Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Оның 420 мыңға жуығы мектептерде, 100 мыңнан астамы мектепке дейінгі ұйымдарда, ал 43 мыңға жуығы колледждерде жұмыс істейді. Мұғалімдердің еңбегін ынталандыру үшін жалақы өсімімен қатар түрлі үстемеақы, сыйақы және марапаттау тетіктері қарастырылған. BAQ.KZ редакциясы Мұғалімдер күні қарсаңында бірқатар өңірдегі педагогтерге көрсетілетін қолдау шараларын сұрап білді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдан бері педагогтердің жалақысы екі есеге өскен. Бұдан бөлек, мұғалімдерге біліктілігіне, еңбек өтіліне, жұмыс жағдайына, тәлімгерлігі мен кәсіби жетістіктеріне қарай материалдық ынталандыру шаралары қолданылады.
Мәселен, ауылдық жерлердегі педагогтердің еңбекақысы қаладағы ұқсас лауазымдардағы мамандармен салыстырғанда кемінде 25%-ға жоғары белгіленген.
Мемлекет мұғалімдердің кәсіби жетістіктерін де ақшалай ынталандыру арқылы қолдайды. Атап айтқанда, халықаралық олимпиада жеңімпаздарын дайындаған педагогтерге сыйақы қарастырылған. Ал жыл сайын «Үздік педагог» атағын алған 10 мұғалімге 300 АЕК мөлшерінде сыйақы төленеді.
Сонымен қатар педагогтердің қоғамдық мәртебесін арттыру мақсатында мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтар беріледі. Бүгінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына 103 педагог ие болған.
Өңірлерде жағдай қандай?
Ақтөбе облысында педагогтерге кәсіби мереке қарсаңында ақшалай ынталандыру қарастырылған. Өңірде «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» атағына ие болған 3 педагогке, «Ақтөбе облысының үздік педагогы» атанған 5 мұғалімге және «Үздік педагог» конкурсының 10 жеңімпазына белгіленген тәртіппен ақшалай сыйақы төленеді. Осы мақсатқа биыл 27,68 млн теңге қарастырылған.
Алайда облыстағы барлық педагогке Мұғалімдер күніне орай жаппай біржолғы сыйақы беру облыстық бюджетте көзделмеген.
Жетісу облысында да барлық педагогке бірдей біржолғы төлем қарастырылмаған. Білім басқармасы өңір бюджетінің дотациялық сипаты мен қаржылық мүмкіндіктердің шектеулі екенін атап өтті.
Дегенмен үздік ұстаздар мен білім беру ұйымдарын ынталандыру жалғасады. «Жетісу ұстазы», «Үздік балабақша», «Үздік сынып жетекшісі», «Үздік ауыл мектебі» байқауларының жеңімпаздары ақшалай марапатталады. Мәселен, бірінші орын иегеріне 1 млн теңге, екінші орынға 500 мың теңге, үшінші орындарға 300 мың теңгеден сыйақы қарастырылған.
Қызылорда облысында Мұғалімдер күніне орай 600-ге жуық ұстазға облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымының бірлескен Құрмет грамотасы және бағалы сыйлық табысталады.
Сонымен қатар мерейтой иелеріне, зейнетке шыққан білім саласының басшыларына сыйлықтар табысталады. Халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлде алған оқушылардың жетекшілері, кәсіби байқауларда үздік нәтиже көрсеткен 32 ұстаз және білім беру ұйымдарындағы 33 номинация иегері кәсіподақтың қолдауы ретінде «Сарағаш» шипажайына тегін жолдама алады.
Астанада Мұғалімдер күніне орай педагогтерге біржолғы ақшалай төлем қарастырылған. Ол білім беру ұйымдарында үнемделген қаражат есебінен педагогтердің кәсіби нәтижелері, білім саласына қосқан үлесі және еңбектегі жетістіктері ескеріле отырып төленеді.
Қалада 2026-2027 оқу жылында 31 544 педагог еңбек етеді. Оның 21 700-і мемлекеттік білім беру ұйымдарында жұмыс істейді. Биыл әкімдік гранты бойынша педагогикалық мамандықтарды тәмамдаған 422 жас маман білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылданған.
Солтүстік Қазақстан облысында да сыйлықақы бюджетте жеке бап ретінде алдын ала бөлінбейді. Ол мемлекеттік мекемелерді ұстауға арналған қаражаттың үнемделуі есебінен беріледі. Облыстық білім басқармасы басшысының Мұғалімдер күніне орай сыйлықақы беру туралы бұйрығы білім бөлімдеріне жіберілген.
Бұдан бөлек, мерекеге орай өңір педагогтері түрлі мемлекеттік, ведомстволық және жергілікті марапаттарға ұсынылған. Атап айтқанда, 4 педагог «Құрмет» орденіне, 3 педагог «Ерен еңбегі үшін» медаліне, 6 педагог «Еңбек ардагері» медаліне ұсынылған. Сонымен қатар «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен – 2, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен – 3 педагог марапатталады.
Ал облыстың 12 педагогіне «Мағжан Жұмабаев» ерекшелік белгісі табысталады. Білім басқармасының Құрмет грамотасымен 135, Алғыс грамотасымен 125 қызметкер марапатталады.
Ақмола облысында Мұғалімдер күні қарсаңында педагогтер мен білім беру саласының ардагерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталады. Олардың қатарында «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, Оқу-ағарту министрлігінің медальдары мен төсбелгілері бар.
Сонымен бірге 2020 жылдан бері өңірде педагогтерге арналған жергілікті ерекшелік белгілері табысталып келеді. Олар ақшалай сертификаттармен сүйемелденеді. Атап айтқанда, «Педагогтің кәсіби міндеттерін үлгілі орындағаны үшін» құрметті атағы және «Педагогтің адал еңбегі үшін» жергілікті ерекшелік белгісі беріледі.
Шымкентте мерекелік іс-шара барысында білім саласына үлес қосқан, оқушыларын халықаралық және республикалық олимпиадаларға, спорттық жарыстар мен түрлі байқауларға дайындаған үздік педагогтер марапатталады. Оларға мемлекеттік наградалармен қатар Оқу-ағарту министрлігінің салалық наградалары және қала әкімінің Алғыс хаттары табысталады.
Ал Қарағанды облысында Мұғалімдер күніне орай төленетін сыйақы әр білім беру ұйымы бойынша жеке белгіленеді. Ол облыстық бюджеттен бірыңғай мөлшерде төленбейді, ұйымның өзінде үнемделген қаражат есебінен жүзеге асырылады. Мерекелік іс-шараларда үздік педагогтерге Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар, ведомстволық марапаттар мен басқа да ерекшелік белгілері табысталады.
Шығыс Қазақстан облысында да сыйақы төлеу білім беру ұйымының қаржылық мүмкіндігіне және бюджет қаражатының үнемделуіне байланысты. Яғни Мұғалімдер күніне орай сыйақы беру заң бойынша міндетті төлем болып саналмайды. Үнемделген қаражат болған жағдайда шешімді әр білім беру ұйымы жеке қабылдайды.
Ал Ұлытау облысында барлық педагогке жаппай біржолғы ақшалай төлем қарастырылмаған. Дегенмен өңірде «Үздік педагог», «Ұлытау білім үздігі», «Үздік білім беру ұйымы» сияқты байқаулар өткізіліп, олардың жеңімпаздарына облыстық бюджет есебінен ақшалай сыйақы беріледі. Сонымен қатар үздік педагогтер Оқу-ағарту министрлігінің және облыс әкімдігінің ведомстволық наградаларымен марапатталады.
Абай облысында болса, Мұғалімдер күніне орай өңір педагогтеріне біржолғы сыйақы немесе ақшалай ынталандыру төлемдерін төлеуге облыстық бюджетте қаражат көзделмеген.
Алматы қаласында да мұғалімдерге мерекеге орай жергілікті бюджеттен орталықтандырылған біржолғы төлем қарастырылмаған. Алайда білім беру ұйымдарында қаражат үнемделіп, тиісті талаптар сақталған жағдайда сыйақы беру туралы шешім ұйымның өзінде қабылдануы мүмкін. Оның мөлшерін де білім беру ұйымы белгілейді.
Қолдау тек мерекелік сыйақымен шектелмейді
Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді қолдау тек Мұғалімдер күніне арналған төлемдермен шектелмейтінін атап өтті.
2025-2026 оқу жылында білім беру ұйымдарына 10 мыңнан астам жас маман жұмысқа орналасқан. Олардың 2 мыңнан астамы – «Алтын белгі» иегері.
Педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттердің стипендиясы соңғы бес жылда екі есеге өсіп, 2025-2026 оқу жылының басынан бастап 84 мың теңгеге жетті.
Сонымен қатар 2023-2026 жылдары «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында 983 педагог кадрлық резервке енгізілген.
Педагогтердің біліктілігін арттыруға да басымдық беріліп отыр. 2026 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 62 273 педагогті оқыту жоспарланған. Қазірдің өзінде 49 858 педагог біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Бұдан бөлек, 340 мыңнан астам педагог жасанды интеллектіні қолдану бойынша біліктілігін арттырған, жыл соңына дейін тағы 100 мыңға жуық мұғалімді оқыту жоспарланған.
Осылайша, биылғы Мұғалімдер күні қарсаңындағы өңірлердің жауаптары педагогтерге берілетін қолдаудың бірыңғай форматта емес екенін көрсетеді: бір жерде ақшалай сыйақы мен сертификаттар табысталса, кей өңірлерде кәсіби байқау жеңімпаздары ынталандырылады, ал бірқатар облыста жаппай біржолғы төлем бюджетте қарастырылмаған. Алайда педагогтерге заңнамада белгіленген жалақы, қосымша ақылар мен үстемеақылар жалпы тәртіппен төленеді.