Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы Аппараттың жаңа мәртебесін мемлекеттік институттарды реформалау үдерісімен сабақтастыра қарастыру қажет екенін атап өтті. Әлемдік ахуал жедел құбылып жатқан кезеңде Қауіпсіздік Кеңесі аса маңызды мәселелер бойынша нақты әрі жан-жақты сараланған шешімдер қабылдайтын орталыққа айналуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі сын-қатерлердің сипаты едәуір өзгергеніне назар аударды. Осы орайда киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жасанды интеллектіні қолдануға баса мән берілді.

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы алдағы уақытта өзектілігі арта түсетін ақпарат, технология, азық-түлік, су және энергетика қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше тоқталды.
Президент аталған салалардағы басымдықтарды белгілеп, «Заң мен тәртіп» қағидатын негізгі бағдар ретінде атады.
Кеңес қорытындысы бойынша Аппаратқа бірқатар нақты міндеттер жүктелді. Қазақстанның ұлттық мүддесін, егемендігі мен тұрақтылығын қорғау Қауіпсіздік Кеңесі жұмысының тиімділігін айқындайтын басты өлшем болуға тиіс.