Біз телефоннан бірнеше батырманы басып, тамаққа немесе азық-түлікке тапсырыс береміз. Бірнеше уақыттан кейін курьер есігіміздің алдына келеді. Бірақ сол тапсырыстың ар жағында күніне 10–12 сағат жолда жүретін, жанармайын, көлігін, жөндеуін және кей жағдайда жұмыс құралдарын өзі төлейтін еңбек адамы тұр. Кейбір платформалар айына 1,5 миллион теңгеге дейін табыс табуға болатынын жарнамалайды. Ал іс жүзінде олардың қолына тиетіні 500–600 мың теңге. Оның үстіне курьердің табысы тапсырыс санына, тарифке, рейтингке және алгоритм шешімдеріне тәуелді. Сонда курьер кім? Ол платформаның тәуелсіз серіктесі ме, әлде іс жүзінде оның жұмысын атқаратын қызметкер ме? Егер оның табысы мен жұмыс мүмкіндігі платформаның шешімдеріне тәуелді болса, онда компанияның алдындағы жауапкершілік қай жерден басталады?
Caravan.kz медиа порталы тақырыпты зерттеп көрді. Материалда заңгердің пікірі, платформаның бізге берген жауабы және курьердердің шынайы тәжірибесі айтылады.

«1,5 миллион теңгеге дейін»: жарнамадағы табыс пен шынайы кіріс
Курьерлік жұмысқа қызығатындардың барлығы жоғары табыс үшін барады. Платформа жарнамаларында айына 1-1,5 миллион теңгеге дейін ақша табуға болатыны жазылады. Алайда, мұндай жалақыны барлығы ала бермейді. Жоғары айлыққа қол жеткізу үшін жоғары жүктемемен, көп тапсырыс орындалыуы керек.
Мысалы, Wolt сайтында курьерлердің табысы жұмыс уақытына, көлік түріне, орындалған тапсырыстар саны мен жол қашықтығына байланысты екенін жазады. Компанияның Алматыға арналған жарнамалық материалдарының бірінде айына 500 мың теңгеге дейін табыс табуға болатыны көрсетілген. Ал hh.kz сайтындағы жарнамаларды оқысаң, ең жоғары табыс көзі осы салада деп ойлап қаласың. Finprom.kz деректеріне сүйенсек, 2026 жылдың бірінші тоқсанында пошта және курьерлік қызмет саласындағы орташа жалақы 291,9 мың теңге болған. Алматы мен Астанада курьерлердің орташа табысы жоғарырақ болғанымен, сарапшылардың айтуынша, көпшілік жеткізушілер шамамен 300 мың теңге алады, ал ең белсенділері 450–500 мың теңгеге дейін табуы мүмкін.


Ең қызығы, жарнамада көрсетілген соманы таза табыс деп қабылдауға болмайды. Заңгердің жазуынша, курьер бензинге, көлікті жөндеуге, мопедті немесе велосипедті күтіп ұстауға, телефон мен интернетке, жұмысқа қажетті жабдыққа өз қалтасынан ақша жұмсайды. Яғни, кез келген шығынға жауапты. Мысалы көлік бұзылып қалса, жөндеу шығыны да адамның өз мойнында. Жарақат алып, жұмысқа шықпаса, тапсырыс орындамайды, демек табыс та азаяды.
Сондықтан заңгер осы жайттарды ескеріп, курьердің сол табысқа жетуі үшін қанша сағат жұмыс істейді және оның қолында нақты қанша ақша қалады деген сұрақты ортаға шығарып отыр.
«Курьерлер күніне 12 сағат бойы лас ауамен тыныс алуға мәжбүр, одан түрлі аурулар туады. Курьерлер сіздің сушиіңізді жеткізу кезінде жарақат алып, өміріне қауіп төндіреді. Ал егер курьер жұмыс барысында аяғын сындырып алса, оператор бір теңге де төлемейді. Бұл тіпті өндірістік жарақат та емес. Бұл «серіктес жарақаты». Өзіңізді емдеуге ғана емес, табыссыз қалуға мәжбүрсіз», — дейді заңгер.
Қазақстанда курьерлермен қандай платформалар жұмыс істейді?
Курьерлік қызмет нарығында бірнеше ірі цифрлық платформа бар. Олардың қатарында Glovo, Wolt және Яндекс сияқты сервистер жұмыс істейді.
Заңгердің жазуынша, Glovo халықаралық Delivery Hero тобының құрамына кіреді. Delivery Hero компаниясының мәліметінше, оның Glovo-дағы үлесі 94 пайызды құрайды.
Платформалар курьерлерді еңбек шарты бойынша қызметкерлер емес, көбіне «тәуелсіз серіктестер» ретінде сипаттайды. Бірақ, бір компания белгілі бір әлеуметтік немесе сақтандыру тетігін ұсынуы мүмкін, ал басқа сервистің шарттары өзгеше болуы ықтимал. Сондықтан мәселені «платформалар курьерлерге мүлдем ештеңе бермейді» деп қарапайымдату дұрыс емес. Осы жерде заңгер белгілі неміс философы Иммануил Канттың «категориялық императив» туралы әйгілі тұжырымын мысалыға алып, қазіргі агрегаторлардың бұл қағиданы орындамайтынын жеткізді.
«Адам әрқашан мақсат, ешқашан құрал емес. Агрегаторлар осы категориялық императивке қарсы шығып жатыр: олар курьерлер мен такси жүргізушілерін ақша табудың құралына айналдырды. Олар адамдарды тірі машиналар сияқты пайдаланады: егер сіз рульді ұстап, тапсырыстарды жеткізіп жатсаңыз, сізге қажет болады. Егер сіз бұзылсаңыз, олар сізді басқа біреумен алмастырып, сізді ұмытып кетеді», — дейді заңгер.
«Серіктес» деген кім?
Заңгер Асқар Қаймақовтың негізгі ойы дәл осы «серіктес» деген ұғымға қатысты. Оның пікірінше, дәстүрлі еңбек қатынасында екі модельді ажырату оңай.
Біріншісі — еңбек шарты. Мұнда адам жұмыс берушімен еңбек қатынасына түседі және оған еңбек заңнамасында көзделген кепілдіктер қолданылады.
Екіншісі — азаматтық-құқықтық қатынас. Мұнда адам қызмет көрсетуші немесе мердігер ретінде әрекет етеді және тараптар шарт талаптарын келіседі.
Ал платформалық жұмыста осы екі модельдің арасында жаңа жағдай пайда болды. Курьер қағаз жүзінде тәуелсіз орындаушы болуы мүмкін. Бірақ оның күнделікті жұмысына цифрлық жүйе ықпал етеді: тапсырыс қосымша арқылы келеді, тарифті платформа белгілейді, рейтингті алгоритм есептейді, ал аккаунттың бұғатталуы адамның табыс табу мүмкіндігін бірден тоқтатуы мүмкін.
«Барлық осындай платформаларда стандартты келісімшарттар бар. Сіз олардағы бірде-бір үтірді өзгерте алмайсыз. Тарифтер біржақты түрде төмендетіледі, айыппұлдар мен жұмыстан шеттетулер алгоритм арқылы беріледі. Ал мұның бәрі «серіктес» деп аталады. Серіктес дегеніміз — тараптардың келісуі. Ал саған барлық шартты бір тараптың өзі белгілесе, бұл қаншалықты серіктестік?» — дейді Асқар Қаймақов.
Қазақстан заңнамасы не дейді?
Бұл ретте Қазақстанда платформалық жұмыспен қамту заңнамадан тыс қалған сала емес екенін атап өткен жөн.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде платформалық жұмыспен қамтуға арналған арнайы нормалар бар. Кодекстің 102-бабында интернет-платформалар мен мобильді қосымшалар арқылы жұмыс орындау немесе қызмет көрсету платформалық жұмыспен қамту ретінде қарастырылады. Ал 102-1-бапта мұндай қызмет атқаратын адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты нормалар белгіленген.
Сонымен бірге Еңбек кодексінде интернет-платформалар мен мобильді қосымшалар арқылы жұмыс істейтін адамдардың еңбегін реттеуге арналған арнайы норма — 146-1-бап бар.
Яғни бүгінгі мәселе «курьерлердің құқықтық мәртебесі мүлдем белгісіз» дегенде емес. Нақты жағдайда адам қай мәртебеде жұмыс істейді және сол мәртебе оның барлық тәуекелін қаншалықты қорғайды?
Мысалы, адам бір платформамен бірнеше жыл жұмыс істеп, оның ережелерін орындап, тарифіне бейімделіп, рейтингіне тәуелді болып, күн сайын сол жүйеден тапсырыс алып отырса, оның «тәуелсіздігі» қаншалықты шынайы?
Бұл сұраққа жауап беру үшін тек шарттағы бір сөйлемге емес, адамның жұмысты іс жүзінде қалай атқаратынына қарау керек.
Алайда әлеуметтік төлемдердің болуы мен толыққанды еңбек кепілдіктері бір нәрсе емес.
Курьер жұмыс кезінде жарақат алса не болады? Ауырып, бірнеше апта жұмыс істей алмаса, жоғалтқан табысы қалай өтеледі? Жол-көлік оқиғасына түссе, шығынды кім көтереді? Алгоритмнің шешімі салдарынан аккаунты бұғатталса, оған шағымданудың тиімді механизмі бар ма?
Платформалық жұмыстың нақты қорғалуы осы сұрақтарға берілетін жауаптан көрінеді.
Курьер жолдағы тәуекелді де өзі көтере ме?
Курьердің жұмысы басқа да тәуекелдерден тұрады. Велосипед, мопед, мотоцикл немесе басқа көлікпен күн сайын ондаған шақырым жүретін адам жол-көлік оқиғасының қаупіне де ұшырайды. 2026 жылы Алматыда курьерлер қатысқан бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелгенін атап өткен жөн.
Мысалы, 1 ақпанда Алматыда мопед мінген курьерді көлік қағып кеткен. Полиция мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Төле би даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысында болған.
Ал 1 шілдеде Алматыда электромопед жүргізушісі жедел жәрдем көлігімен соқтығысып, оқиға орнында қаза тапты. Полиция қылмыстық іс қозғап, сараптамалар тағайындаған. Кейбір ақпарат құралдары марқұмның курьер болып жұмыс істегенін хабарлағанымен, бұл жайтты полицияның ресми мәліметі нақтыламайды.
Ал осы тәуекел еңбек жағдайының бір бөлігі болса, жазатайым оқиға кезінде платформаның жауапкершілігі қандай болуы керек деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр.
Компанияның логотипі бар сөмкені де курьер өзі сатып алады
Платформалық жұмыстағы жауапкершілік шекарасын күнделікті өмірдегі қарапайым мысалдың өзі көрсетеді.
Жақында Caravan.kz тілшісі әлеуметтік желіде курьерлер пайдаланатын Glovo термосөмкесінің жағдайына назар аударған видео жариялады. Сөмке ескі әрі лас көрінді. Мұндай сөмкелердің ішкі және сыртқы жағдайына қатысты әлеуметтік желілерде бұған дейін де пікірлер айтылып келген. Себебі дәл осы сөмкелер арқылы тамақ пен азық-түлік тасымалданады.
Осыған байланысты Glovo компаниясына сауал жолданып, брендтік сөмкелердің тазалығын бақылау және оларды химиялық тазалаудан өткізу мәселесі көтерілді.
Компания өз жауабында курьерлердің тәуелсіз субъектілер екенін, платформаға өздері қосылып, серіктестік негізде жұмыс істейтінін айтты. Сондай-ақ брендтік заттарды курьерлердің өз қаражатына сатып алынатынын, оларды басқа адамдарға сатуға немесе беруге болатынын түсіндірді.
Компания курьерлердің рейтингі болатынын, оған пайдаланушылардың бағасы, серіктестердің пікірі және әртүрлі оқиғалар әсер ететінін де хабарлады. Рейтинг төмендеген жағдайда курьердің платформаға кіру мүмкіндігі тоқтатылуы мүмкін.
Яғни платформа курьердің қызмет сапасына талап қояды және оның жұмысқа қолжетімділігіне әсер ететін рейтинг жүйесін қолданады. Бірақ брендтік жұмыс құралын неге курьер өз ақшасына сатып алуы керек?
Осы мәселе бойынша пікір білдірген тұрғындардың бірі 2023 жылы Яндекс сөмкесін 15 мың теңгеге сатып алғанын айтып, компаниялар кем дегенде жылына бірнеше рет тегін химиялық тазалау қызметін ұсынса, курьерлердің таза сөмкемен жүруіне жағдай жасалар еді деген пікір білдірді.
Өйткені сөмкені курьер сатып алса да, оның сыртында компанияның бренді тұр. Демек, бұл тек жеке адамның емес, платформаның қызмет көрсету сапасы мен беделіне де қатысты мәселе.

Алгоритм шешім қабылдағанда кім жауап береді
Платформалық жұмыстың дәстүрлі еңбек қатынастарынан ең үлкен айырмашылығының бірі — адамның алдында нақты басшы отырмайды. Оның орнына алгоритм жұмыс істейді. Алгоритм тапсырыстарды бөледі. Жүйе рейтинг қалыптастырады. Тарифті есептеуге әсер етеді. Белгілі бір көрсеткіштерге қарай жұмыс мүмкіндігіне ықпал етеді.
Ал кей жағдайда аккаунттың бұғатталуы да автоматтандырылған жүйемен байланысты болуы мүмкін. Сонда курьердің алдында жаңа сұрақ пайда болады:
- оның жұмыс жағдайына әсер еткен шешімді кім қабылдады?
- неліктен тариф өзгерді?
- неліктен тапсырыс азайды?
- неліктен рейтинг төмендеді?
- неліктен аккаунт бұғатталды?
Егер жауап «алгоритм осылай шешті» болса, адам бұл шешімге қалай шағымданады?
Бұл мәселе қазір әлемде алгоритмдік басқару ұғымы аясында талқыланып жатыр. Еуропалық одақ платформалық жұмысты реттеу жөніндегі директивасында платформалардың еңбек қатынастарын ұйымдастырудағы бақылауы мен алгоритмдік басқаруына ерекше мән берді. Қызметкердің маңызды шешімдерге қатысты адам тарапынан қаралу және шағымдану мүмкіндігін күшейту көзделген.
Қазақстан үшін де бұл тәжірибе маңызды. Өйткені еңбек нарығына цифрлық платформалар енген сайын «басшы» ұғымының өзі өзгеріп келеді. Бұрын шешімді адам қабылдаса, қазір оның орнына алгоритм келуі мүмкін.
Курьерлерді қорғау үшін не өзгеруі мүмкін?
Заңгер платформалық жұмысты құқықтық тұрғыдан күшейту үшін бірнеше бағыт ұсынады.
Біріншісі — платформаның жауапкершілігін нақтылау. Егер компания тарифті, жұмыс ережесін, рейтингті және адамның тапсырыс алу мүмкіндігін анықтаса, оның жауапкершілігі де соған сай болуы керек.
Екіншісі — ең төменгі сағаттық төлемді қарастыру. Курьердің табысы тек тапсырыс санына тәуелді болмауы керек. Қолайсыз ауа райында жұмыс істегені үшін қосымша төлем қарастыру да ұсынылады.
Үшіншісі — тарифтерді біржақты өзгертуге қатысты ашықтық енгізу. Курьер өзінің табысына әсер ететін өзгерістің себебін білуге тиіс.
Төртіншісі — аккаунтты бұғаттау шешіміне шағымдану мүмкіндігін күшейту. Егер шешімді алгоритм қабылдаса, оны қайта қарауды нақты адам жүзеге асыруы керек.
Бесіншісі — жазатайым оқиғалардан сақтандыру және еңбекке уақытша жарамсыздық кезіндегі әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету. Жұмыс кезінде жарақат алған адам емделіп қана қоймай, табысынан да айырылуы мүмкін. Сондықтан бұл тәуекелдің кімге тиесілі екені анық болуы қажет.
Алтыншысы — әлеуметтік жауапкершілікті әділ бөлу. Егер платформа адамның еңбегінен тұрақты түрде экономикалық пайда тапса, әлеуметтік тәуекелдің белгілі бір бөлігін де платформаның көтеруі мәселесі қарастырылуы керек.
Курьер — жай ғана қосымшадағы аккаунт емес
Курьерлер қаланың күнделікті тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналғаны қашан. Алматы көшелерінде велосипед, мопед немесе басқа көлікпен жүріп, үлкен термосөмке арқалаған адамдарды күн сайын көреміз. Бірі мейрамханадан тамақ әкеледі, бірі дүкеннен азық-түлік жеткізеді, енді бірі түрлі тауарды тұтынушының есігіне дейін апарады. Әрине, тапсырыс берушілер үшін бұл бірнеше минутта орындалатын ыңғайлы қызмет. Ал курьер үшін — табыс көзі.
Сондықтан бұл материал курьерлік жұмысты шектеу туралы емес емес, осы жұмысты атқаратын адамның құқықтары мен қауіпсіздігі платформаның экономикалық мүддесінен төмен тұрмауы туралы.
Платформа адамды тек тапсырысты жеткізетін орындаушы ретінде емес, өз жүйесінің негізгі қатысушысы ретінде қарауы керек. Өйткені қосымшаның ар жағында алгоритмге бағынатын аккаунт емес, өз еңбегімен ақша тауып, өз денсаулығын тәуекелге тігетін адам тұр.
«Шетелдік компаниялар біздің жастарымыз арқылы үлкен пайда табуда. Ал шет елдерде курьерлер мен такси жүргізушілері толыққанды қызметкерлер болып саналады және барлық жеңілдіктерді — демалыс, ауру демалысы, ең төменгі жалақыны пайдаланады. Жастар — біздің ең бағалы ресурсымыз. Бұл жастар ертең Отанды қорғаушылар, дәрігерлер, заңгерлер, бизнесмендер, фермерлер болуы керек. Ал қазір керісінше, жастар шетелдік компаниялар үшін тер төгіп, шығынға ұшырап жатыр. Ал ақша Берлин, Сан-Франциско, Мәскеу сынды елдерге кетуде. Біздің халқымыз көңілі толмай, ереуілге шыққанда, олар «егер сізге ұнамаса, басқа компанияны таңдаңыз», дейді. Бұл Glovo компаниясының Алматыдағы ереуілге шыққан курьерлерге берген сөзбе-сөз жауабы еді», — дейді заңгер.