Толығырақ Сaravan.kz медиа порталының материалында.
Президент сайлауды еліміз үшін маңызды тарихи оқиға деп атап, алда атқарылатын ауқымды жұмыстар әлі көп екенін жеткізді.
«Әрине, бүгін еліміз үшін шын мәнінде тарихи күн. Біз алғаш рет бір палаталы Құрылтайға сайлау өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біртұтас ұлт болып жұмылып, ауқымды реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Мұның бәрін жақсы білесіздер, болып жатқан өзгерістердің куәсісіздер. Біз елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Сонымен бірге алда атқаратын ауқымды жұмыс бар. Алдымызға қойған мақсаттардың маңызы ерекше. Бүгінгі сайлау – осы үлкен жұмыстың бастамасы ғана», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Вице-президент кім болады?
Вице-президент лауазымына кім тағайындалатыны алдағы бір апта немесе он күн ішінде белгілі болатынын айтты.
«Қазір оның есімін атау ерте. Бірақ, бәріңіз жақсы білетін танымал адам болады», – деді Президент.
Үкімет отставкаға кетеді
Құрылтай сайлауынан кейін заңға сәйкес Үкіметтің өкілеттігі тоқтайды. Президент жаңа Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болатынын растады.
Сонымен қатар Тоқаев қазіргі Үкіметтің жұмысына алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, Премьер-министр де, министрлер де өз міндеттерін атқарып жатыр.
«Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр», – деді Мемлекет басшысы.
Президент кадрлық өзгерістердің басты мақсаты біреуді қызметтен босату емес, Үкімет жұмысына жаңа серпін беру болуы керек екенін атап өтті.
«Мәселе біреуді орнынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе, қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек», – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, жаңғыру үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Бұл процестің алға жылжуына Үкімет маңызды рөл атқарады.
Тоқаев 2029 жылғы Президент сайлауына қатыса ма?
Брифинг барысында журналистер Президенттен Конституциялық соттың жуырда жариялаған түсіндірмесіне қатысты сұрады. Онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде Президент лауазымына қайта сайлануға құқығы бар екені айтылған.
Президент заң жүзінде қайта сайлануға құқығы бар екенін растады. Алайда 2029 жылғы сайлауға қатысу-қатыспауы туралы қазір айтуға әлі ерте екенін жеткізді.
«Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта ел алдында тұрған ауқымды міндеттерді орындауға басымдық беру қажет екенін айтты.
Ұлттық қордың қаражаты құрылысқа жұмсала ма?
Президенттің сөзінше, алдымен ел алдында тұрған көптеген міндетті орындап, Қазақстанды «үлкен құрылыс алаңына» айналдыру қажет. Оның ішінде азаматтарға қажетті әлеуметтік нысандар салуға басымдық берілмек.
Мемлекет басшысы бұл мақсатта Ұлттық қор қаражатын пайдалануға дайын екенін жеткізді.
«Мен осы мақсатта Ұлттық қорды пайдалануға дайынмын. Ақшаны шетелдегі бағалы қағаздарда ұстап отырудың не қажеті бар, оны халықтың игілігіне пайдалануға болады ғой? Мен бұл ақшаны итше қорып отыруға қарсымын», – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, барлық облыс орталықтарында, аудандар мен қалаларда ірі құрылыс жобалары жүзеге асырылады. Поликлиникалар, балаларды оңалту орталықтары және басқа да әлеуметтік нысандар салынады.
Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы және Су ресурстарын зерттеу орталығы сияқты нысандар салу жоспарланып отыр.
Құрылтай депутаттарына қандай талап қойылады?
Президент жаңа депутаттардан, ең алдымен, сапалы заң қабылдауды күтетінін айтты.
Оның сөзінше, депутаттар заңдардың сапасына, берген уәделері мен әзірлеген бағдарламаларының орындалуына жауапты болуы керек. Сонымен қатар қабылданатын заңдар елдің дамуына бағытталуы тиіс.
Тоқаев амандасу мәдениеті туралы айтты
Брифинг барысында Президент ер адамдар мен әйелдердің амандасу мәдениетіне қатысты да пікір білдірді.
«Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйісуі, әйелдердің ер адамдарды, ер адамдардың әйелдерді сүйіп амандасуы дұрыс емес. Біздің дәстүрімізде мұндай болмаған. Оның үстіне, әскери киімдегі адамдар туралы айтып отырмын. Генералдар бір-бірін құшақтап жатады. Бұл не деген нәрсе?» – деді Тоқаев.
Президент ер адамдар бір-біріне қол беріп, қол алысып амандасуы керек екенін айтты. Ал адамды көргеніне шын қуанған жағдайда оң қолын жүрек тұсына қоюға болатынын жеткізді.
Тоқаев бұл мәселеге қатысты жаңа мінез-құлық кодексін өзі бастамашылық еткенін айтты.
«Біз ағаштарды жақсы көрмейміз деп кім айтты?»
Президент еліміздегі көгалдандыру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазір Астана мен басқа да қалаларда оң өзгерістер байқалады.
«Біз ағаштарды жақсы көрмейміз деп кім айтты? Қазір Астанада және әр қалада, облыс орталығы болсын, аудан болсын, оң өзгерістерді көріп отырсыздар. Біз бұл міндетті өңірлік органдардың басшыларына ең жоғары талап деңгейінде қойдық», – деді мемлекет басшысы.
Смартфон – тек TikTok көруге арналған құрал емес
Президент 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы шешімге тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан цифрлық қызмет көрсететін мемлекет қалыптастырудың алғашқы кезеңінен өтті. Қазір азаматтардың көптеген қызметті үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндігі бар.
«Қазір келесі кезеңге қадам бастық. Үкіметке алғашқы сатыда қалып қоймай, халықаралық келіссөздер жүргізу жөнінде тапсырма бердім. Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа, еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек», – деді Тоқаев.
Президент смартфонды тек ойын-сауық құралы ретінде пайдаланбау қажет екенін айтып, оны табыс табудың құралына айналдыру керек екенін жеткізді.
«Қарапайым тілмен айтқанда, смартфон – ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа телміретін құрал емес. Смартфонмен ақша табуға болады. Мәселені осылай төтесінен қойған жөн», – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, заманауи технологиялар әсіресе ауыл тұрғындары үшін пайдалы болуы мүмкін. Кәсіпкерлер ауыл-аймақтан шықпай-ақ цифрлық құралдарды пайдаланып, өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алуы керек.