Бензин сапасын кім бақылайды? Көлік иелерінің шығыны қалай өтеледі? - kaz.caravan.kz
  • $ 450.79
  • 524.13
+32 °C
Алматы
2026 Жыл
11 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бензин сапасын кім бақылайды? Көлік иелерінің шығыны қалай өтеледі?

Бензин сапасын кім бақылайды? Көлік иелерінің шығыны қалай өтеледі?

Қай жанармай құю бекетіне сенуге болады?

  • 10 Қыркүйек
  • 5
Фото: Threads желісінен алынған шағымның суреті

Бұған дейін Сaravan.kz медиа порталының тілшісі бензин сапасына қатысты шағымдардың көбейгені туралы материал жазған еді. Халық АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін көліктері істен шыққанын жазып, қомақты шығынға ұшырағанына шағымданған. 

Оқи отырыңыз: Жанармай сапасына кім жауап береді? Жүргізушілер бензин құйған соң көліктерінің жаппай істен шығуына шағымдануда

Осы мәселеге байланысты Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының депутаттары Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Олар автомобиль отынының сапасына бақылауды күшейтіп, көлік иелеріне келтірілген шығынды өтеудің нақты тетігін енгізуді ұсынды.

ЖСДП фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжановтың айтуынша, жанармай сапасына қатысты мәселе жүргізушілердің шағымдарымен шектелмейді. Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылы жүргізілген бақылау сатып алулары кезінде отынды бір марканың орнына басқа марка ретінде сату фактілері анықталған.

Мысалы, Алматыда АИ-100 бензині ретінде құрамындағы күкірт мөлшері үш еседен астам жоғары өнім сатылған. Ал Қызылорда облысында АИ-95 маркасымен кәдімгі АИ-92 бензині өткізілген.

Депутат әсіресе жаңғыртылған мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген сапалы отынның тұтынушыға жеткенше өз сипаттамаларын жоғалтуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұған отынды тасымалдау, сақтау, мұнай базаларына қабылдау және жанармай құю станцияларында сату кезіндегі талаптардың сақталмауы себеп болуы мүмкін.

Депутаттар жанармай құю станциялары мен мұнай базаларынан алдын ала ескертусіз сынама алуға рұқсат беруді ұсынды. Сонымен қатар тұрақты түрде бақылау мақсатында сатып алулар жүргізіп, отынның әрбір партиясын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап нақты жанармай құю станциясына дейін цифрлық жүйе арқылы бақылауға мүмкіндік беретін тетік енгізу қажет деп санайды.

Жанармай бекеттерінің тексеру нәтижелері ашық болуы мүмкін

Бұдан бөлек, тексеру нәтижелері мен анықталған заң бұзушылықтар көрсетілетін, жанармай құю станциялары туралы ашық мемлекеттік тізілім құру ұсынылды. Сондай-ақ депутаттар сапасыз мұнай өнімдерін айналымға шығарғаны үшін жауапкершілікті күшейтіп, талапқа сай келмейтін отын партияларын міндетті түрде айналымнан шығаруды да ұсынып отыр. 

Көлік иелерінің шығыны қалай өтеледі?

Халық қалаулылары сапасыз бензин мен көліктің бұзылуы арасындағы байланысты дәлелдеуді де жеңілдету қажет деп есептейді.

Олар көлік иелерінің диагностика мен жөндеуге жұмсаған шығындарын өтеу тетігін енгізуді ұсынды. Кейін бұл қаражат жанармай жеткізу тізбегіндегі кінәлі тараптан өндіріп алынуы тиіс.

Бұл ұсыныс бұған дейін жанармай сапасына қатысты шағым айтқан жүргізушілер үшін де маңызды. Өйткені көліктің ақауына нақты не себеп болғанын анықтау, сараптама жасату және жанармай құю станциясының кінәсін дәлелдеу қазіргі кезде көлік иесінің өзіне түседі.

Ал депутаттар осы процесті жеңілдетіп, сапасыз отыннан келген залалды өтеудің нақты әрі түсінікті механизмін қалыптастыруды ұсынып отыр.