«Дауласпаңыз, заңға сүйеніңіз»: Динара Сәтжан әлеуметтік желідегі жалаға қатысты үндеу жасады - kaz.caravan.kz
  • $ 465.08
  • 536.52
+35 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Тамыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Дауласпаңыз, заңға сүйеніңіз»: Динара Сәтжан әлеуметтік желідегі жалаға қатысты үндеу жасады

«Дауласпаңыз, заңға сүйеніңіз»: Динара Сәтжан әлеуметтік желідегі жалаға қатысты үндеу жасады

Журналист әрі тележүргізуші Динара Сәтжан әлеуметтік желіде өзге адамдардың ар-намысына тиетін сөз айтып, жала жабатындарға қатысты үндеу жасады.

  • 14 Тамыз
  • 161
Фото: www.instagram.com/dinarasatzhan/

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол әлеуметтік желіде жалаға жауап ретінде дауласып, уақыт жоғалтпай, заңға жүгіну керегін айтты.

«Сізге әлеуметтік желіде жала жапты ма, үндемеңіз, ұрсыспаңыз, жауап жазып, дауласып, уақыт кетірмеңіз! Заңға сүйеніңіз!

Бірнеше ай бұрын Бағдагүл Баянға, маған және бірқатар танымал адамдарға қатысты былапыт сөз айтып, ауыр айыптар таққан болатын. Дауласпадық, әлеуметтік желіде оны желіктіріп кері реакция жасамадық, біз тек сотқа бердік! Кеше Баян екеуіміз сотта жеңіске жеттік», – деп жазды Динара Сәтжан.

Тележүргізушінің айтуынша, сотта айыппұл салу туралы шешім шығарылған. Айыппұл көлемі — 1,5 миллион теңге.

«Сот оған 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл қаржыны ол бізге емес, мемлекетке төлейді. Келесі жолы тағы да осындай әрекеттерін қайталаса, оны әкімшілік қамауға алу жазасы да тағайындалуы мүмкін. Адам басқа біреудің абыройына нұқсан келтіретін сөз айтқанда, әр сөзі үшін жауап беретінін ұмытпауы керек.

Ертең менде тағы бір сот отырысы бар. Бұл жолы қорлау фактісі бойынша. Сөз бостандығы — аузыңа келгенді айту емес! Сөз бостандығы — өз сөзіңе жауапкершілік ала білу», — деп жазды ол.

Еске сала кетейік, өзін емші әрі сынықшы ретінде таныстыратын Бағдагүл Лепесова әлеуметтік желідегі тікелей эфирде шоу-бизнес өкілдері туралы бірқатар даулы пікір айтқан еді.