Мәселенің мән-жайын Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап көрді.
Бұл дерек ҚР СИМ Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жүргізген тексеріс барысында белгілі болды. Тексеруден кейін күріштің бағасы 235 теңгеге дейін төмендетілді. Бұл – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тексеру кезінде анықталған заңбұзушылықтардың бірі ғана.
Мұндай жағдайлар мұнымен шектелмейді. Мәселен, қатты ірімшіктің сатып алу бағасы 3 353 теңге болғанымен, сауда желілеріне ол 5 517 теңгеден жеткізілген. Яғни, сауда үстемесі 64 пайызды құраған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өнімнің бағасы 3 855 теңгеге дейін төмендетілді. Айырмашылық – 1 662 теңге. Демек, тексеріске дейін сатып алушылар әрбір келі ірімшік үшін осынша соманы артық төлеп келген.
Қара шайдың бағасында да айтарлықтай айырмашылық анықталды. Сатып алу құны 472 теңге болған өнім 1 079 теңгеден сатылған. Сауда үстемесі 130 пайызға дейін жеткен. Сатушы әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін шайдың бағасы 496 теңгеге дейін, яғни 583 теңгеге төмендетілді. Осылайша, шайға қосылған үстеме оның бастапқы сатып алу құнынан да асып кеткен.
Тауық фаршының бағасы да қайта қаралды. Кәсіпкер оны бастапқыда 1 655 теңгеден сатып алып, сауда үстемесін заңсыз түрде 45 пайызға дейін көтеріп, 2 400 теңгеден сатқан. Бақылау шараларынан кейін өнімнің бағасы 1 903 теңгеге дейін төмендетілді.
Мұндай мысалдардың тізімін жалғастыруға болады. Өйткені биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында сауда саласындағы заң талаптарын сақтамағаны үшін 155 кәсіпкер ресми түрде жауапкершілікке тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп. Ал салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 4 миллион теңгеден асты.
— Жүргізілген бақылау нәтижесінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендетілді. Алайда департамент жұмысы анықталған заңбұзушылықтарды жоюмен ғана шектелмейді. Біз бағаға тұрақты мониторинг жүргізіп, негізсіз делдалдық буындарды анықтауды және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді жалғастырамыз, — деп атап өтті Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті.
Алайда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына қатысты мәселе тек Қарағанды облысында ғана емес. Қостанай облысында жүргізілген тексеру рейдтері кезінде бірнеше ондаған әлеуметтік маңызы бар тауардың сөрелердегі бағасы мен кассадағы құны бір-біріне сәйкес келмейтіні анықталған.
Мәселен, «А-Маркет» супермаркетінде бір шоколадтың бағасы сөреде 445 теңге деп көрсетілгенімен, кассада оның құны 460 теңге болып шыққан. Сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 140 562,5 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Бұл жалғыз жағдай емес. Өңірде осындай заңбұзушылықтар үшін барлығы 135 кәсіпкер жауапкершілікке тартылған.
Департаменттің мәліметінше, олардың барлығы белгіленген сауда үстемесінің шекті мөлшерінен асып кеткен. Яғни, ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 9-бабы 1-тармағының талаптарын бұзған.