Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол спорт журналисі Аслан Қаженовке берген сұхбатында құрлықтық додаға үшінші рет қатысатынын айтып, жарысқа дайындық барысына тоқталды.
«Дайындық жақсы өтіп жатыр. Құрамадағы барлық қыздар көмектесіп жатыр, бірге дайындалып жатырмыз. Азия ойындарына үшінші рет қатысайын деп отырмын. Бұған дейін екі рет ширек финалда жеңілген болатынмын. Осы жолы жақсылап дайындалып жатырмыз, бар күшімді саламын. Негізі Олимпиада ең үлкен жарыс болса, Азия ойындары екінші орында тұрады. Әлем чемпионатынан да үлкен болып есептеледі. Сондықтан жақсы нәтиже көрсетуге бар күшімізді саламыз», — дейді ол.
Сонымен қатар спортшы Азия ойындарындағы басты қарсыластары Үндістан мен Қытай боксшылары болатынын атап өтті.
«Басты қарсыластар — Үндістан, Қытай елдерінің боксшылары. Жалпы осал қарсыластар болмайды. Әр қарсыласқа жеке дайындалып, жақсы жекпе-жек көрсетуге шығамыз. Азия ойындарында қыздардан Жайна күміс алған еді. Осы жолы алтын алуға барамыз. Олқылықты бұзамыз», — дейді боксшы.
Еске сала кетейік, отандық әйелдер боксы ересектер арасындағы Азия ойындарында әзірге алтын медальға қол жеткізген жоқ. Бұл жолы Назым Қызайбай бастаған қыздар құрамасы аталған олқылықтың орнын толтыруды көздеп отыр.
XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтеді. Құрлықтық додаға Азия елдерінен 11 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде.