Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл электр стансаларын, электр және жылу желілерін жөндеуге 384 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, генерация мен инфрақұрылымның негізгі нысандарын қамтиды. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес биыл электр стансаларында 9 энергия блогын, 55 қазандықта және 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 3 энергия блогында, 33 қазандықта және 24 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңдерде жүргізілуде.
«Биыл жөндеу жұмыстарына 384 млрд теңге көзделген, бұл өткен жылдың деңгейінен 9% жоғары. Өңірлік электржелілік компаниялардың электр желілерінде жалпы ұзындығы 17,1 мың шақырым электр беру желілерін және 444 қосалқы стансаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда электр беру желілерінің 91% және қосалқы стансалардың 84%-ында жөндеу аяқталды. Жылумен жабдықтау желілерінде 377 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоcпарланған. Оның 246 шақырымы немесе 65%-ы аяқталды. Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 5,6%-ға төмендеп, 891 жағдайды құрады», — деп атап өтті министр.
Сонымен қатар «ГРЭС Топар», «Астана-Энергия» Жылу энергия орталығы-2, Шымкент қаласындағы «3 Энергоорталық» және Ақсу қаласындағы ГРЭС-те технологиялық бұзушылықтардың өсуі байқалады. Аталған технологиялық бұзушылықтар бойынша Энергетикалық қадағалау комитеті өз құзыреті шеңберінде тиісті тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, қажетті шараларды қабылдады. Энергия көздерінің отын қоймаларында 4,2 млн тонна көмір жинақталды, сондай-ақ 137 мың тонна мазут қоры қалыптастырылды, бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға жоғары.
Министрлік қыркүйек айынан бастап көлемі 255 мың тонна құрайтын «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесін бекітті. Осыған байланысты шарттарды жасасу және қажетті отын қорын қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдету керек. Бүгінгі күні энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін айтарлықтай кредиторлық берешегі сақталуда. Атап айтқанда, электр стансаларының «QazaqGaz Aimaq» компаниясының алдындағы берешегі 71,9 млрд теңгені құрайды. Елдің энергетикалық инфрақұрылымын жылыту маусымына дайындау бойынша шұғыл шараларды қабылдау мақсатында Үкімет резервінен 27,9 млрд теңге, оның ішінде:
- жылу көздерін жөндеуге және салуға 12,7 млрд теңге;
- жылу желілерін салуға және реконструкциялауға 8,4 млрд теңге;
- электр желілерін реконструкциялауға 6,8 млрд теңге бөлінді.
Биыл 377 шақырым жылу желісін жөндеу және реконструкциялау үшін 196,8 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде: 82,5 млрд теңге бюджет қаражаты, 98,1 млрд теңге «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде, сондай-ақ 16,2 млрд теңге кәсіпорындардың тарифтік сметалары есебінен. Атап өтсек, биылғы жылы жылу желілерін қаржыландыру 34% артты (2025 жылы – 129,8 млрд теңге), жұмыс көлемі 14% артты. Бүгінгі таңда орындалу деңгейі 65% құрайды.
Осыған байланысты әкімдіктер жылыту маусымы басталғанға дейін жөндеу жұмыстарының көлемдерін қысқартпай, толық орындауы қажет.
Халықты көмірмен қамтамасыз ету мақсатында Министрлік тарапынан барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Республикалық штаб жұмыс істеуде. Жалпы алғанда, алдағы жылыту маусымына халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге деген қажеттілігі 7,3 млн тоннаны құрайды, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін – 1,6 млн тонна, халық үшін – 5,7 млн тонна. Айта кету керек, өткен жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың көмірге нақты қажеттілігі 8,3 млн тоннаны құрады. Осы жылы көмірге қажеттілік көлемінің төмендеуі елді 2035 жылға дейін газбен қамтудың Бас схемасын жүзеге асыруға байланысты.
Өңірлерді қатты отынның қажетті көлемімен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Министрлік жасанды интеллект және предиктивтік талдау элементтері енгізілген Бірыңғай цифрлық платформа әзірледі. Жүйеге 36 көмір өндіруші кәсіпорынның деректері, 29 мың жартылай вагонды пайдалана отырып жүзеге асырылатын теміржол тасымалдары, 586 көмір тұйығы операторының қызметі және 1,2 млн астам тұтынушы туралы мәліметтер біріктірілген. Платформа нақты уақыт режимінде көмірдің өндіруден және жөнелтуден бастап халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға жеткізілуіне дейінгі барлық кезеңдердегі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді, сондай-ақ тапшылық тәуекелдері мен бекітілген кестелерден ауытқуларды автоматты түрде анықтайды.
Министрлік ішкі нарықты қажетті көмір көлемімен қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Алдағы жылыту маусымын тұрақты өткізу мақсатында Министрлік слайдта көрсетілген барлық техникалық және ұйымдастырушылық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді. Энергетика министрлігі энергетика және коммуналдық шаруашылық объектілерін алдағы күзгі-қысқы кезеңге сапалы дайындау жұмыстарын жалғастырады.