Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген денсаулық сақтау саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Атап айтқанда, Премьер-министр ЖИ технологияларын қолдану арқылы медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізудің жаңа жүйесі элементтерімен танысты.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 23 бытыраңқы жүйеден e-Densaulyq бірыңғай экожүйесіне көшу жұмыстарының қарқыны туралы баяндады. Бүгінде 21 мыңнан астам медициналық ұйым, 221 мың медициналық техника және 257 мың медицина қызметкерінің деректері цифрландырылды. Деректерді біріктіру және бақылауды күшейту нәтижесінде медициналық жүйеден 1,4 млн рецептіге байланысты пациенттердің ескірген 400 мың картасы алынып тасталды, бұл 31 млрд теңге көлеміндегі шығыстардың алдын алуға мүмкіндік берді. Медициналық қызметтерді негізсіз тұтыну 7,1%-ға немесе шамамен 7 млрд теңгеге төмендеді. Бұл ретте қателерді анықтау тиімділігі 3,5 есеге артты.
Президент тапсырмасына сәйкес, Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құрылуда. Ол барлық шашыраңқы жекеменшік ақпараттық жүйелерді бір жүйеге біріктіріп, дәрігердің бірыңғай жұмыс құралына айналуы тиіс. Қазірдің өзінде Денсаулық сақтау министрлігінің 12 жүйесінің 7-еуі біріктірілді. Енді деректер бір рет енгізіліп, құжаттар автоматты түрде қалыптастырылады. Бұл дәрігердің ақпарат енгізуге жұмсайтын уақытын 40%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.
Медициналық деректердің бірыңғай қоймасына 12 жеке медициналық ақпараттық жүйеден, сондай-ақ түрлі реестрлер мен анықтамалықтардан ақпарат біріктіріліп, мемлекеттік органдардың 50-ден астам ақпараттық жүйесімен интеграцияланды. Биылғы 1 шілдеден бастап 2012 жылдан бері жинақталған деректер автоматты форматты-логикалық бақылау негізінде медициналық көмекке ақы төлеу үшін пайдаланылуда.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, цифрлық бақылау нәтижесінде медициналық 38 ұйымда медициналық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның жоқтығы анықталды. Оның ішінде 27 ұйымның қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар сертификаттардың қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты 2 188 медицина қызметкері жұмыстан уақытша шеттетілді. Жалпы алғанда, ақпараттық жүйелердің интеграциясы жалған қызметтерді анықтауға және оларға ақы төлеудің алдын алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қайтыс болып кеткен азаматтарға медициналық қызмет көрсету, бір дәрігердің әртүрлі аймақтардағы бірнеше медициналық мекемеде бір мезгілде жұмыс істеуі, қызмет көрсету жазбасын негізсіз тіркеу сынды басқа да заң бұзушылықтардың жолын кесуге септігін тигізеді.
Азаматтың бірыңғай цифрлық профилі қалыптастырылды, онда медициналық деректер тұрғылықты жері мен тіркелген жеріне қарамастан сақталады. Дәрігерге онлайн жазылу қызметін 5,6 млн адам пайдаланды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап скринингтен өту туралы автоматты хабарламаларды іске қосу жоспарлануда. Мысалы, денсаулық сақтау жүйелері мен ішкі істер органдарының ақпараттық жүйелерін интеграциялау нәтижесінде көлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтар анықталуда. Бүгінде шамамен 10 мың жүргізуші куәлігін қолдану тоқтатылды.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында препараттарды таңбалау және қадағалау жүйесінің жұмыс істеуі туралы баяндалды. Бүгінде 1 млрд-тан астам қаптамаға таңбалау жүргізілді. Мониторинг 3 мың дәрілік зат атауын қамтиды. 1 595 препараттың (52%) бағасы тұрақты болып қалды. 800 дәрілік зат атауының (26%) бағасы төмендегені тіркелді. 42,5 млрд теңге көлемінде жиынтық экономикалық тиімділік қамтамасыз етілді. Ауқымын кеңейту аясында осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) таңбалау жүйесі енгізілді.
Жиын барысында ЖИ элементтері бар цифрлық шешімдер мен жобалар ұсынылды.
«Суық тізбек» жобасы вакциналарды қоймадан медициналық ұйымға дейін сақтау және тасымалдау жағдайларын автоматты түрде бақылауға арналған. Температура датчиктері сақтау жағдайларын, ал GPS-мониторинг иммундық препараттарды тасымалдау барысын бақылайды. Пилоттық жоба 2025 жылы Қарағанды облысында жүзеге асырылды. Осы жылдың 1 қазанынан бастап жобаны бүкіл ел аумағында кезең-кезеңімен енгізу басталады. Жүйе еліміздің барлық өңіріндегі 3,5 мыңнан астам нысан мен 800 бірлік арнайы көлікті қамтиды.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Қазақтелеком» АҚ шешімдері негізінде смарт-бейнежетондар енгізілуде. Құрылғылар қауіпті жағдайларды тіркеуге, ахуалды бағалауға және пациенттер тарапынан шабуыл жасалған немесе қауіп төнген жағдайда патрульдік полиция жасағының оқиға орнына шұғыл жетуі үшін сигналды Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына автоматты түрде жіберуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жоба екі өңірде – Шымкент қаласы мен Жамбыл облысында іске қосылды. Жобаны енгізуді осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Жетондармен 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы және 3,8 мыңнан астам медицина қызметкері қамтылады.
Стационарлардағы бейнеаналитика және SOS батырмасы жүйесі қабылдау бөлімдеріне арналған кешенді шешім болып саналады және медицина қызметкерлеріне қатысты агрессия фактілерін анықтау үшін «ақылды» камералар орнатуды көздейді. Ақпарат Полиция департаментіне, медициналық ахуал орталығына және медициналық ұйымның күзет қызметіне жедел түрде беріледі. Қосымша SOS батырмалары орнатылады. Олардың көмегімен азаматтар патрульдік полицияны өз бетінше шақыра алады. Қазіргі уақытта жүйе Астана, Шымкент қалаларында және Жамбыл облысында енгізілуде.
Қашықтан көмек көрсету желісі бойынша шалғай аудандардың тұрғындары үшін мамандардың қашықтан кеңес беруін қамтамасыз ететін цифрлық телемедицина шешімдері енгізілді. Жыл басынан бері 1 млн-нан астам телеконсультация өткізілді, 2,1 млн-нан астам адам қашықтан медициналық қызмет алды, оның 39%-ы ауыл тұрғындары. Жоба ауылдардағы 655 фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларды, 72 қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін қамтиды. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап телемедицина оқушыларды алдын ала тексеруге де енгізілді. Ол бойынша 8 мыңға жуық мектепті қамту жоспарлануда. Қашықтан кеңес беру форматында ЭКГ, экспресс-талдаулар және цифрлық медициналық құрылғыларды қолданумен жасалатын тексерулер қол жетімді, алдағы уақытта бұл тізімге УДЗ, офтальмоскоп және тағы да басқа зерттеулер қосылады.
ЖИ қолданатын орталықтандырылған телерадиология бүкіл ел бойынша 400-ден астам медициналық мекемелерді байланыстырады. ЖИ алгоритмдері КТ, МРТ және маммография суреттерін талдауға мүмкіндік береді, бұл диагностикаға жұмсалатын уақытты 4 еседен астам қысқартады және патологияны ерте сатысында анықтауды 32,2%-ға арттырады.
ЖИ базасындағы AKYLMED.AI медициналық коммуникациялардың бірыңғай жүйесі пациенттерді тәулік бойы онлайн-жазу, скринингтер мен профилактикалық тексерулерге автоматты түрде шақыру, сондай-ақ қабылдау сапасы туралы кері байланыс орнату үшін енгізіледі. AI-көмекшілерді пайдалану емханаларға келмей-ақ қызмет алу деңгейін үш есеге жуық төмендетуге және тіркеу орындарына жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық контурын құру стратегиялық маңызға ие екенін және ол медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға тиіс екенін атап өтті.
«Президент бытыраңқы ақпараттық жүйелерден бас тартып, денсаулық сақтау саласының бірыңғай цифрлық негізін құру бойынша нақты мақсат қойды. Бұл міндетті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шешімдер мен технологиялардың бар екенін көріп отырмыз. Басталған жұмысты соңына дейін жеткізу маңызды. Барлық жүйелер біріктіріліп, деректер қолжетімді әрі өзекті болуға тиіс. Сондай-ақ тиімді ЖИ-шешімдерді бүкіл сала мен өңірлерге кеңінен таратқан жөн. Біз нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек, яғни медициналық қызметтердің сапасын арттырып, шығындарды оңтайландыру және әкімшілік кедергілерді жою қажет. Жаппай цифрландыру жүйені жетілдіруге, сол арқылы азаматтарға көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыра түсуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.