Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол Ақарыс Сейітқазыға берген сұхбатында алдағы Азия ойындарындағы әр кездесу қиындық тудыруы мүмкін екенін жасырмады.
«Қарсыластарымның барлығынан қауіптенемін. Оларға жоғалтатын ештеңе жоқ, сондықтан барын салып күреседі. Кіммен күрессем де, мен үшін ауыр белдесу болуы мүмкін. «Олимпиада чемпионын ұттым» немесе ең болмағанда «Олимпиада чемпионымен соңына дейін күрестім» деген мотивациялары болады. Кез келген адам қиындық тудыруы мүмкін. Әр қарсыласыма 100% дайындалып шығамын», — дейді ол.
Сондай-ақ, дзюдошы төртінші Олимпиадаға қатысу мүмкіндігі бар екенін айтып, осы мақсатқа байланысты үлкен спорттағы мансабын жалғастыруға бел буғанын жеткізді.
«Төртінші Олимпиадаға баруға мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті барынша пайдалану үшін үлкен спорттағы мансабымды жалғастыру туралы шешім қабылдадым, бел будым. Қазақта “Алтын тапқан жерді белден қаз” деген сөз бар. Менің өмірімде алтынның шыққан жері — спорт, оның ішінде дзюдо. Дзюдо — тиіп-қашып, бірде болып, бірде болмай жүрген нәрсе емес. Осы жерден алтын шығып жатыр. Маған тиесілі алтынды соңына дейін алуым керек. Өйткені мен ол үшін алтыннан да қымбат дүниені беріп жүрмін. Ол — менің денсаулығым. Соншалықты қиналғаным, отадан өткенімнің бәрін менің ғана жаным сезді. Менің мақсатым — қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы болу. Әлем бойынша төрт Олимпиаданың жүлдегері ретінде тарихты жаңарту. Қазақтың тарихын жаңартып болдық, енді әлемге шығу керек», — деді Елдос Сметов.
Елдос Сметов — жазғы Азия ойындарында дзюдодан чемпион атанған тұңғыш қазақ спортшысы. Ол 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Отандасымыз финалда моңғолиялық спортшы Болдбаатар Ганбатты жеңген еді.
Еске сала кетейік, XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтеді. Құрлықтық додаға Азия елдерінен 11 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде.