Мұнай емес, оны өңдейтін қуат тапшы: Әлемдегі дизель тапшылығы Қазақстанға әсер ете ме? - kaz.caravan.kz
  • $ 441.88
  • € 503.61
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мұнай емес, оны өңдейтін қуат тапшы: Әлемдегі дизель тапшылығы Қазақстанға әсер ете ме?

Мұнай емес, оны өңдейтін қуат тапшы: Әлемдегі дизель тапшылығы Қазақстанға әсер ете ме?

Әлемдегі дизель тапшылығы қайта күшейсе, бұл Қазақстандағы инфляцияға қысым жасауы мүмкін.

  • 27 Қыркүйек
  • 1
Фото: Андрей Титов / Бизнес Online / ТАСС

Бұл туралы экономист пікір білдірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Сарапшының пікірінше, мұнай өңдеу қуаттарының қысқаруы ең алдымен тасымал шығындарын арттырып, импорттық тауарлардың қымбаттауына әсер етеді.

Экономист бұл жағдайды әлемдегі екі соғыстың салдарымен байланыстырады. Оның айтуынша, қазір нарықта мұнайдың өзінен гөрі оны өңдейтін қуат тапшылығы сезіле бастаған.

«Халықаралық энергетикалық агенттіктің 11 қыркүйектегі есебіне қарасақ, қыркүйек басында АҚШ-та дизель мен газойль бағасы барреліне 200 доллардан асқан. Трамптың тыпыршып кеткені де содан еді. Дизель мұнайға қарағанда екі есе қымбаттаған», – деп жазды Айбар Олжаев.

Оның айтуынша, Украина, Ресей, Иран және араб елдеріндегі мұнай өңдеу нысандарына жасалған шабуылдар өндіріс көлеміне әсер етіп отыр. Ал дизель фракцияларын өндіретін гидрокрекингтік қондырғыларды қысқа мерзімде қалпына келтіру технологиялық тұрғыдан мүмкін емес.

«Енді мұнайдың өзі емес, оны өңдейтін қуат тапшы», – дейді экономист.

Әлемде мұнай өңдеу көлемі азайған

Айбар Олжаев Халықаралық энергетикалық агенттіктің деректерін келтіреді. Оның мәліметінше, тамызда әлемдегі мұнай өңдеу көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тәулігіне 4,2 млн баррельге азайған.

Ал Парсы шығанағы мен Ресейдің дизель және газойль бойынша жиынтық таза экспорты ақпанмен салыстырғанда тәулігіне 1,6 млн баррельге қысқарған.

Экономистің пікірінше, мұндай өзгерістер дизель бағасына ғана емес, одан кейінгі тауар бағаларына да әсер етуі мүмкін.

Дизель қымбаттаса, тауар бағасы да өсуі мүмкін

Ол дизельдің экономикадағы рөлі бензиннен өзгеше екенін атап өтті.

«Дизель бензин емес. Бензинсіз өмір сүруге болады. Себебі бензин жеке адамдардың көліктеріне арналған. Ал дизель бүкіл экономиканың күретамырында ағатын қан ретінде бағаланады», – деп жазды Айбар Олжаев.

Себебі дизельді фуралар, жүк көліктері, тепловоздар, тракторлар, комбайндар, арнайы техника және контейнер таситын алып кемелер пайдаланады.

Сондықтан дизель бағасының өсуі тасымал шығындарының артуына әкелуі мүмкін. Ал бұл шығындар тауарлардың түпкі бағасына әсер етеді.

«Енді қымбат дизель жол шығынын арттырып, оның барлығы тауарлардың бағасын көтеретіні айдан анық», – дейді экономист.

Қазақстанда дизель тапшылығы бола ма?

Айбар Олжаев бұл жағдай Қазақстанда дизель жетіспеушілігі болады дегенді білдірмейтінін атап өтті.

«Қазақстан шамамен 90-95 пайызға өзінің қажеттілігін жауып отыр. 2025 жылы отандық мұнай өңдеу зауыттары 6 миллион тоннадан астам дизель өндірген», – деп жазды ол.

Оның пікірінше, Қазақстан үшін негізгі тәуекел әлемдегі импорттық тауарлардың қымбаттауы арқылы келуі мүмкін.

«Тек әлемдегі импорттық тауарлар қымбаттап кетеді. Инфляция сол арқылы келуі мүмкін», – дейді экономист.

Сонымен қатар ол мұндай фактордың Қазақстан инфляциясына нақты қанша пайыздық тармақ қосатынын қазір жеке есеп жүргізбей айтуға болмайтынын атап өтті.

Айбар Олжаев бұған дейін Қазақстандағы гиперинфляцияға пандемия әсер еткенін еске салып, енді Ресей мен АҚШ бастаған соғыстың салдары қайтадан сезілуі мүмкін екенін жазды.

«Бұған дейін біздегі гиперинфляцияны пандемия жасап берген еді. Енді Ресей мен АҚШ бастаған соғыстың да жаңғырығы қайта тимек», – деп түйіндеді экономист.