Премьер-министр Олжас Бектенов такси агрегаторларының жұмысын бақылауды күшейтіп, жүргізушілерді іріктеу талаптарын қатаңдатуды тапсырды, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Үкімет отырысында жол қауіпсіздігі мәселелері қаралды. Олжас Бектенов жолаушылар тасымалы ерекше назарда болуы керек екенін атап өтті.
Премьер-министрдің айтуынша, такси агрегаторлары жұмысқа тәжірибелі әрі жауапкершілігі жоғары жүргізушілерді ғана қабылдауы тиіс. Ал жүргізуші куәлігінен айырылған немесе жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатын адамдарды такси саласына жұмысқа алмау қажет.
«Жүргізуші куәлігінен айырылған немесе жол ережелерін жиі бұзған адамдар такси саласында жұмысқа қабылданбауы тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар жолаушылар тасымалына пайдаланылатын көліктердің техникалық жағдайына бақылау күшейтілуі керек. Премьер-министр такси жүргізушілерінің белгіленген жұмыс уақытынан артық жұмыс істеуіне жол бермеу қажеттігін де айтты.
Бектенов жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке компаниялардың платформаларын Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімімен интеграциялау жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Бұл жүргізушілер туралы мәліметтерді тексеру және олардың жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін ескеру мүмкіндігін кеңейтеді.
Жол апаты көп учаскелер бақылауға алынады
Ішкі істер министрлігіне әр өңірдегі жол-көлік оқиғаларының жағдайына тұрақты талдау жүргізу тапсырылды. Апат көп болатын жол учаскелерінде қозғалысты бақылауды күшейтіп, жергілікті жағдайға қарай тиісті шаралар қабылдау қажет.
Сонымен қатар заңсыз жолаушылар тасымалдаушыларды анықтауға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде жүргізу көзделген.
Төтенше жағдайлар министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, автомобиль жолдарындағы апат жағдайларын ескере отырып, медициналық-құтқару бекеттерінің орналасуын қайта қарау тапсырылды.
Жыл басынан бері 21,5 мың жүргізуші куәлігінен айырылды
ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда көлікті мас күйінде басқарғаны және қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 21,5 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылған.
Оның ішінде 17 мыңнан астам азамат мас күйінде көлік басқарғаны үшін жауапқа тартылған.
Әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін, оның ішінде мас күйінде көлік жүргізу және жалған мемлекеттік нөмір пайдалану фактілері бойынша 18,3 мыңнан астам адам әкімшілік қамауға алынған.
Жолдарда 300-ге жуық дрон жұмыс істейді
Жолдардағы қауіпсіздікті бақылау үшін камералар, мобильді кешендер және пилотсыз ұшу аппараттары пайдаланылып жатыр.
«ҚазАвтоЖол» жол жағдайын бақылау үшін әр шақырым сайын камералар орнатуда. Сонымен қатар республикалық жолдарда 500-ге жуық мобильді кешен жұмыс істейді. Олар көлікті тоқтатпай-ақ жылдамдықты арттыру және басқа да жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркей алады.
Қауіпті маневрлерді, соның ішінде қарсы жолаққа шығу және жолдағы қозғалысқа кедергі келтіру жағдайларын анықтау үшін 300-ге жуық дрон қолданылуда.
Қазіргі уақытта әкімшілік құқық бұзушылықтардың 67 пайызы техникалық құралдардың көмегімен тіркеледі. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 70 пайыздан асады.
Электр самокаттарына бақылау күшейтіледі
Электр самокаттарын пайдалану және оларды белгіленген орындарға орналастыру талаптарының сақталуына да бақылау күшейтіліп жатыр.
Белгіленбеген жерлерде қалдырылған самокаттар абаттандыру талаптарын бұзғаны үшін эвакуацияланады. Қазір айыппұл тұрағында шамамен 9,5 мың самокат бар. Олардың 5 мыңға жуық иесі жауапкершілікке тартылған.
Жалға беру компанияларына да талап күшейтілуде. Олар самокаттардың есебін жүргізіп, әр көлікке тіркеу нөмірін тағып, оны сәйкестендіруі тиіс. Бұл талаптарды орындамаған компанияларға қатысты 11 әкімшілік хаттама толтырылған.
Оқи отырыңыз: Самокаттар мүлде жоғалып кетуі мүмкін бе?
Көлік жүргізу мектептеріне рұқсат беру тәртібі енгізіледі
ІІМ жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру үшін автомектептерді ашуға рұқсат беру тәртібін енгізуді жоспарлап отыр.
Рұқсат беру кезінде оқытушылардың талаптарға сәйкестігі, қажетті оқу базасы мен оқу көліктерінің болуы тексеріледі.
Бұған дейін көлік жүргізу мектептері тыңдаушыларды есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізілген. Сондай-ақ өздігінен дайындалу мүмкіндігі алынып, курсты аяқтағаны туралы қағаз куәліктерді пайдалану тоқтатылған.