұсына алады. Егер дайын нобай, хабарландыру немесе мақаланың бастапқы нұсқасы болса, мәтінді құрылымдап, түрлі нұсқасын жасауға да көмектеседі».
Алайда технологияның осы артықшылығы журналистің негізгі міндетін өзгертпейді. Ақпараттың дұрыстығын тексеру бұрынғыдай журналистің жауапкершілігінде қалады. Бегалинов жасанды интеллектінің басты кемшіліктерінің бірі ретінде ақпаратты тексеру қажеттігін атап өтті.
«Ең бастысы ақпараттың қаншалықты шынайы екенін тексеру. Жасанды интеллект кейде ақпаратты асырып жіберуі немесе мүлде қате мәлімет беруі мүмкін. Ал журналист үшін ең маңыздысы – ақпараттың шынайылығы мен объективтілігі».
Әсіресе қазіргі ақпарат кеңістігінде өте маңызды мәселе. Бір қате мәліметтің өзі қазір әлеуметтік желілер арқылы тез тарап, бастапқы дереккөзден әлдеқайда үлкен аудиторияға жетуі мүмкін. Сондықтан жасанды интеллект журналистің уақытын үнемдегенімен, ақпараттың дұрыстығын тексеру жұмысын жоймайды. Керісінше, ақпарат көлемі көбейген сайын журналистің деректі тексеру, салыстыру және нақтылау міндеті күшейе түседі.
Жасанды интеллект журналисті алмастыра ма?
Жасанды интеллект мәтін жаза алады. Бірақ журналистика тек мәтін құрастырудан тұрмайды. Журналист оқиға орнына барып, адамдармен сөйлеседі, сұрақ қояды, құжаттарды зерделейді, дереккөздерді салыстырады, қарама-қайшы мәліметтердің арасынан шындықты іздейді және жариялаған материалы үшін жауап береді.
Осы тұрғыдан алғанда, жасанды интеллект журналистің кәсіби құралдарының біріне айналуы мүмкін. Бірақ оның орнына журналистік жауапкершілікті атқара алмайды.
Бегалиновтың пікірінше, жасанды интеллектіні бақылаусыз пайдалану журналистика үшін этикалық мәселелер де туғызуы мүмкін. Қате немесе ойдан шығарылған ақпарат беделді ақпарат құралында жарияланса, оның салдары тек оқырманға емес, журналист пен редакцияға да әсер етеді.
Сондықтан журналистикада жасанды интеллектіні пайдалану мәселесі «қолдануға бола ма, болмай ма?» деген сұрақпен шектелмеуі керек. Оны қандай жағдайда, қандай мақсатта және қандай жауапкершілікпен қолдану қажет екенін тереңірек түсіне білген абзал.
Білім беру саласында мәселе одан да күрделі
Жасанды интеллектінің білімге енуі одан да күрделі сұрақтарды алға шығарады. Студент енді эссе жазу, кітаптың мазмұнын талдау, ғылыми жұмысқа жоспар құру немесе белгілі бір тақырыпты түсіндіру үшін жасанды интеллектке жүгіне алады. Бұл бір жағынан білім алуға көмектесетін мүмкіндік болса, екінші жағынан студенттің өз бетімен ойлану қажеттілігін азайтуы мүмкін.
Университетте сабақ беретін Бегалинов студенттердің шығармашылық тапсырмаларды жасанды интеллектке орындататын жағдайларға тап болатынын айтты.
«Студенттерге эссе, зерттеу жұмысы немесе талдау сияқты шығармашылық тапсырмалар беріледі. Мысалы, кітап оқып, кейін қысқаша эссе жазуы керек. Бірақ кейбір студенттер жасанды интеллектіні шамадан тыс пайдаланады. Бұл олардың сыни ойлау қабілетіне кері әсер етуі мүмкін».
Оның пікірінше, білім беру жүйесінің негізгі міндеті – студентке дайын жауап беру емес, оның ойлау, талдау және өз қорытындысын жасау қабілетін қалыптастыру.
«Біз үшін студенттердің ойланғаны, талдағаны және өз қорытындысын жасағаны өте маңызды».
Бұл мәселе Қазақстанның білім беру жүйесі үшін де өзекті. Жасанды интеллектіні білімге енгізу жөніндегі ұлттық тәсілде технологияны қолданумен қатар академиялық адалдық, этика және дербес деректерді қорғау мәселелері де қамтылған. Мемлекет жасанды интеллектіні педагогті алмастыратын құрал емес, оқу үдерісін қолдайтын қосымша мүмкіндік ретінде қарастырып отыр.
Дайын жауапқа емес, өз ойына сүйену
Жасанды интеллект студентке дайын жауап беруге қабілетті. Бірақ дайын жауаптың болуы білім алуды білдірмейді. Бегалинов студенттің жұмысты өзі орындағанын анықтау үшін жазбаша мәтінмен ғана шектелмей, оның мазмұнын ауызша түсіндіруіне назар аударатынын айтты.
«Егер студент жұмысты өзі жазса, оның негізгі ойын бірнеше минут ішінде түсіндіріп бере алады. Ал егер жұмысты толығымен жасанды интеллект орындаса, студент материалды түсіндіру кезінде қиналып, ойын жеткізе алмай қалуы мүмкін».
Бұл жерде білім беру жүйесі үшін маңызды өзгеріс бар. Бұрын мұғалім студенттің дайын жұмысын бағаласа, енді оның сол жұмысты қаншалықты түсінгенін анықтау маңызды бола түседі. Демек, жасанды интеллект дәуірінде бағалау жүйесінің өзі де өзгеруі мүмкін. Студенттің дайын мәтін ұсынуы емес, сол мәтіндегі ойды түсініп, талдап, қорғауы негізгі өлшемдердің біріне айналады.
Ақпарат көбейген сайын медиасауаттылықтың маңызы артады
Жасанды интеллектінің дамуы журналистика мен білімнен бөлек, жалпы ақпаратты тұтыну мәдениетіне де әсер етеді.
Бүгінде ақпаратты кәсіби журналист қана емес, блогер, қоғам белсендісі немесе кез келген әлеуметтік желі қолданушысы тарата алады. Бір адамның жазбасы бірнеше сағаттың ішінде мыңдаған адамға жетуі мүмкін. Бегалинов блогерлер мен әлеуметтік желідегі пікір иелерінің қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі артқанын атап өтті.
«Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы бірнеше миллион адамнан тұратын аудиторияны қысқа уақытта жинауға болады».
Оның пікірінше, мұндай жағдайда ақпаратты кім тарататыны ғана емес, оны қабылдайтын адамның медиасауаттылығы да маңызды.
«Мектептер мен университеттерде медиасауаттылыққа көбірек көңіл бөлу керек. Адам қандай ақпарат көздерін пайдаланып отырғанын және сол ақпараттың оның әлемді қабылдауына қалай әсер ететінін түсінуі тиіс».
Медиасауаттылықтың маңызы Қазақстанда да артып отыр. Білім беру саласында бұл бағыт бұрыннан талқыланып келеді: медиамәтінді түсіну, жалған ақпаратты ажырату, сыни ойлау және желідегі жауапты мінез-құлық қазіргі білім алушы үшін маңызды дағдылар ретінде қарастырылады.
Әлеуметтік желіні шектеу жеткілікті ме?
Ақпарат ағынын толық бақылау немесе күмәнді мазмұнның бәрін жою мүмкін емес. Себебі бір платформадағы шектеу ақпараттың басқа арнаға ауысуына әкелуі мүмкін.
Сондықтан мәселені тек тыйым салу арқылы шешу қиын. Адамға ақпаратты өзі бағалай алатын дағды қажет.
Мысалы, жаңалықты оқыған кезде оның бастапқы дереккөзіне қарау, жарияланған уақытын тексеру, басқа ақпарат құралдарындағы мәліметтермен салыстыру, тақырып пен мәтіннің сәйкестігіне назар аудару – қарапайым, бірақ маңызды әдеттер.
Бұл дағды бала кезден қалыптасса, адам ересек өмірінде де ақпараттық манипуляцияға төзімді болады.
Жасанды интеллект дәуірінде мұғалімнің рөлі өзгере ме?
Қазақстан жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. 2026–2029 жылдарға арналған жоспар аясында мектептердің цифрлық инфрақұрылымын дамыту, педагогтерді даярлау, дербестендірілген оқыту құралдарын енгізу және қауіпсіздік талаптарын күшейту қарастырылған.
Бұл ретте технология мұғалімді алмастыру үшін емес, оның мүмкіндігін кеңейту үшін қолданылуы тиіс.
Мысалы, жасанды интеллект оқушының білім деңгейіне қарай тапсырма ұсынуға, оқу материалын түсіндірудің түрлі тәсілдерін көрсетуге немесе мұғалімге белгілі бір мәліметтерді талдауға көмектесе алады.
Бірақ баланың тәрбиесі, оның эмоционалдық жағдайын түсіну, қабілетін байқау, мотивациясын қалыптастыру және адамдық құндылықтарды үйрету сияқты міндеттерді технологияның өзіне тапсыруға болмайды.
Қазақстанның білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі тұжырымдамасында да осы қағида бекітілген: жасанды интеллект педагогтің кәсіби қызметін алмастырмай, оқу үдерісін қолдайтын құрал болуы керек.
Технология емес, оны қолданатын адам маңызды
Жасанды интеллектінің дамуы журналистиканы да, білім беруді де өзгертетіні анық. Бірақ бұл өзгерістің нәтижесі технологияның өзіне ғана байланысты емес.
Журналист үшін жасанды интеллект ақпаратты іздеу мен мәтін дайындауды жеңілдетуі мүмкін. Бірақ шынайылықты тексеру, дереккөзбен жұмыс істеу және жарияланған ақпарат үшін жауап беру міндеті адамның мойнында қалады.
Студент үшін жасанды интеллект күрделі тақырыпты түсінуге көмектесуі мүмкін. Бірақ дайын жауапты көшіріп алу білімнің орнына жүрмейді.
Ал қоғам үшін жасанды интеллект ақпаратқа қолжетімділікті арттырады. Бірақ ақпараттың рас-өтірігін ажырату қабілеті болмаса, оның көп болуы міндетті түрде сапалы білімге немесе дұрыс түсінікке әкелмейді.
Сондықтан жасанды интеллект дәуіріндегі ең маңызды дағды – технологияны пайдалана білу ғана емес, оған сын көзбен қарай білу.