Сот Қашаған операторының 2,3 трлн теңге айыппұлға қатысты талабын қанағаттандырмады - kaz.caravan.kz
  • $ 441.77
  • € 502.38
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
28 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сот Қашаған операторының 2,3 трлн теңге айыппұлға қатысты талабын қанағаттандырмады

Сот Қашаған операторының 2,3 трлн теңге айыппұлға қатысты талабын қанағаттандырмады

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қашаған кен орнының операторы NCOC компаниясының 2,3 трлн теңге көлеміндегі айыппұлды өндіріп алуға қатысты атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы талабын қанағаттандырмады.

  • 28 Қыркүйек
  • 1
Фото - Caravan.kz

Іс бойынша шешім 2026 жылдың 23 қыркүйегінде шығарылған. Компания мемлекеттік сот орындаушысының 21 шілдеде атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы шығарған қаулысын, 21 шілдеде жылжымайтын мүлікке және 22 шілдеде көлік құралдарына тыйым салу туралы қаулыларын, сондай-ақ 2026 жылғы 23 және 30 шілдеде белгілі бір әрекеттерді жасауға енгізілген тыйымдарды заңсыз деп тануды және күшін жоюды сұраған, деп жазды Inform.kz

Алайда сот NCOC-дің барлық талабын қанағаттандырудан бас тартты. Сот шешімі түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде апелляциялық тәртіппен шағымдануға болады.

Еске сала кетейік, Қашаған ірі мұнай жобасына қатысты 2,3 трлн теңге (5,1 млрд доллар шамасында) көлеміндегі талапты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2023 жылы күкіртті шамадан тыс сақтау фактілері бойынша енгізген.

Компания айыппұлмен келіспейтінін мәлімдеп, халықаралық төрелік рәсімдерге жүгінсе, Қазақстан тарапы сот шешімі заңды күшіне енгенін және оны орындау міндетті екенін атап өтті.

Атқарушылық іс қозғалғанна кейін Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов атқарушылық құжатты орындау мерзімі 2 ай екенін мәлімдеді. 

7 қыркүйекте 2,3 трлн теңге өндіріп алу үшін қозғалған атқарушылық іс уақытша тоқтатылды. Мұндай ақпарат атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпаратты жүйесінде белгілі болды. 

Әділет министрлігі қомақты қаржыны өндіру процесін тоқтауын NCOC компаниясы мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне шағымдануына байланысты Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты атқарушылық іс жүргізу материалдарын сұратуымен түсіндірді.