Каспийдегі іздеу операциясы аяқталды: 14 әскери қызметші қаза тапты - kaz.caravan.kz
2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні
  • $ 441.89
  • € 502.56
+19 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Каспийдегі іздеу операциясы аяқталды: 14 әскери қызметші қаза тапты

Каспийдегі іздеу операциясы аяқталды: 14 әскери қызметші қаза тапты

Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде жоғалып кеткен екі әскери қызметшінің денесі табылды.

  • 25 Қыркүйек
  • 1
ФОТО: Cкрин с видео Lada.kz

Осылайша іздеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бүгін таңертең үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды.

Еске салайық, қайғылы оқиға оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауынан орын алып, нәтижесінде 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

«Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Қарулы күштерінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті жан-жақты, оның ішінде материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі», — делінген хабарламада.

Аман қалғандардың бірі — 2007 жылы туған Ақжол Теміралив. Ол қазір ауруханада ем алып жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалауда. Әскери қызметші өздігінен жүріп, тамақтанып, сөйлесе алады.

Әскери қызметшілердің қаза болу себептері тергеліп жатыр

Оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тергеу жалғасуда.

Бас прокуратураның мәліметінше, тергеушілер 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алған. Сонымен қатар қажетті құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, 12 сараптама тағайындалған.

Тергеу барысында қызметтік міндеттеріне салғырт қарады деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар да анықталды.

Тергеу нұсқасы бойынша, олар ауа райы жағдайын ескере отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және әскери қызметшілерді бақылауға тиіс шараларды толық орындамаған. Бұдан бөлек, құтқару жұмыстары да тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған деген күдік бар.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаға жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға тергеу қорытындысы бойынша беріледі.