Осыдан кейін мектептердегі оқулық қорының жағдайы және олардың уақытылы жаңартылуы мәселесі қайта көтерілді, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Білім басқармасы оқулықтардың тозуына байланысты қорды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетінін мәлімдеді.
Inform.kz мәліметінше, 2025–2026 оқу жылында мемлекеттік білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен шамамен 2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 554 382 оқулық сатып алынып, мектептерге таратылған.
Ал 2026–2027 оқу жылына бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Оқулық қорын жаңарту, тозған кітаптарды ауыстыру және оқушылардың қажеттілігін толық өтеу үшін 11 баспадан шамамен 600 мың оқулыққа тапсырыс берілген.
Шымкент қаласының білім басқармасы Informburo.kz редакциясына қазіргі уақытта тапсырыс берілген оқулықтарды қалаға жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Оқулықтар келгеннен кейін тозған кітаптар кезең-кезеңімен ауыстырылмақ. Ал білім беру ұйымдарындағы оқулық тапшылығы белгіленген тәртіппен шешіледі.
Оқулықтың жағдайына кім жауапты?
Сарапшылардың пікірінше, оқулықтардың сақталуына мектеппен қатар оқушылар мен ата-аналар да жауапты.
Білім беру саласының маманы Ирина Смирнова оқулықтарды сақтау жауапкершілігін нақты бекіту үшін мектеп пен ата-ана арасында тиісті талаптарды қарастыруды ұсынды.
«Саған жаңа оқулық береді, сен оны жыртып, шимайлап, кірлетесің, ал талап мектепке қойылады. Жоқ, мектеп те белгілі бір талаптарды қоюы керек. Қарапайым тәрбие мәселесі ғой. Мектеп мұның бәрін келісімде қарастыруы қажет. Ақылы қызметтер де, жауапкершілік те болуы керек. Ол қандай да бір төлем коэффициенті арқылы белгіленуі мүмкін», – деді маман.
Яғни оқулықтардың ұзақ уақыт сақталуы үшін жауапкершілікті тек мектепке немесе білім басқармасына жүктеу жеткіліксіз. Оқулықты дұрыс пайдалану мәдениеті оқушы мен ата-ананың да міндетіне айналуы тиіс.
Оқулықты жиі жаңарту қанша шығын әкеледі?
Оқулықтардың физикалық тозуынан бөлек, Қазақстанда оқу бағдарламалары мен білім беру стандарттарының жиі өзгеруі де оқу құралдарының қайта басылуына әсер етеді.
Былтыр БАҚ-та соңғы бес жылда қазақстандық оқулықтарды қайта қарауға байланысты экономикалық шығын 16 млрд теңгеден асқаны туралы мәліметтер жарияланды.
Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы білім беру стандарттарын реформалау жүйесіз жүргізіліп жатқанын атап өткен. Ведомствоның мәліметінше, оқу жоспарларына жиі енгізілген өзгерістер бұған дейін шығарылған оқулықтарды қайта қарауға әкеліп, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына себеп болған.